ЖЕРТӨЛЕГЕ ГАЗ ПЕШІН ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ

«Түркістан қалалық газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұрғын үйлердің жертөлесіне газ пешін орнатуға болмайтынын ескертеді,-деп хабарлайды uakit.kz.

Жылыту маусымы басталғаннан бастап Түркістан қаласында жеке тұрғын үйлер мен пәтерлерде өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Бұл профилактикалық шараға Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы инспекторлары, өрт сөндірушілер, «ҚазТрансГазАймақ» мекеме қызметкерлерімен қатар  «Түркістан қалалық газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары да жұмылдырылған.

Өз кезегінде «Түркістан қалалық газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инспекторы Жанболат Тұяқбаев табиғи газды тұрмыста пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау бағытындағы түсіндіру бойынша үйлерді аралау кезінде кейбір абоненттердің газ пешін жертөлеге орнатып қойғаны анықталғанын алға тартады. Бұл туралы ол «Жертөлеге газ пешін қою қауіпті.  Заңда «ғимараттардың жертөлелері мен жертөле қабаттарына газ құбырын жүргізуге жол берілмейді» деп анық көрсетіліп жазылған. Яғни, қазандық былай тұрсын, жертөлеге газ жүйесін жүргізу өте қауіпті. Себебі, көп үйлердің жертөлелерінде  терезе орнатылмайды. Ауа айналымын қамтамасыз ететін желдеткіш тағы болмайды. Соның салдарынан газ жүйелерінде қандай да бір ақау болса өрттің тез пайда болуына әкеп соқтырады»,-деп түсіндірді.