ЖИЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Медицина саласының дамуы қоғам үшін аса маңызды. Сондықтан салада бірқатар тың өзгерістер қолға алынып, сәтті жүзеге асып келеді. Жалпы кез келген саладағы қызмет сапасының артуы ашықтыққа тікелей байланысты. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың да маңызы айрықа. Бұл бағытта елімізде, оның ішінде Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Қазіргі уақытта тарихи қалада халыққа бірнеше медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Оның ішінде Түркістан қалалық емханасының маңызы зор.
Осы орайда, Түркістан қалалық емханасында ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұған дейін ҚР Үкіметі аппаратынан «Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын іске асыру бойынша арнайы Жол картасы бекітіліп, жолданған болатын. Осы орайда, жоғарыда аталған құжат негізінде 2024-2026 жылдарға арналған жұмыс жоспары түзілген. Осы мақсатты жүзеге асыру бойынша 18 маусым күні өткен ашық есік күнінде қызметкерлер мен тыңдаушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу санасын қалыптастыруға бағыттап, ұйымда сыбайлас жемқорлық фактілерінің туындауының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың саланың дамуына кедергі болатыны, азаматтарға ашық та әділ қызмет көрсетуіне тосқауыл қойылатыны сөз болды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қатысты жауапкершілік пен арнайы заң жобасының баптары турасында тарқата айтылды. Жиын қатысушылары тақырып төңірегіндегі пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.