МӘДЕНИЕТТІ СӨЙЛЕУ ДЕ ӨРКЕНИЕТТІҢ БЕЛГІСІ

277
0

Сөйлеу мәдениеті кімнің болсын, бет-пердесінің айнасы. Сондықтан «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дейді халық. Ал бұған «Көңілді тапқырлар клубы» жарысына қатысушы топ мүшелері «қатты-қатты сөйлесең қайтіп ініне кіріп кетеді»деп қосыпты. Мұнысы, әрине мен үшін тіпті де күлкілі емес.

Осы студент жастар арасында өтетін жарыс ұлт болашағы мен кемел келешек тәрбиесіне не беріп жатыр, оның салмақ үлесі қандай? Сауалды сырт итеріп қоя тұрып, оған облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың жүлде тағайындайтыны мені қатты таңқалдырады. Облыс басшысының жүлде тағайындағысы келсе басқа халыққа тиімді, жұртшылыққа пайдалы мәдени-әдеби, спорттық жарыстар құрып қалды ма екен деп ойланамын. Осы жарыстың жиі өткізіліп, кең насихатталуынан болар онда айтылатын мән-мағынасыз, «құлакқа түрпідей тиетін» сөздері жастардың сүйікті «жаргондарына» айналып кететіні қынжылтады. Осы жарысқа қатысып, талантымен танылған жастардың бірінші «жұлдыз» дертіне ұшырап, Отанына, қоғамға, ұлтына пайдасын тигізіп, жылдар бойы талмай еңбек етіп келе жатқан өнер өкілдеріне мұрын шүйіретіні қызық. Сахна мәдениетінің қадір-қасиетін ұғынып болмай жатып, тәкәппарлық көрсететіні несі? Көшеде келе жатып «прикол» ұстаған жастардың сөйлеу мәдениетін естіп, аққан бұлақтай ағылып келіп, төккен жемістей төгіліп, сылдыр судай таза, астарлы, айтары жұмбақ шешендік мектебінің болашағы бұлыңғыр ма деп қаласың.
Десе де өркениеті дамыған елдердің телесериалдарын тамашалап отырып, ол жақтағылардың сөйлеу мәдениетіне қызыға да, қызғана қарайсың. Бізде сол өркениетке ұмтылған «Барыс» сипатты елміз. Экономикамыз қарыштап дамып, қай салада болмасын толағай табысқа қол жеткізіп үлгердік. Дегенмен, дана бабамыз Әл-Фараби баянды бақыттың кілті тәрбиеде екенін ескерткен. Бүгінгі «жаргонға» құмар жастардан ертең ұрпағына салиқалы ой айтатын қарияның шығуы екіталай-ау! Өйткені, «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер» немесе «Отызда орда бұзбаған, қырықта қыр аспайды» деп халық тегін айтпаған ғой.

Ж. ҚҰЛМАХАНБЕТ