25 ТАМЫЗҒА ДЕЙІН МАГИСТРАТУРАҒА ТҮСКЕНДЕР ТІЗІМІ ЖАРИЯЛАНАДЫ

Жуырда мектепті бітірген түлектердің грант конкурсының нәтижесі жарияланған болатын. Енді алдағы аптада магистратураға кімдердің түскені турасындағы ақпарат белгілі болмақ.

«Магистратурада білім алуға бүгінде республика бойынша 17 мыңға жуық адамнан өтініш келіп түсті. Грант иегерлерінің тізімі Ғылым және жоғары білім министрлігінің телеграм-каналында 25-тамызға дейін жарияланады» делінген аталған ведомствоның мәліметінде. Сонымен қатар қазіргі кезде докторантураға түсу емтихандары жүріп жатыр. Бұл емтихандар 20 тамызға дейін жалғасады. Оның нәтижесі келесі күні докторантураға түсетін адамның «Жеке кабинетінде» жарияланады. Ал апелляцияға арналған өтініш нәтиже жарияланғаннан кейін келесі күні аймақтық тестілеу орталықтары базасында қабылданады.
Бұған дейін магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы 16-20 тамыз аралығында өтетіні хабарланған болатын. Айта кету керек, 2022-2023 оқу жылына магистратура бойынша 13 мыңнан астам грант бөлініп отыр. Ал докторантураға түсу емтихандары осы аптада басталды.

«Уақыт».