КОВАЛЕВАНЫҢ ҚАСЫНДА БІЗ КІМБІЗ?
Күні кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2012 жылдың үздіктерін марапаттады. Шашаларына шаң жұқпай, бәйге төріне алқынып жеткен жүйріктердің арасында кімдер жоқ дейсіз? 41 үздік «үзіліп» сахнаға шыққанда, алақанды аямай ұрдық. Қарап тұрсақ, өз ісінің білгірлері деп ен таққандардың көпшілігін танымайды екенбіз. Оған ешкімді кінәламаймыз, біз тек өз саламыздың үздігі жөнінде аз-кем пікір айтпақпыз.«Жылдың үздік журналисі» болып «Южный Казахстан» газетінің тілшісі Ковалева Людмила атанды. Атасына рахмет! Зейнет жасында деп еститін Ковалеваның қасында біз кімбіз? Алсын, атағында — шатағымыз жоқ. Айтпағымыз, келгелі журналистерді соңына ертіп алып, аудан-ауданды аралаудан қолы босамай жүрген облыс әкімі аппаратының баспасөз жетекшісі Берік Уәли бар, майда сөзімен-ақ мәселені емес, меселіңді шешетін облыстық ішкі саясаттың тізгінін ұстап отырған Гүлмира Тағаева бар, аты бар да, егесі жоқ Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы бар, барлығы ақылдасып, бір жөні түзу, облыс жұртшылығы танитын, қаламы қарымды, сөзге жүйрік, өткір жазатын, жібі түзу бір журналисті таппай, Ковалеваға қарай бүйректері бұрғандарына таңымыз бар. Өзіміздіңкі алса, сүйекке таласқан иттерше ырылдасып қалар, одан гөрі өзге алсын деген пиғыл ма? Әйтеуір түсінбейсің, тап бір іштерінде ит өліп жатқандай. Әрі бір бұл емес, ауық-ауық осылай болып тұратыны тағы бар.
Қыдыр ҚАЛИЕВ.