РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНДА ҮШ ЖЭО САЛСА, АЭС САЛУДАН ШЕТТЕТІЛЕ МЕ?

Ресей Қазақстанда үш жылу-электр орталығын салу мүмкіндік алғаны үшін АЭС салу жобасына қатыстырылмай ма? Астана тұрғындарымен кездесу алдында өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке осындай сұрақ қойылды. Ведомство басшысы АЭС-ті қай елдің салатыны тек референдумнан кейін ғана белгілі болатынын айтты.

«Қазақстан энергетика жүйесінің негізгі принципі өз-өзін толықтай қамту. Яғни, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі экономикалық қауіпсіздік мәселесімен бірге басым бағдарға ие. Ресей салатын үш жылу электр орталығы негізінен көмір тұтынады. Яғни, оған қажетті отынның негізгі бөлігін қазақстандық жеткізушілер береді. Экологиялық пайымдарды ескеріп, газбен де жұмыс істейтіндей етіп жобалап жатырмыз. Яғни, кез келген уақытта балама қуат көзіне жалғай аламыз. Жобада қазақстандық отын қолданылатыны нақтыланған.

Ал атом электр стансасына келсек, референдум қорытындысын күтейік. Яғни, алдын-ала келісімдер немесе шешімдер жоқ. Бұл толықтай ашық процесс болады. Референдум негізінде Үкімет вендер таңдауда бірінші кезекте ұлттық мүддені ескере отырып шешім қабылдайды», — деді министр.