ШЫМКЕНТ ЖАҢҒЫРҒАН МЕРЕКЕДЕ ЖАҢА ГҮЛЗАРМЕН ТОЛЫҚТЫ
Шымкент Республика күніне орай тағы бір гүлзармен толықты, деп хабарлайды Uakit.kz.
Әрбір азамат қоршаған ортаны таза ұстау, оны абаттандыру, көгалдандыру ісіне үлкен жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Шымкенттіктердің тынығып, серуендеуі үшін бүігне қала аумағында бірқатар саябақтар мен гүлзарлар салынды. Енді қала тұрғындарына тағы бір гүлзар пайдалануға берілді. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, нысанды ел игілігіне тапсырды. Шара барысында «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақсатпен қала әкімі көшеттерді отырғызып, көшет түбіне су құйды. Аталған нысан Қазыбек би-Есенберлин көшелерінің қиылысында, Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен А.Пушкин атындағы кітапханаға жақын маңда орналасқан.
Гүлзарда тұрғындар үшін яғни демалып, тынығуына барлық жағдайлар қарастырылған. Онда орындықтар, қоқыс жәшіктері, арнайы ағаштан жасалған “pergola” (шатыр), селфи аймағы, әткеншектермен заманауи стилді жарықшамдар орнатылған. Ал тақтатастары фортепиано пернелері іспеттес төселген.
Нысанның ресми ашылуында шаһар басшысы барша жұртқа жүрекжарды лебізін жеткізе отырып, “Қазақстан — қуатты мемлекет. Бұл күнге оңай жетпегеніміз тарихтан белгілі. Барымызды бағалап, туған жердің қадіріне жете білейік. Туымыз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!”-деді.
Айтып өтейік, жаңа гүлзар орнында бұрын «Адвокаттар алқасының» ғимараты бар болатын. Нысан өртеніп кеткен соң барлығы сүрілген. Енді бұл жер тұрғындар тынығатын аймаққа айналды.
Бұдан соң қала әкімі жаңадан ашылған А.Пушкин кітапханасына арнайы барып, ішін аралап, кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысып көрді. Қызметкерлерді Ұлттық мейраммен қатар келген кәсіби мереке — кітапханашылар күнімен құттықтап, жұмыстарына жеміс тіледі.