МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

1451
0

Міне, тағы бір оқу жылы тарихтың терең қойнауына енді. Мыңдаған бітіруші түлек, мектеп қабырғасын бітіріп, үлкен өмірдің табалдырығынан аттады. Мектепті бітіруші түлектер мемлекеттік емтиханды сәтті аяқтап, қолдарына аттестаттарын алғалы отыр. Бұл – өскелең ұрпақ алдындағы ең маңызды да жауапкершілігі жоғары сәт. Сондықтан да әрбір түлек осы бір сәттің ерекше есте қалғанын қалайды. Түрлі бастамаларды жүзеге асырып жататыны да жасырын емес.

Әйткенмен осындай жауапты сәтте үлкендер тарапын қызық қуып, ұл-қыздарының әрбір ұсынысын қабылдамас бұрын қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуы керек. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев және қалалық білім бөлімі басшысы Оразкүл Қолдасовалардың, полиция қызметкерлерінің қатысуымен мектеп басшыларымен күні кеше өткізілген жиналыс осы тақырыпқа арналды. Келелі кездесу барысында бітіру кезеңі аяқталғандықтан аттестат тапсыру рәсімі және бітіру кештерін ұйымдастыру бойынша Мекенхан Қозыханұлы мен Оразкүл Шайхықызы мектеп басшыларына нұсқауларын жеткізді. Айтуларынша, мектеп әкімшілігі ең бірінші балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Бұдан бөлек, бітіруші түлектер арасында сыйлыққа қаражат жинау арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол беруге болмайтыны да кеңінен түсіндірілді. Жиын барысында білім ордаларының басшылары да тақырыпқа қатысты пікірлерін білдіріп, мектеп түлектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлыққа әкелетін түрлі әрекеттерге тосқауыл болатындарын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты бөлімдерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты ішкі талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар бөлімдерге ескертулер берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.