АДАМ САУДАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ІС-ШАРАЛАР НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

110
0
Адам құқығы қанша дамығанымен, адам саудасы сынды ауыр қылмыстардың қатары қалыңдап келе жатыр. Бұл дамушы мемлекеттерді былай қойғанда, дамыған мемлекеттердің де негізгі мәселесіне айналып отыр. Бүгінде жыл сайын еліміздің жүздеген азаматы құлдықтың қамытын киіп, өзгенің қысымына ұшырайды. Әлеуметтік желі мен интернет ресурстарда жиілеп кеткен жарнамалардың кесірінен талай адам зорлық-зомбылыққа ұшырауда. Сондықтан елімізде аталған құқықбұзушылық түрімен күрес қарқынды жүргізіліп келе жатыр.  
Атап айтсақ, жуырда Шымкентте адам саудасының алдын алу бойынша іс-шаралар науқаны бастау алды. Басты мақсат — адам саудасының алдын алу, аталған қылмысқа қарсы күресті күшейту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Адам саудасы бұл ауыр қылмыс және адам құқығын өрескел бұзу болып табылады. Жыл сайын мыңдаған ерлер, әйелдер мен балалар үйде де, шетелде де адам саудасымен айналысушылардың қолынан зардап шегеді. Бұл біз өмір сүріп отырған қоғамдағы жасырын тұрған қылмыс. Күн сайын жүздеген адамдармен кездесетін көшеде ақша сұрайтын балалар мен ересектер осындай сауданың құрбаны болуы мүмкін. Бірақ олар көмек алу үшін қайда шағымданатынын білмейді. Әлемнің барлық елдері адам саудасынан зардап шегеді және бұл қылмыстың құрбаны болуы әбден мүмкін.
Шымкентте бастау алған бұл жоба биыл қазан-қараша айларын қамтиды. Қала көшелеріне адам саудасы туралы ақпарт жазылған арнайы билбордтар ілініп, тұрғындарға буклеттер, парақшалар, футболкалар мен кепкалар таратылады. Адамдар осындай ақпараттар арқылы не істеу қажет екенін ескереді. Егер сіз адам саудасы фактілермен кездескен жағдайда 102 сенім нөміріне хабарласуыңызға болады. Адам құқығы — демократиялық қоғамдағы ең маңызды мәселе. Сондықтан бұл түйткілге бей-жай қарауға болмайтынын ескертеміз.