«BARCAMP–2022» ШАРАСЫ ӨТІП ЖАТЫР

100
0

«BARCAMP–2022» іс-шарасы Шымкент қаласында басталып, табиғат аясында жалғасын таппақ. Азаматтық қоғамның дамуына арналған ауқымды бастама алғаш рет қызықты форматта ұйымдастырылып отыр. Бас-аяғы үш күнге созылатын шараға еліміздің барлық өңірімен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің үкіметтік емес ұйымдары, мемлекеттік делегаттары мен қоғам белсенділері қатысуда.

Үшінші мегаполистегі «Азаматтық ресурстық орталық» алаңында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шара қатысушылары мен шетелдік үкіметтік ұйым өкілдері бас қосып, өзара танысты. Алғаш болып сөз алған Шымкент қалалық Азаматтық Альянс төрағасы Жұмағали Білісбеков қатысушыларды таныстырып өтті. Одан кейін көпшілікке «BARCAMP–2022» модераторлары мен іс-шараның жалпы бағдарламасы таныстырылып, шымкенттік және басқа қалалардағы үкіметтік емес ұйымдар өздері туралы баяндады.

«Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері болып табылатын үкіметтік емес ұйымдар болып, бірігіп, әрі қарай азаматтық қоғамды дамытуға қажет стратегиялық бағыттарды анықтау, қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар мен кеңестерді талқылау. Үш күндік ақылдасу барысында азаматтық қоғамды дамытуға қатысты пәрменді шаралар анықталады деп күтіп отырмыз. Пікірталас арқылы нақты қадамға келу – маңызды» дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің басқарма басшысы Жанаргүл Әлжанова.

Бүгінгі шарадан кейін қатысушылар Төлеби ауданына жол тартады. Онда екі бойы өтетін тимбилдингте азаматтық қоғамды дамыту тақырыбы талқыланбақ. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Айгүл Қапбарова мен Ғани Ташқараев, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары мен ірі бизнес өкілдері қатысады деп жоспарлануда.