МҰРАТТЫҢ ШЫҒАР БИIГI АЛДА

418
0

Мұрат Әбiлбайұлы жас та болса бас бола бiлетiн, төңiрегiне үнемi шуағын шашып, қолынан келген көмегiн көрсетуге әзiр жүретiн азамат. Туып-өскен жерi ШҚО Семей қаласы болса да, Оңтүстiктi ол ешнәрсеге айырбастағысы келмейдi. Небәрi 3 жасында Шымкентке келiп қоныстанған Мұрат бүгiнде өзiн Оңтүстiктiң төл тумасымын деп есептейдi. Жасы 27-дегi азамат Корпорация «ERNUR» ЖШС-нiң тарату бөлiмiнде экономист-бухгалтер қызметiн атқарады. Ол еңбек жолын аталмыш мекемеде ең алғаш 2003 жылы жүкшi қызметiнен бастаған екен. Бiлiмi жоғары. Халықаралық қазақ-түрiк университетiн «қаржы» мамандығы бойынша бiтiрген.

Баспаханада басылып шығатын барлық басылымдардың өз оқырмандарына дер кезiнде жеткiзiлуiне Мұрат Әбiлбайұлы үнемi көңiл бөлiп, бақылап отырады. «Әке көрген оқ жонар» демекшi, жастайынан әкесi Әбiлбайдың жанында жүрiп, газет шығару iсiне  машықтанып қана қоймай, басылымдармен байланыс орнату iсiнде мол тәжiрибе жинақтаған Мұрат Шымкент қаласындағы осы серiктестiкке қарасты дүңгiршiктердiң санын арттыруға ден қойды. Себебi, шығарылып жатқан басылымдардың да оқырмандардың қолына дер кезiнде тиюiне, сатылуына атсалысуы керек екенiн түсiнедi. Мұраттың алға қойған мақсаты мен жоспары көп-ақ. Оның бiрi – өңiрде жарық  көретiн басылымдардың сапасы мен таралымын арттыруға күш салу. Әр басылымның атаулы күндерiне, қаламгерлердiң кәсiби мерекесiне байланысты Мұрат солармен бiрге болуға, қуаныштарын бiрге бөлiсуге тырысады. «Уақыт» гзетiнiң де бiр жылдық атаулы күнiне орай ол газет ұжымына көл-көсiр тiлек арнап, беделiмiздiң биiктей беруiне ықылас танытты. Жанашыр азаматқа бiз де толағай табыс, еңбегiне сәттiлiк тiлеймiз.

 

Асхат СҰЛТАНОВ.