СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕ АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРЫЛЫП ОТЫР

83
0

Жемқорлық – қоғамның тамырына түскен жегі құрт. Сан түрлі салаларды тоқыратып, елдің дамуын тежейтін осы бір дертпен күрес қарқын алуы тиіс. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алмай қоғамның дамуы екіталай, алға жылжуы қиын. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде бірқатар шаралар қабылданып, жүзеге асып келеді. Жер-жерде халықтың қаржылық һәм құқықтық сауатын арттыру бағытын көздейтін бастамалар қолға алынуда.

Мәселен, қазіргі таңда Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында іс-шаралар өтуде. Аталған жобаның мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес — өзекті мәселе. Сыбайлас жемқорлықпен күресте, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына деген сенімін нығайту бүгінгі таңдағы басты міндет. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып саналады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тақырыбы аясында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда арнайы семинарлар, дөңгелек үстелдер мен байқаулар өтуде. Атап айтқанда үздік шығармалар мен мақалалар байқауы, «Парасатты отбасы-2022» онлайн байқауы ұйымдастырылуда. Оған қомақты жүлде қоры қарастырылған. Байқауларды өткізу мерзімі 10 қарашаға дейін.

Жалпы, мұндай іс-шаралар әр мемлекеттік салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын нәтижелі жүргізуге, әр азаматтың құқықтық мүддесін қорғауға, алдын ала жемқорлық іс-әрекеттерден қорғауға, мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.