4 ЖЫЛДА ҚЫРУАР ІС ТЫНҒАН

140
0

Шымкент қаласының облыстан бөлініп шығып, республикалық қала мәртебесіне ие болған уақыттан бері қыруар іс қолға алынып келе жатыр. Қалада құрылыс қарқыны күрт артты. Заманауи әрі биік ғимараттар бой көтеріп, әлеуметтік нысандардың қатары қалыңдады. Мәдениет мекемелеріне де айрықша назар аударылып, материалдық-техникалық базасы кеңейді.

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жетекшілігімен инженерлік-коммуникациялық желілер мен көлік инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру, тұрғындарды бұқаралық спортқа баулу, жалпы, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында өте ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Үшінші мегаполистің даму қарқынын көрсететін ірі жобалардың бірі — «Шымкент Сити» шағын ауданының құрылысы. Шаһардың солтүстік бөлігіндегі 427 гектар алаңды алып жатқан жаңа шағынауданның құрылысына мемлекеттік бюджеттен 27 млрд теңге бөлінген. Шағынауданда инженерлік инфрақұрылымның барлық түрлері жүргізілген.

Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 204 мың шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлер салынған. Жалпы 39 көпқабатты тұрғын үй немесе 2 338 пәтер және 1 орта мектеп бар. Қазірдің өзінде мұнда 10 мыңға тарта тұрғын өмір сүріп жатыр. Қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, жоба шеңберінде 2026 жылға дейін қалаға 432 млрд теңге мөлшерінде жеке инвестициялар тартылады. Жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй немесе жалпы ауданы 1,6 млн шаршы метрлік 27 500 пәтер пайдалануға беріледі.

Мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп салынады. Оның бірі дарынды балаларға арналған физика-математика мектебі болады деп жоспарланған. Мұнан бөлек балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл ашылады. Мұның барлығы мемлекеттік бюджеттің қаржысы пайдаланылмай, жеке инвесторлар есебінен жүзеге аспақ. Қазір «Шымкент Сити» аумағына 15 инвестор тартылған. Олардың арасында «BI Group», «Отау Строй», «Орда Инвест Групп», «Оңтүстік Құрылыс Сервис» сияқты отандық компаниялар бар. Бұдан бөлек, заманауи көпқабатты тұрғын үй, бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, саябақ салуға шет мемлекеттердің де компаниялары тартылуда. Мамандардың айтуынша, аталған жобаның құрылыс материалдарын жергілікті тауар өндірушілер өндіретінін ескерсек, «Шымкент Сити» жобасы қаладағы өнеркәсіпті дамытуға да зор әсерін тигізбек. Қорыта айтқанда, қаланың әлеуеті артып, инженерлік инфрақұрылым мәселесі кезең кезеңімен шешіліп келе жатыр. Мұның өзі республикалық қала мәртебесін беру бастамасының жемісін көрсетеді.