АПАТТЫ АЛДЫН АЛУҒА КӨП КӨҢІЛ БӨЛІНУ КЕРЕК
Биыл Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 27 жыл толып отыр. Құтқарушылардың кәсіби мерекесі қарсаңында олардың атқарған жұмыстарына шолу жасалынып, еткен ерен еңбектері тағы бір екшеле түсетіні айдан анық. Сол кезде ең бірінші кезекте ойға келіп, тіл ұшына оралатыны Арыстағы әскери қоймада болған жарылыс, Мақтарал ауданындағы техногендік, Төлеби ауданында болған табиғи су тасқыны кезіндегі құтқарушылардың жергілікті басшылық бекіткен «Алтын сағат» тәжірибесі бойынша едел-жедел атқарған жұмыстары. Иә, жоғарыда айтып өткен оқиғалар біздерге «апат – айтып келмейді» деген сөздің зор маңызға ие екенін тағы бір рет дәлелдей түсті. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін төтеншеліктердің табиғи және техногенді апат кезінде халықты құтқару шараларын дер кезінде әрі өз деңгейінде атқаруына көп көңіл бөліне бастады. Осы мақсатта Түркісан қаласында қандай жұмыстардың қолға алынғаны туралы сұрақтарымызды қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар СЕЙСЕНОВКЕ жолдаған едік.
– Асқар Әмірханұлы жуырда Сіз ағымдағы жылдың 9 айында өрт оқиғасы бойынша 71 әкімшілік іс қаралғанын атап өттіңіз. Соның негізінде жеке және заңды тұлғаларға ескерту беріліп айыппұлдар салынған. Осы жөнінде тарқатып айтып беріңізші. Олар жіберген қателік неде?
– Түркістан қаласы аумағында өрт оқиғасы бойынша 71 әкімшілік іс қаралды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 410 бабының 1 тармағымен 1 лауазымды тұлға, 43 жеке тұлғаға, 15 заңды тұлғаға «ескерту» берлілді. Аталған заңның 410 бабының 2 тармағымен 2 заңды тұлғаға 306300 тенге «айыппұл» салынды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 410 бабының 3 тармағымен 2 заңды тұлға 122 520 тенге «айыппұл», 3 жеке тұлға 61260 тенге «айыппұл», 1 лауазымды тұлға 30630 тенге «айыппұл» арқалады. ҚР ӘҚБтК 336 бабымен 1 заңды тұлғаға 306 300 тенге «айыппұл», 1 жеке тұлға 30630 тенге «айыппұл» салынды. Өз кезегінде олар өрт қауіпсіздігі талаптарын белден басты. Атап айтқанда, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, ұйымдарда, ғимараттарда, құрылысжайларда, құрылыстарда, тұрғын үйлерде, қоғамдық орындарда, ауыл шаруашылығы алқаптарында, технологиялық қондырғыларда, жабдықтарда, агрегаттарда және өзге де мүлікте Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау, адамның денсаулығына зиян келтірген немесе айтарлықтай залал келтiрген өрттiң шығуына алып келген әрекеттер үшін тиісті шаралар көрілді.
– Жылыту маусымы да келді. Осыған байланысты әлеуметтік жағдайы төмен біраз отбасылардың үйіне улы газды анықтайтын дабылқаққыш орнатылды. Сіз өз есебіңізде қалада мұндай санатта 500-ге жуық отбасы бар деп келтіргенсіз. Бірақ оның бәрі газосигнализатормен қамтылмады. Осы ретте қауіпті алдын алу үшін олардың барлығын газосигнализатормен қамтылуына не кедергі? Сіздер тарапынан қандай да бір ықпал жасауға болады ма?
– Түркістан қаласы мониторинг және жедел әрекет ету орталығы қала аумағындағы әлеуметтік жағдайы төмен 482 отбасылар тізімін Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына ұсынған. Осы аталған отбасыларға «Сауран», «Отырар», «Яссы», «Шауғар», «Бекзат», «Бірлік» секторларының мамандары газосигнализатор құрылғысы орнатылғандығы бойынша аралау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 129 отбасыда газосигнализатордың құрылғысы жоқ екенін анықталды. Осыған орай, қала аумағындағы 6 сектор бойынша анықталған әлеуметтік жағдайы төмен 129 отбасыға улы газды анықтайтын газосигнализатор құрылғысын орнатуға қала әкімдігіне ұсыныс хат жолдадық.
– Жыл басында нөсер жаңбыр салдарынан қаланың біраз учаскелеріне су жиналу оқиғасы тіркелді. Бұл шаһар тіршілігі үшін қаншалықты қауіпті? Мұндай жағдай қайталанбас үшін Сіз өз есебіңізде Р-32, Р-33 осы каналдарындағы жарамсыз шлюздерді қалпына келтіру қажеттігі туралы мәселе көтердіңіз? Бұл талабыңыз қолдау тапты ма?
– Түркістан қаласында ағымдағы жылдың 12-сәуіріндегі, 16 және 26 шілде күндері су басу фактілері орын алған. Яғни, тоқтаусыз жауған жаңбыр салдарынан қала аумағында су ағарлар (лотоктар) суға толып көше бойларын су басты. Оның негізгі себебі Р-32, Р-33 осы каналдардағы шлюздардың жарамсыз жағдайда болғаны. Осыған байланысты жергілікті билікке тиісті ұсыныстар берілді. Бұл мәселе алдағы уақытта мәслихат қарауына ұсынылатын болды. Қазіргі танда, 6 сектор аумағында әр канал, арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала аумағындағы ашық су көзі бар каналдарға арнайы темір торлар орнатылды.
– Жалпы мұндай құбылыстардың салдарын (су жиналу оқиғасы) жою үшін қала қажетті техникамен жабдықталған ба?
– Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңның
15-бабының 17-тармағына сәйкес төтенше жағдайларды болғызбау, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі салдарын жою және залалды азайту жөнінде шараларды әзірлеу және қолдану қамтамасыз ету жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың міндетті екені көрсетілген. Осыған байланысты Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар» бөліміне қала аумағында су жиналуды алдын алу және жою мақсатында жеке құрам тобы, құм және арнайы техника дайындауын қамтамасыз ету бойынша хат жолданған
– Асқар Әмірханұлы, Сіз өз сөзіңізде қалада су тасқыны және басқа да төтенше жағдайларды жоюға 20 түрлі ведомство (азаматтық қорғау қызметтері) және 21 объектілік құрылым құрылғанын мәлімдегенсіз. Осы жөнінде не айтасыз?
– Түркістан қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 9 маусым №1309 «Түркістан облысы Түркістан қаласының азаматтық қорғау құрылымдарын құру туралы» қаулысы бекітілген. Қазіргі таңда жыл басынан бекітілген жоспарға сәйкес, Азаматтық қорғау құрылымдарымен тиісті оқу жаттығулар өткізілуде. Оқу жаттығулар барысында құрылымдардың төтенше жағдайлар орын алған кезде дайындығы пысықталады.
– Өз баяндамаңызда қаладағы 600-ден аса өрт гидранттарының жарамсыз екенін жеткізгенсіз. Оларды жөндеу қажеттігі туралы ұсынысыңыз қолдау тапты ма? Оларды жөндеу жүмыстарына кім жауапты? Оған кететін шығын қандай? Жалпы бұл жағдай бақылауға алынбаса оның соңы неге апарады?
– Түркістан қаласында 2665 дана өрт гидранты орналасқан. Оның ішінде 621-данасы жарамсыз (қисық орналасқан, коқыс толған) болса, 1926-данасы жарамды. Осыған байланысты жарамсыз, бірақ қолданыстағы 621 өрт гидранттарын қалпына келтіру туралы Түркістан қаласы әкімдігіне хат жолданды. Қазіргі таңда жарамсыз екені көрсетілген өрт гидранттарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өрт гидранттары жарамсыз болса ол жерден су көздерін алу қиынға соғады. Мұның өзі өрт оқиларын жылдам оқшаулауға, ауыздықтауға зор кедергі тудырады. Біз апатты жоюдан бұрын, оны алдын алу жұмыстарына көп көңіл бөлуіміз керек.
– Қалада өрт гидранттары жеткілікті ме?
– Өрт гидранттарының саны жағынан мәселе жоқ. Бұл жерде сапа мәселесі алға шығады. Қазіргі таңда өрт гидранттарына жүргізілген зерделеу барысында анықталған (621-данасы жарамсыз екені туралы) бұзушылықтарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу күн тәртібіндегі мәселе.
– Өрт гидранттарының көрсеткіштері қойылмағаны жөнінде мәселе көтердіңіз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз. Өрт гидрантарының көрсеткіштері дегеніміз не және оның маңызы қандай?
– Қала аумағындағы барлық өрт гидранттарына күндізгі және түнгі уақытта өрт сөндіру автокөліктері су көзін табу мақсатында арнайы белгілер қойылуы тиіс.
– Қалада сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қамтамасыз етудің реті туралы баяндай кетсеңіз. Және Түркістан қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары неге қарастырылмай отырғаны туралы айта кетсеңіз.
– Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы қала аумағындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «2021-2023 жылдарға арналған Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шаралары жол картасына сәйкес қала аумағындағы білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй инспекциясы және басқа ұйымдармен сейсмикалық қауіпсіздігі жөнінде оқыту-семинар кездесу өткізілді. Аталған семинарда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін қолдану бойынша бағыттар берілді. Бұдан басқа, сейсмикалық қауіп (жер сілкінісі) кезінде халықтың іс-қимылдарын қолдану бойынша іс-қимылдар және эвакуациялау жүргізу туралы түсіндірілді.
– Марс Арсенал қондырғыларының артықшылықтары туралы айта кетсеңіз. Құлақтандыру жүйелері бір мезетте қаланың тұрғындарын тұтас құлақтандыра алады ма?
– Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігіне құлақтандыру жүйесі арқылы халықты уақытылы хабардар етуге назар аударуды тапсырған болатын. Осы бағытта өңірлерде құллақтандыру жүйесін орнатуға көп көңіл бөліне бастады. Осы ретте Түркістан қаласында табиғи және техногенді төтенше жағдайлар кезінде халықты уақытылы хабардар ету мақсатында қала аумағында 31 құлақтандыру жүйесі «Марс Арсенал» орналасқан. Түркістандықтарға айтылған хабарлама құлақтандыру жүйелері арқылы тұтас қаланы қамти алады.