ЖИЫНДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

95
0

Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясы өтті. Күн тәртібіне сәйкес Шымкент қаласында білім берудің сапасын арттыру және жаңа оқу жылына дайындық, жылу маусымына дайындық шаралары, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалуы, Шымкент қаласында құрылған бесінші ауданға атау беру, сонымен бірге бірқатар мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі көтерілді.

Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева биыл 24 жаңа мектеп пайдалануға берілетінін, нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны  9-дан 5-ке төмендейтінін айтты. Сонымен қатар бұл жылы өткен жылға қарағанда 1-сыныпқа баратын балалар саны 3 мыңға артқан. Бастауыш сынып оқушылары толығымен осы жылы да бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Ал энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы қаладағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары 20 қыркүйекке дейін толығымен аяқталатынын жеткізді. Бүгінде жылу қазандықтары 80 пайызға, сорғы стансалары 82 пайызға, көп қабатты үйлер 74 пайызға дайын.

Жиынның қорытынды сөзінде шаһар басшысы Мұрат Әйтенов жаңадан құрылған бесінші ауданға «Тұран» атауының берілуі тарихи тұрғыдан ерекше шешім екенін атап өтті. Нақтырағы «Құрылған жаңа «Тұран» ауданы қаламыздың оңтүстік-батыс бөлігінің дамуына ықпал етеді деп сенемін. Сонымен бірге, сессияда бағалау аймақтарындағы жер учаскелері базалық ставкаларының түзету коэффициенттері; қоршаған ортаға эмиссия мөлшерлемелері; мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу мөлшері бекітілді; абаттандыру қағидалары; коммуналдық қалдықтардың түзілуі және жинақталу нормалары бекітілді; «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру Қағидасына» өзгерістер енгізілді. Қабылданған шешімдер қаламыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына оң серпін береді деп сенемін» деді ол.