Басқармалар қысқара ма?
Елдің аузындағы сөзге қарағанда, биылғы сәуір-мамыр айларында бірқатар басқармалар қысқаруы, бір-біріне қосылуы мүмкін. Иә, айтсын-айтпасын, бізде атқарар жұмыс ауқымы бір, атаулары әртүрлі мекеме көп. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысын текке рәсуә еткенше, ол да жөн.
Мәселен, біздің облыста 21 басқарма бар. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен қаржы басқармасының немесе төтенше жағдайлар департаменті мен жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын-алу жоюды ұйымдастыру басқармасының илеп жатқан терілері бір, анау айтқандай айырмашылық жоқ. Құрылыс басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы…. Осылай қайталана береді. Жорамалшылардың айтуынша, тілдерді дамыту, ауыл шаруашылығы басқармалары мүлдем қысқарып, бірі мәдениетке қосылып кетсе, екіншісінің тағдыры не болары беймәлім.
Оңтайландыру орынды-ақ. Түк бітірмесе де мемлекеттің жалақысын «майшелпек»көрген шенеуніктердің орындарын босатқанын қалаймыз. Әйтсе де, таяқ барып бір сорлының басына тимегені жөн.
Қыдыр ҚАЛИЕВ.