«КҮМІС ҚАЛАМ» ИЕГЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

125
0

Шымкент қаласы соңғы уақытта іскерлік орталық болумен қатар, мәдени шараларды өткізу бойынша да өзге өңірлерден оқ бойы озық келе жатыр. Мәселен, биыл үшінші мегаполисте жас ақындар арасында «Күміс қалам – 2022» байқауы ұйымдастырылды. Қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жас ақындар қатысты.

Шараның негізгі мақсаты — тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерді насихаттау, әдеби үрдісте дарынды жас ақындардың жарқырап көрінуіне жол ашу. Сондай-ақ жас таланттар мен оқырмандардың, әдебиеттегі аға буын мен жас толқынның ұрпақтар сабақтастығын жалғау, олардың ақындық қабілеттерін шыңдау. Жал таланттардың ақындық қабілетін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы Абай Қалшабек, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» мүшесі Бекмұрат Анарбаев бағалады.

Шара қорытындысы бойынша І орын «Есенғали Раушан» атындағы арнайы жүлде қостанайлық ақын Дәулет Жадырасынға бұйырды. ІІ орынды «Әбілдә Аймақ» атындағы арнайы жүлде шымкенттік Бейбітбек Ақбота еншілесе, ІІІ орын «Тынышбаев Рахым» атындағы арнайы жүлдеге жезқазғандық Оралбай Аружан лайықты деп танылды. Бұдан бөлек, «Жәркент Бөдеш» атындағы арнайы жүлде оралдық Мерсадықов Алтыбекке, «Аманхан Әлім» атындағы арнайы жүлде Тұрғанбек Нұртасқа бұйырды.

Жас ақындар байқауы жоғары бәсекемен өтті. Мәдени шараның жас ақындардың қабілетін ұштап, дарынын дамытудағы маңызы да айрықша екенін айта кету керек. Жалпы Шымкентте мұндай шаралар үнемі ұйымдастырылып келеді. Бұл, біріншіден, үшінші мегаполистің мәденит саласында игі бастамалардың көтеріліп келе жатқанын аңғартса, екіншіден, қаладағы жас ақындарды таныта түсуге тағы да бір түрткі болып отыр.