Тоқтар тоқетерін айтқан жоқ

327
0

Жақында бұдан бірнеше жыл бұрынырақ атақты Шәмші ағамыздың  «Сыған серенадасы» әнін нақышына келтіре орындап, көпшілік көңілінен шыққан әнші Тоқтар Серіковтың ғаламтор желісінен газет-теледидарға берген сұхбаттарын оқыдым. Тоқтар Алтынбек Қоразбаев ағамыздың жас кезінен қолынан жетектеп жүріп өсірген шәкірттерінің бірі, халықтың сүйікті әншісі.

Дегенмен, Тоқтардың жұлдызының жануына менің пікірімше Ұлықпан Жолдасовтың сіңірген еңбегі орасан. Осы танымал, «жұлдыз» әншіміздің ең бірінші мені өзінің ислам дініне деген ыстық ықыласы қайран қалдырды. «Бояушы, бояушы деген сайын сақалын бояйды» демекші, Тоқтар мырза бұл сұхбаттарда тіптен өз бет-бейнесін көрсеткен тәрізді. Сөзім дәйекті болу үшін сұхбаттан үзінді келтіре кетейін.
«Ең алдымен, осы өмірге әкелген ата-анама рахмет, мен ұлтшыл, қазақтың нағыз азаматы болғаным үшін бақыттымын. Және дінім үшін шексіз бақыттымын. Өмірімдегі ең үлкен жетістік деп ислам жолына түскенімді айтар едім. Өмірімдегі ең керемет жол, ең сәулелі бағыт, ең нұрлы сәттер тек қана Исламмен. Мен іздеген бақыт, мен іздеген қуаныш, мен тапқан барлық игі жақсылықтар тек қана Исламда екен. Мен Аллаға шүкір, қуанамын. Жүрегімнің ашылғанына қуанамын. Мен қазір бақыттымын. Маған байлықтың қажеті жоқ. Ал бақытты жан байдан да жоғары тұрады. Маған ақшаның мүлде керегі жоқ».

Иә, Тоқтар мырза исламнан шексіз бақыт тауыпты. Оған мен де шексіз қуанамын. Дегенмен, тағы бір сұхбатында ол шексіз бақытының әсері ме, әрбір қазақ қызына хиджап киюді міндеттейді. Қазақтың тарихын қанша ақтарсаң да хиджап біздің ұлттық менталитетімізге сәйкес келмейді. Хиджапты емес, орамал тартуды міндеттесе, ол құлаққа жағар еді. Өйткені,  дәстүрімізде қыздар қызыл орамал тағып, келіншек ақ жаулықты басына салған ғой. Егер шынында әнші өзі айтқандай «ұлтшыл, нағыз қазақ азаматы» болған болса, осы жағына тереңірек мән бергені жөн деп санаймын.
Сонымен қатар, өзінің қазақтың мың қызынан таңдап сүйген аруы Бейбіт Сейдуалиева кезінде сахнаға талай жартылай жалаңаш шығып, халық әндерін эстрадаға лайықтаймын деп табиғатын бұзып айтқан әнші. Тоқтардың өзі сөзін жазып, шығарған әндерінің (кейбірін екеуі қосылып айтады) сөзі ақындықтан тым жырақ жатқанын екінің бірі білмегенімен, сауатты, ұлтын сүйген қазақтың бәрі біледі десем артық айтпағандық болар. Жақсыға да, жаманға да шапан жапқан мына «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда»  шұрайлы қазақ тілі үшін жанын шүберекке түйген жандар өте аз.
Мұхтар Шаханов ағамыз айтпақшы, «бұлбұлдың аздығынан шымшық ән салып кетті». Сонымен бірге бақыттан басы айналған әнші «маған ақшаның керегі жоқ»дейді. Сонда өзіне шексіз бақыт сыйлаған Исламның негізін қалаушы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі шынайы мұсылман әрдайым орта белде жүру керектігін айтып кеткендігін әнші шынымен білмегені ме? Өтірік көлгірсіп, олай деу мұсылмандыққа да сай емес. Бұл шектен шыққандық. Қандай жағдайда да материалдық жағдайдан баз кешу дұрыс саналмайды. Және де әнші қазақ даласының ислами мемлекет болғанын армандайтынын айтады. Бұл жерде ол қазақ даласының 14 ғасырға жуық уақыттан бері ислами болмаса да мұсылман елі болғанын ұмытып кеткен сыңайлы. Біздің қайсар көк тәңіріне табынған халқымыз ислам дінін еш қарсылықсыз бірден қабылдаған. Және оны өзінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тіршіліктері мен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен тығыз байланыстыра білген.
Қазіргі таңда қазақтың қара домбырасымен сахнаға шығып, атақ пен данқ үшін эстрада жағалап кетіп жатқан әншілер көбейіп барады. Мұны не үшін айтып отырғанымды әншінің іші сезер. Жалпақ жұрттың назарында жүрудің бірі осы екен деп өзі жете сезінбеген, түсініп түйсінбеген дүниелерге «аузым бар екен» деп пікір айта беру парасаттылыққа жатпайды. Тым құрыса, егіздің сыңарындай бірге жүрген Мейрамбек секілді  көпсөзділіктен жырақтау жүруді әдет қылғаннан ұтылмасы анық. Мен айтпақ болған «тоқсан сөздің тобықтай түйіні» атақ пен дақпырт жолында, пайым мен зердені пида қыла бермей, кісілік келбеттің шегінен аспай, әр айтар сөзімізді ойланып айтсақ. Адамды да, қоғамды да бұзатын тіл екенін түсінетін уақыт жеткен сияқты.

Ханжігіт Мұхамедұлы,
Шымкент қаласы.