БҰЛАРДЫҢ «ЖЫРЫ» ҚАШАН БIТЕДI?

aliev

БОЛАТБЕК ӘЛИЕВ және ШЫНДЫҚ ТАППАҒАН КӘСІПКЕРЛЕР
Мақаланың басты кейіпкерлерінің біріне айналған Болатбек Әлиевтің (бертін келе Нәжметдинұлы болып тегін өзгерткен) кеденде жүріп сотты болғаны кеше көтерілген мәселе емес. «Контрабандаға «крыша» болды», «қызмет бабын асыра пайдаланды, арнайы құжаттарды, мөрлер мен мөртабандарды ұрлады, жойды, жарамсыз етті» деп айып тағылған оның соттылығы шымкенттік кәсіпкерлердің ашу-ызасынан көтерілген мәселе болатын. Жоғарғы соттың үкімін Шымкенттегі аудандақ соттың «көмегімен» бұздырып, мемлекеттік қызметке келген Болатбек Әлиев «ә» дегеннен өзі басқарып отырған Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында сынның садағына аяусыз ілікті. «Тендер» деген теңге сауған тірлікке бас ұрған кімге абырой әкеледі, облыс деңгейінде жолаушылар тасымалдаудан бірнеше жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан Мырзахмет Шерімовтің маршруттық бағыттарына қара бұлт төнді.

Басталған дау-дамайдың соңы Мырзахмет Шерімовке «көмекке» келген әріптесі Қайрат Үкібасовты да айналып өткен жоқ. Ақырында аталған екі кәсіпкердің дөңгелетіп отырған кәсібінің «тас-талқаны» шығып, күні бүгін бұл азаматтар атқарып отырған жұмыстарынан түгелдей дерлік айрылып тынды. «Күштінің арты диірмен тартады» деген осы болса керек, екі жақты даудың соңы Болатбек Әлиевке біртабан жақын азаматтардың конкурстарда жеңіп шығып, Шымкентте монополист тасымалдаушылардың пайда болуына әкеп соқты. Ащы да болса шындық, кейбір азаматтар «шенеуніктің де әркімнің атына жазған серіктестіктері конкурстарда жеңіске жетіп, ірі-ірі бағыттарға иелік етіп үлгерді» дегенді айтады. Әрине, «қолынан келгенде қоныштан басқаны» шығар, ол жағына жауап беретін біз емес. Бірақ, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын» атам қазақ баяғыда-ақ мойындап қойған жоқ па?! «Ғайыптан тайып», осы Болатбек Әлиев облыстық әкімдікке орынбасар болып келгенде де «тыныш» жүрмегенін жан-жаққа қаптаған арыздардан байқауға болады. Жергілікті жердегі құқық қорғау органдарынан шындық таппаған кәсіпкерлер Бас прокуратураға дейін арыз жөнелтті. Бұл шағымдардың алғашқылары шындығын таппай, авторлардың анықталмауынан қараусыз қалды. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегенімізбен, құрылысшылар Әлиевтен көрген құқайларын шырылдап айтқанымен, оған құлақ түрер жан табылмағаны да сол уақыттың ақиқаты болатын. Олардың жоғарыдан араша сұрауына Оңтүстікте өткізіліп жатқан күмәнді тендерлер мен күмәнді жеңімпаздардың көбейіп кеткені себеп болған болатын.Тіпті, «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Оралбай Әбдікерімовтің өзі Шымкентке келгенде «қай шенеуніктің қашан, қанша сотты болғанын шымкенттіктер жақсы біледі, бірақ ешқандай реакция жоқ» дегені де есімізде. 2007 жылдың шілдесінде Шымкент қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған Т.Егітаевтың 1990-1997 жылдар аралығында сотты болып, қоғамнан жырақ жерде өмір сүргені де жұртқа белгілі еді. Соған қарамастан, ол да «айдың-күннің аманында» шенеунік болып шыға келді. Оралбай Әбдікерімовтің осыны да сынға алғаны есімізде. «Бекжан» автовокзалының басшысы, белгілі кәсіпкер, Шымкенттің көркеюіне өзінің үлесін қосқан меценат Әмірхан Шүменов бастаған бірнеше кәсіпкер де Елбасының атына үндеу жариялап, Болатбек Әлиевті, оның «командасын» жөнге салуды сұрап, жоғарыдан араша сұраған еді. Одан шыққан нәтиже де шамалы болатын. Амал не, Оңтүстікке «Рыжий» атымен танылған, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» Болатбек Әлиевтің салып кеткен «сара жолы» осы болды. Өкініштісі сол, Елбасының тапсырмасымен жемқорлыққа, сыбайластыққа қарсы күреседі деп құрылған қаржы полициясы Болатбек Әлиевке келгенде қауқарсыз болып шықты.
Расын айту керек, пара алғандарды «пытырлатып» ұстап жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Болатбек Әлиев пен оның үстінен жазылған бірнеше арыз-шағымнан, осының қолымен облыста былық-шылық орын алды деген уәждерден бейхабар отыр дегенге ешкімнің сенбесі ақиқат. Әр шенеуніктің әрбір әрекеті күн сайын көз алдынан кинолентадай өтіп жатқан департаменттің бүгінгі күнде «Әлиев ісінен» бейтарап отырғандығы да көңілге күдік ұялатады. Олай болса, бұған не, қандай баға бере аламыз? Арызданған азаматтарды әлдекімдер азғырды ма, әлде айтылған әңгіменің шын мәнісінде ақиқаты аз ба? Егер жағдай осылай болса, онда аты дүрдей департамент ел алдына шығып, журналист қауымға болған жағдай мен атқарылған тірлікті, жүргізілген тексерісті неге жария етпейді? Әлде, бұл жерде жұрттан жасыратын, елге айтуға болмайтын сыр бар ма? Мүмкін, жергілікті құрылымның пәрмені пәс түсіп жатса, республикалық дәрежеден комиссия келгені дұрыс шығар?!…

РАБАЕВТЫҢ «ІСІ» ДЕ «СИЫРҚҰЙЫМШАҚТАНЫП» БАРА ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?
Әлгі Болатбек Әлиев дегенде есімізге Әбілсейіт Рабаевтың сарт ете қалатыны бар. Болатбек Әлиев Оңтүстік Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында басшы болып отырғанда осы Әбілсейіт Рабаевты өзіне орынбасар етіп қызметке алды. Оған дейін аталған басқармада еңбек еткен Әбілсейіт Рабаевтың Болатбек Әлиевке қай жағынан «ұнағанын» Құдай біледі, бірақ «аттай қалап алған» орынбасарын өзі облысқа орынбасар болып кетіп бара жатқанда басшылық орынға отырғызып кеткенінен көп нәрсені аңғаруға болатын сияқты. Әйтпесе, аталған басқармада талай жылдан бері тер төгіп еңбек еткен, біліктілігі мен тәжірибесі бай қызметкерлер жетіп-артылып тұрған кез еді ғой, ол. Отызға толар-толмас «жас баланы» басқармаға басшы қойғанда кімнің не ұтқаны да белгісіз. Тек белгілісі— кезінде Болатбек Әлиевтің «айыбын» бетіне басқан Мырзахмет Шерімов пен Қайрат Үкібасовтың «күйреген» кезі Әбілсейіт Рабаевтың тұсында анық байқалды. Аталған кәсіпкерлер жүргізіп келген бағыттардың барлығының мерзімі өтіп, конкурстарға қойылғанда, бұрыннан таныс-бейтаныс серіктестіктер конкурстардың жеңімпаздары болып кете барды. Тіпті, Мырзахмет Шерімов конкурстардың заңсыз өтіп жатқаны туралы құжат ұсынғанына да көңіл бөлген ешкім жоқ. Нәтижесі не болды? Басқарманың, оның үстінен қарап отырғанның айтқаны болды. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» демей ме?!
«Әбілсейіт Рабаев бұрынғы басшысының тапсырмасын «керемет» орындап шықты» дейді білетіндер. Мүмкін, әлде жаңсақ пікір?… Есесіне жас шенеунік «қолда барда, қоныштан басуды» да ұмытпапты. Әбілсейіт Рабаев өткен жылдың мамырында қаржы полициясының тексерісінен соң қамауға алынды. Оған «сыбайластарымен бірігіп, жөндеуді қажет етпесе де Бәйдібек ауданындағы жолдардың біріне жөндеу жасалды деп, мемлекеттің 131 миллион теңгесін жымқырды» деген айып тағылды. Кейіннен белгілі болғанындай, аталған жол оған дейін де жөндеуден өтіп қойған екен. Оны екінші рет жөндеу жасалды деп мемлекет қаржысына қол салуға кімнің мәжбүрлегені немесе нендей жағдай итермелегені әлі күнге дейін түсініксіз. Рабаев жалғыз кеткен жоқ. Оның қылмысқа қатысты іс-әрекеті әшкереленген соң басқарманың 90 пайыздан астам қызметкері жұмыстарынан босатылды. Бір адамның кесірі мыңға тигені сол, талай білікті маман жұмыссыз қалды.
Әбілсейіт Рабаевтың қамауға алынғанын естігендер «жас баланың түбіне жетіп тынды» деген әңгіме таратты. Оң-солын танып үлгермеген жас баланы басшылыққа қоюдың нәтижесі осылай болды. Алайда, үш айдан соң қамалғанына жыл толатын Әбілсейіт Рабаевтың ісіне әлі күнге дейін нүкте қойылған жоқ. Қаржы полициясы одан кейін ұсталған азаматтардың ісін сотқа өткізіп, кейінгілері жазасын өтеп те жатыр. Алайда, «Рабаев ісінің» не үшін сиырқұйымшақтанып кеткенін ешкім де түсіне алар емес. Білетініміз— осы оқиға орын алған тұста Болатбек Әлиев өз өтінішімен қызметінен кетті. Кетті, бірақ оның өз «командасы» саналатын «Рабаев ісіне» қаншалықты қатысы бар екендігі сол бойы түсіндірілген жоқ. Бұған Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті нендей уәж айтады, ол жағы алдағы күннің еншісінде.

ТІРЛІКТІҢ БАРЛЫҒЫ ОРМАНЧИНАҒА КЕЛІП ТІРЕЛІП ТҰРҒАН ЖОҚ ПА?
«Әлиевтің командаласы» саналатын тағы бір шенеунік – Альмира Орманчина. Құрылыстың «бас сүйегін мүжіп, миын шайнаған» әйел-шенеунік қазір халықаралық іздеуде. Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасының бастығы, орынбасары қызметтерінде болған Альмира Орманчинаның мойнында екі бірдей қылмыстық іс бар. Бұл қылмыстық істер шенеунікке былтырғы жылдың мамырында, яғни Әбілсейіт Рабаевпен тұспа-тұс қозғалған. Оған алдымен алты миллион теңге пара алған деп айып тағылды. Тергеу барысында белгілі болғанындай, Альмира Орманчина құрылыс басқармасында жүріп тұтынушылар кооперативі төрағаларының бірінен алты миллион теңге пара алған. Қолдағы құжат былай сөйлейді: «Первое финпол возбудил в мае этого года. Тогда Орманчиной вменили получение взятки в шесть миллионов тенге. Деньги, по данным следствия, вымогались с председателя потребительского кооператива за победу в тендере: это был 12%-ный откат от суммы всех договоров по четырем лотам — на строительство трех поликлиник и школы. Однако обвинение даме тогда не предъявили, она проходила как подозреваемая, соответственно, не было и никаких мер пресечения в отношении ее. А за полторы недели до оглашения этой информации 34-летняя Орманчина уволилась «по собственному желанию». Агентство финансовой полиции сообщило, что она объявлена в розыск, и заведено еще одно уголовное дело, суть которого аналогична первому: за 866 000 тенге директору одного из ТОО был обещан выигрыш в электронном конкурсе госзакупок. Обвинение Орманчиной предъявлено заочно».
Біздің білетініміз, жоғарыда көрсетілген қылмыстық істі тексерумен Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі айналысып жатыр. Десек те, Болатбек Әлиевтің «кадры» саналғандардың бірі— Альмира Орманчина әлі күнге дейін ұсталмақ түгілі, заңды жазасын алған жоқ. Бір түсініксізі, бірі – отызға толар-толмас, бірі – жас баласы бар отыз төрттегі келіншек, екеуінің осындай қылмысқа өз беттерімен баруы мүмкін емес сияқты. «Сүйеушің мықты болса, сүйек жұт» дегендей, сенгені мықты болған соң осы қадамға баруы да ықтималдай көрінеді.

ДЕР КЕЗІНДЕ ТЕКСЕРІЛГЕНДЕ ОСЫЛАЙ БОЛМАС ПА ЕДІ?!

Осы орайда айтпай кетпеуге болмас тағы бір мәлімет бар: 2013 жылдың 8 ақпаны күні Оңтүстік Қазақстан облысының тексеру комиссиясы мемлекетке 4 360787,0 мың теңге зиян келтірді деген қорытынды бойынша Оңтүстік Қазақтан облысы негізінде экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне «Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасы» ММ-нің басшылары А.Орманчина мен Е.Дауылбаевқа қатысты материалды жолдайды. Алайда, аталған департамент тарапынан осы материал бойынша дер кезінде шешім қабылданбағандықтан, тексеру комиссиясы материалды Оңтүстік Қазақтан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне 2013 жылдың 25 сәуірі күні қайталап жолдауға мәжбүр болады. Неге екені белгісіз, Оңтүстік Қазақтан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жоғарыдағы материалдың екінші рет қайта жолданғанын біле тұра, екінші ретте де үнсіз қалады. Үнсіз қалғаны былай тұрсын, тексеру комиссиясы өз шеңберінде анықтаған материалдың аяғы немен бітті, қандай шешім қабылданды, сол күйі бейхабар қалған. Нәтижесі сол, ақпанда жолданып, сәуірде қайта жіберілген материалдың тексеруден бейтарап қалуының арқасында Альмира Орманчина шетел асып, жоқ болып кетті. Егер аталған материалдар бойынша дер кезінде шешім қабылданып, заңды түрде жұмыс жүргізілгенде, бәлкім Альмира Орманчина мамырда шетел асып, қашып кетпеген болар ма еді? Тіпті, Альмира Орманчинаға айып тағыла тұра, оған бұлтартпау шарасы не үшін қолданылмаған? Ол жағы да түсініксіз. Кеше ғана Статистика агенттігінің төрайымы бола жүріп, мемлекет қаржысын талан-таражға салған А.Мешімбаеваның «маған ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ, сосын емін-еркін шетел асып кеттім» деп сотта «сайрағанын білеміз. Күні ертең (егер ұсталса) Альмира Орманчинаның да Оңтүстік Қазақтан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментін осылай кінәлап шыға келмесіне кім кепіл? Бұған департамент басшылығы не уәж айтар екен?

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, Болатбек Әлиевтің артында қалған шу Оңтүстікті осылайша дүрліктіріп тұр. Етектен шыққан шу республикалық деңгейге көтерілді. Үшінші мегаполиске айналуды межелеген облыста кежегесі кейін тартқандардың тірлігінің түрі осы. Жейді, қашады. Қамалады, жаза алмайды. «Құлақтың» басындағылар күректерін алып, түк болмағандай жылы орнынан жылыстайды. Нәтижесінде? …таяқты не үшін басқа біреу жеу керек, қаржы полициясының басшылары? Осының ара-жігін анықтап беретін кездеріңіз келген сияқты.

Марат Мұратбекұлы.

Редакциядан:
Басшы кімді қызметке қойса да, оған үлкен сенім артады. Ал, «сенген қойың» семіріп шыққан соң, өрісін ұмытатын болса, түбінде бір қасқырға жем болары ақиқат. «Көп жорғалаған жыланның аяғы көрініп қалатыны» осының дәлелі. Сондықтан, «Әлиев, Рабаев, Орманчина ісі» түбегейлі тексерілмей, тыныштық жоқ секілді. Бұларға бола, бүкіл әкімшілік корпусқа қара күйе жаққан дұрыс болмас. Егер бұл туралы пікірлеріңіз болса, күтеміз.