СУ ДАУЫ СОҒЫСҚА ҰЛАСУЫ МҮМКІН: ПӘКІСТАН ҮНДІСТАНҒА ТАЛАП ҚОЙДЫ

Пәкістан билігі Үндістан Инда өзенінің ағысын тоқтату немесе басқа жаққа бұруға тырысса, бұл әрекет соғыс актісі ретінде қабылданатынын мәлімдеді. Бұл туралы Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шарифтің төрағалығымен өткен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылды, деп жазады Анадолы.
Исламабад Үндістанның Инда суы туралы келісімді біржақты тоқтатуын сынға алды. Пәкістан екі ел арасында 1960 жылы жасалған бұл келісімді аймақтың бейбітшілігі үшін маңызды деп санайды және өз құқығын қорғайтынын жеткізді.
– Пәкістанға тиесілі суды тоқтату немесе бұру – соғысқа тең әрекет, — делінген ресми мәлімдемеде.
Сонымен қатар Пәкістан 30 сәуірден бастап Исламабадтағы үнділік дипломаттар санын 30 адаммен шектемек. Үндістанға тиесілі барлық ұшақтарға әуе кеңістігін жабады. Екі ел арасындағы сауда да толық тоқтайды. «Вагах» шекара бекеті жабылады.
Джамму мен Кашмирдегі теракт
Бұған дейін Үндістанның Джамму мен Кашмир аймағында туристерге қарулы шабуыл жасалып, 26 адам қаза тапқанын жаздық.
Көптеген адам жараланды. Шабуылды «Қарсылық майданы» атты топ өз мойнына алды. Бұл топ Пәкістанда тыйым салынған «Лашкар-и-Тайиба» ұйымына қатысы бар. Осы оқиғадан кейін Үндістан Пәкістанмен су туралы келісімді тоқтатып, Нью-Делидегі пәкістандық кеңесшілердің елден кетуін талап етті. Сондай-ақ пәкістандықтарға берілген визалар да жойылды.