ШЫМКЕНТТІҢ ДАМУ ДИНАМИКАСЫ ЖОҒАРЫ

164
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте қаланың мегаполис мәртебесін алғаннан бергі негізгі даму көрсеткіштері мен осы жылдың алты айлық қорытындысын баяндады.

Әкім соңғы 4 жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға, қала бюджеті 4 есеге өскенін айтты.

«Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд теңгеден 785,4 млрд теңгеге ұлғайды. 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. Сонымен бірге 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, оның 1 миллионы өткен жылы берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Ал, қала бюджеті 146,2 млрд теңгеден 573,7 млрд теңгеге дейін артты. Осы уақыт ішінде 673,4 шақырым жол жөнделді. Бұл – алдыңғы 8 жылмен бірдей» деді М.Әйтенов.

«Биыл қаламызда «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 24 мыңға жуық мұғалімнің еңбекақысы 25 пайызға, 17 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы
20 пайызға, денсаулық сақтау және спорт салаларында еңбекақы 25 пайызға өсті»,-деді қала әкімі. Жалпы Шымкент қаласында 2022 жылдың І тоқсанында орташа жалақы 23,3 пайызға өсіп, 216867 теңгені құрады.

Айта кету керек, биыл Шымкент қаласының экономикасына тартылатын тікелей инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. 2022 жылдың 5 айында 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылып үлгерген. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов хабарлады.