Олар ертең өзімізге жау болып шықпасын…

184
0

ЖалмурзаевҚазір қоғамда қандай да бір келеңсіз оқиға орын алса мұсылманнан көретін көзқарас қалыптасып кетті. Жасыратыны жоқ, қоғамда орын алып жатқан түрлі келеңсіздіктерден соң жұрт хақ дін қайсы, теріс ағымдар қайсы – ажыратудан қалды. Ислам дініне үрке қарайтын жағдайға жетті. Ислам діні, кейбіреулер айтып жүргендей, аса қауіпті ме? Соңғы кездері қоғам өкілдері тарапынан облыс мешіттеріне барушы жамағат төңірегінде бірқатар мәселелер көтеріліп, түрлі ұсыныстар айтылуда. Осы орайда ОҚО дін істері басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігі бірлесе отырып, түрлі іс-шараларды қолға алды. Екі басқарма облыстағы бірқатар қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдерімен басқосу өткізіп, мешітке барушы жамағатпен кездесулер өткізуге бәтуа жасаған екен. Атап өтерлігі, осы кездесулерге облыстағы белгілі дінтанушылар, теолог-мамандар қатыстырылып жатыр. Олар төрт топқа бөлініп, арнайы кесте жасалып, Шымкенттегі бірқатар мешіттерде жұма күндері арнайы кездесулер ұйымдастырып жүр. Елдің де, ОҚО дін істері басқармасының да назары бүгінде – мешіттерде, мұсылмандарда. Ендеше, осыдан бірнеше жыл бұрын қоғам үрке қараған «Йегова куәгерлері», «кришнаиттерден» қазақ қоғамына қауіп жоқ па? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде ОҚО дін істері басқармасының бастығы Батырбек Жалмұрзаевтың өзінен сұрағанды жөн көрдік.

– Генетикалық тұрғыда жүзге-руға бөлінген қазақ бері қарай «қала-дала қазағы», «таза-шала қазақ» болып жүр едік, бертін келе «иеговашыл, кришнаит қазақтар» шықты. Соңғы жылдары «құраниттер, салафиттер, нұршылар, салафиттер, сопылар» секілді түрлі қазаққа бөліне бастадық. Бұл бізде идеология жоқ дегенді білдіре ме?
– Қазақтың ру-жүзге бөлініп, басқа мүддеге пайдалануға жеткізгеніне басқа емес, кейінгі ұрпақ, біз, кінәліміз. Ал, шындығында осылай бөлінудің арқасында қазақтың гені, қан тазалығы сақталды.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамдық қатынастар заманында жат элементтердің бой көрсетіп жатқаны шындық. Ол бар, оны біз ел, қоғам болып аластамасақ, түбі бізді құртудың құралы болып кетуі бек мүмкін. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін халыққа діни еркіндік берілгені сол, жан-жақтағы ықпалды күштер Қазақстанды айналсоқтай бастады. Сол жылдары Қазақстан «алдымен экономика, сонан соң идеология» деген саясатты ұстанды. Кеңес одағынан бөлініп шыққан кезде жаңа мемлекетте ештеңе дерлік жоқ, бәрін тақыр жерден бастауға тура келді. Халық көнді бәріне. Ең үлкен байлық – тәуелсіздігімізді алғанымыз еді. Бірақ, мына жақта өмір сүру байлығы жоқ еді. Сол кезде ашқұрсақ қазақтың көбі сырттан келген ықпалды күштердің жетегіне еріп кетті. Тіпті сол кезде қарапайым қазақ тұрмақ, зиялы адамдардың өзі сондай ағымдарға кіріп кетті. Бәлкім олар әлгіндей топтардың азды-көпті жылтырағына немесе біреуден қалған киімдерді әкеліп бергеніне қызыққан болар, әйтеуір өзге қазақты соңынан ерту үшін үгіт-насихат жасап жүрді. Сондай кездерде намысымыз келді, қолдан келер қайран болмады.
Қазір біздің қолымызда карта бар, қай жерде қандай ағым жұмыс істейді, олардың құрамында қанша мүше бар – сол бойынша жұмыс жасаймыз. Мұнымен тек дін басқармасы мен дін істері басқармасы ғана емес, қоғам болып күресуіміз керек. Зиялы қауым, мектеп пен ата-ана да осыған ат салысуы керек. Бүгін біз жастар жат ағымның жетегінде кетті деп байбалам саламыз, сол жастарды, баланы тәрбиелеген кім? Бұған алдымен ата-ана кінәлі дер едім. Баласының осы жолды таңдауына жол беріп қойған ата-ананың өзін тәрбиелеуіміз керек шығар? Бұл – қоғамның дерті болып тұр.
– Біз қазір жат ағым мен мұсылмандықтың ара жігін ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Кейбіреулер хиджап кигенді, қысқа балақ шалбар киіп, сақал өсіруді мұсылмандық санайды. Бірақ, дәл осылай киініп, бес уақыт намаздарын қаза қылмайтын Араб елдеріндегі жағдайдың не болғанын бәріміз білеміз. Ендеше, сыртқы формамен мұсылман болу аз екен. Осы тұрғыда осы екеуінің ара-жігін ажырата айтып, қайсысынан қандай қауіп барын ашық айту жағы кемшін түсіп жатқан жоқ па?
– Бертінге дейін  ақпараттар жалпылама түрде насихатталып келді, ал қазір бізде бәрі кімнің кім, ненің не екені ашық айтылып жүр. Расы керек, бізде оларға тыйым салатындай құқық жоқ, бірақ солай екен деп оларды еркінсітіп қоюға да болмайды. Бүгін сол ағымдардың жетегінде кеткен баланың ертең өзімізге жау болып шықпасына кім кепіл?! Мешіттерде жамағат  «қысқа балақ шалбар кигендерді мешіттен неге қуып шықпайсыздар?» деп наразылық білдіріп жатады. Мешіт – тазалықтың орны. Оларды қуғанда не ұтамыз? Ертең екі тарап жаға ұстасып, төбелесіп жатса, кімге абырой? Одан да қолдан келсе оларды кері қайтаруға тырысу керек.
– Осыдан бір-екі ай бұрын шетелдік телеарналар Сирияда 150 отбасы қазақ отбасыларының жиһадта жүргенін көрсетіп, әлемге таратып жіберді. Кейбір қазақстандықтар солардың ішінен өз балаларын танып, мемлекеттен көмек сұрап жатты. Солардың ішінде оңтүстікқазақстандықтар жоқ па, Сіздерде солар туралы қандай да бір ақпарат жоқ па?
–  Сол ақпарат таратушы қайдан шықты? Кез келген бұқаралық ақпарат құралы сенсация іздейді, осы хабарды таратқан телеарна сол мәселенің түп-тамырына, себебіне үңілді ме? Кешегі Сириядағы жағдайды ақпаратты таратушылар соны діни экстремизм екенін дәлелдейтін дәлел келтірді ме? Жоқ. Олар сенсация жасап көрсетті, оны қазақстандық БАҚ-тар жаппай таратып жіберді. Әрі қарай үңілейік, дінді ұстанған адам өзімен қоса бала-шағасын да құрбандыққа шалғанын қай соғыстан көрдіңіздер? Мейлі ол экстремистік сипатта болсын, жиһад болсын. Бәлкім олар алдауға түскен шығар, мына жақта қиналып жүрсе, оларға ана жақтан жұмақтағы өмірді  ұсынған болар. Үшінші жағдай, соғыс деген – өз өмірін тәуекелге тіге отырып ақша табу. Әлгі телеарналар соғысып жүргендердің ішінде сондайлар жоқ деп айта ала ма? Жоқ. Олар бәрін жиһадшылар деп салды. Бұл – ақпараттық соғыс, бір мемлекеттің екінші мемлекеттің беделін түсіруі үшін жасалатын қадамы.
Өткенде Алматыда Сафроний әкейді ғибадатханасы, балалар мекемесі және қарттар үйіндегі былық-шылықтары  анықталып, сотпен қудалай бастап еді, шетелдігі бар, басқасы бар адам құқын қорғайтын бүкіл ұйымдар соның маңайына топтаса кетті. Кінәсі дәлелденіп еді, бәрі үндемей қалды. Қарап отырсаңыздар, біздің жаңа үрдістерімізді жоққа шығарғысы келетіндер, кінәрат іздегісі келетіндер бар екенін көрдік. Неге АҚШ көптеген елдерге соғыс ашуға құмар? Өйткені, соғыс —  табыс табудың көзі. Мұны мойындауымыз керек. Сол үшін кейбіреулердің  дінді пайдаланатыны да сондықтан. Неге дін? Өйткені дін – сенім, ақшамен сатып алғаннан гөрі, сол сенім арқылы, сананы билеп алу арқылы адамды өз дегенніне көндіру жеңілірек.
– Жастарды терроризм, экстремизмнен қорғау мәселесі сөз болған кезде кейбіреулер бізді ұлттық болмыс құтқарады дейді, ал кейбірінің  идеологияға арқа сүйегісі келеді. Сіздіңше қалай?
– Ұлттық болмыс сол идеологиядағы көп жұмыстың бір тармағы ғана. Бірақ, негізгі тармағы. Бізде кезінде ұлттық құндылық болды да, дін болған жоқ десек қателесеміз. Мемлекетке, жерге, елге деген сүйіспеншілік, ұлттық мінез, болмыс – мұның бәрі идеологияның тармақтары. Қазақстан мемлекет болып қалыптасқанша идеология болмады деп кім айтады? Сол ата-бабаларымызда идеология болмады деп айта аласыздар ма? Ол барлық заманда болған.
Қоғамда «бізде идеология жоқ» деген нәрсе жиі айталады. Ол жоқ емес, бар. Қазақтың ырым-тыйымдарынан бастап, бала-тәрбиесінде, жастардың бүгінгі киім-киісі мен жүріс-тұрысының бәрінде біз кемшіліктерге жол беріп алсақ, ол біздің дұрыс жұмыс істмегеніміз. Бүгінгі барлық мақсатты тіршілік те тек Тәуелсіздікке қызмет етуі қажет. Бұл бағытта тәуелсіз елдің азаматтарын рухани ұйыстыра түсетін дін рөлінің ерекше екенінде дау жоқ. Сондықтан да халқымыздың, әсіресе жастарымыздың ежелгі дінге бетбұрысын дұрыс пайдалана білгеніміз жөн.
Сұхбаттасқан

Гүлжамал МҰСАЕВА