РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫ XXV МАУСЫМЫНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫН САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШТЫ
Мерейтойлық маусым Б. Вахапзаденің «Көк түріктер» қойылымымен басталды. Шараға зиялы қауым өкілдері, өнерсүйер қауым мен қала тұрғындары шақырылды. Кештің маңызды сәттерінің бірі ретінде театр жанынан ашылған Райымбек Сейтметов мұражайынан 25 жылдық тарихы бар құнды жәдігерлер мен марапаттардың көрмесі ұсынылды.
Шара барысында қатысушыларға әсем музыкалық шығармалар орындалып, мерекелік атмосфера қалыптасты. «Көк түріктер» қойылымы 630 жылы Қытай империясының I Көк Түрік Қағанатын жеңуіне арналған. Спектакльде Қытайдың арандатушылық саясаты түркі қағанатының ішкі алауыздығын қоздырып, билік пен мансап үшін туысқан адамдар арасында сенімсіздік туғызатыны суреттеледі. Қытай империясы түрлі қулықтармен Көк Түрік қағанатына үлкен зиян келтіреді, бірақ түркі халқының ауызбірлігі мен ынтымағы олардың тәуелсіздігін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Көрермендерге басты рөлдерді еліміздің танымал әртістері Мұрат Құрманбеков, Гүлзада Айтбаева, Айдар Наурызбаев, Маханов, Аяз Ильясов, Олжас Сарсенов, Талғат Қарынбаев, Майра Мақұлбекова, Рауан Шырынбеков, Камшат Аштекова, Қанат Садықбеков, Алмагүл Индемесова және Ғалымжан Жакипов сомдады. Қойылымды қазақ театрының майталманы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, ҚР Халық әртісі, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор Райымбек Сейтметов сахналады. Музыкалық көркемдеуді Арман Дүйсенов, қоюшы суретші Қалтөре Жұмағұлов атқарды.
Театр 2000 жылы Алматы қаласында өткен «Европа бірлігі» фестивалінде «Көк түріктер» спектаклін алғаш рет ұсынған болатын. Спектакльдің алғашқы күні ел атынан қойылса, екінші күні Түркия мемлекетінің арнайы өтінішімен түрік тілінде сахналанды. Театр 2000 жылы Түркияның Анкара, Сивас, Кайсери, Кония, Нидде, Маталия, Ерзум, Герсун, Анталия, Спарта қалаларында гастрольдік сапармен өнер көрсетті. 2001 жылы 1 қарашада театрға алғашқы президентіміз келіп, «Көк түріктер» спектаклін тамашалаған еді.
Райымбек Сейтметов театрының XXV маусымы мәдениетіміз бен өнеріміздің дамуына жаңа серпін беретініне сеніміміз мол. Театр ұжымы жаңа маусымда да көрермендерге сапалы, әсерлі қойылымдар ұсынып, ел мәдениетінің дамуына зор үлес қосады деп күтілуде. Театр өнері – халқымыздың рухани байлығы, әрі оның қалыптасуы мен дамуына атсалысу әрбіріміздің міндетіміз. Жаңа маусым өнер әлеміндегі жаңа жетістіктер мен шығармашылық табыстарға толы болсын!