ӘЛ-ФАРАБИДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ

103
0

Әл-Фараби ауданында 207,7 мыңнан астам халық тұрады. Жыл соңына дейін сапалы ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен қамту көлемін 100%-ға, 2023 жылға қарай кәріз жүйесімен қамту көлемін 91 %-ға ұлғайту көзделген. Бұл туралы аудан әкімі Рашид Мыңбаев шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің аудан тұрғындарымен кезекті есепті кездесуінде айтты.

«Былтырғы  жылы сапалы ауыз сумен қамту бойынша «Сәуле» ш/а, «Асар-2» ш/а жұмыстар жүргіздік. Жыл соңына дейін «Текесу» т/а желілік жұмыстарын аяқтап, аудан тұрғындарын толығымен ауыз сумен қамтитын боламыз»-деді аудан әкімі. Сонымен қатар Рашид Мыңбаев «Сәуле» мен «Асар-2» шағын аудандарындағы құрылыс жұмыстары таяуда аяқталып, аудан тұрғындары табиғи газ және электр энергиясымен толық қамтамасыз етілетінін айтты.  Аудан көлеміндегі бірқатар көшелерде кәріз жүйесі іске қосылатын болады. Биылғы жылы Шолохов және Хлопзавод көшелері бойындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы жылы Түркістан, Ақжайық, Химфарм шағынаудандарында кәріз жүйесін жүргізетін 2 жобаның құрылысы басталады.

Айта кету керек, қала әкімі Мұрат Әйтенов жуырда Тұран шағынауданындағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысын тексеріп, халықпен кездескен болатын. Тұран шағынауданын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары былтырдан бері қарқынды жүргізілуде. Жалпы құрылыс барысы 2 кезеңге жобаланған. Бүгінге дейін 86% орындалып, қалған жұмыс қазан айында толық аяқталады. Одан соң абоненттеу жүргізіліп, 3058 тұтынушы сапалы электр қуатымен қамтылады. Бұған қоса жалпы ұзындығы 11,6 шақырымды құрайтын магистралдық кәріз коллекторының құрылысы бітті. Қазіргі таңда ішкі орамдық кәріз жүйесі салынуда, жыл соңына дейін аяқталатын болады. Бұдан соң әкім Тұрандағы газ құрылысын тексерді. Екінші кезек бойынша жұмыстың 90 пайызы орындалып, қазан айы басталғанша №14-29 кварталда орналасқан көпқабатты және 504 жеке тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылады. Ал үшінші кезек бойынша, құрылыс жұмысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Бүгінгі күнге 40 пайызға атқарылды. Жалпы Тұран шағын ауданындағы 2554 тұрғын үйге 2023 жылы газ құбыры толық тартылып бітеді. Жұмыстардың жоспарғай сай және сапалы орындалуын талап еткен қала басшысы жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.