ШЫМКЕНТ: ДӘРІГЕРЛЕР АРДАГЕРЛЕРДІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУДЕН ӨТКІЗУДЕ
Шымкентте дәрігерлер Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қал-жағдайын біліп, оларға кеңестер беріп, қажетті емдеу шараларын тағайындады, деп хабарлайды uakit.kz.
Қаланың білікті мамандарынан құралған дәрігерлер тобы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне арнайы барып, медициналық көмек көрсетуде. Профилактикалық шара кезінде кезінде ақ халаттылар егде жастағыларға медициналық кеңес қана беріп қоймай, диагностикалық тексеруден өткізді.
Ардагерлердің үйінде болған, дәрігерлер құрамында білікті терапевт, хирург, кардиолог, невропатолог, психолог, әлеуметтік көмек көрсететін мамандар бар. Профилактикалық шара кезінде медицина қызметкерлері ЭКГ, қан сараптамасын алып, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Медициналық тексеру қорытындысы бойынша дәрігерлер қарттарға нақты кеңестер беріп, қажетті емдеу шараларын тағайындады.
Шымкент қаласы бойынша 4 ҰОС ардагері диспансерлік есепте тұрады. Егде жастағы азаматтар жоспар бойынша жылына екі рет медициналық тексеруден өтіп, көп жағдайда стационар қызметкерлері үй жағдайында медициналық көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, денсаулық жағдайына байланысты шипажайға тегін жолдама арқылы сауықтырудан өтіп, қарт кісілерге қажетті дәрі-дәрмектерді медицина мамандары үйіне жеткізіп береді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында қазір таңда 85 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 4-і ҰОС ардагері болса, тыл еңбеккерінің жалпы саны 2 364 құрап отыр. Қыркүйек айының өзінде 2 700 зейнеткер сауықтыру шипажайына жолданды. Одан бөлек, қаламызда үш «Белсенді өмір сүру» орталығы өз қызметін ардагерлерге ұсынуда. Қазіргі кезде онда 715 ардагер жартылай стационарда әлеуметтік-медициналық қызметтерді алуда. Орталықта 2019 жылы 15 түрлі қызмет көрсетілсе, 2021 жылдан бастап қызмет түрі 27-ге көбейді.