«Мен табиғатымда бітімгермін»

418
1

Бақтияр ТАЙЖАН, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор – бас редакторы:

Оңтүстік Қазақстан Алматыдан кейінгі басылымы көп аймақ болғандықтан мұнда бәсекелестік жоғары қарқынмен дамып келе жатқандығы анық. Оқырмандардың да талғамдары артып, күнделікті басылымдардан өздеріне қажеттілерін ғана іздейді. Дұрыс, бұл заман талабы десек те, кейде оқырмандарға берер дүние таппай, тығырыққа тірелген қайсыбір әріптестіріміз әйтеуір бет толтырудың амалымен интернеттен дайын материалдарды бере салуға дағдыланып барады. Бұл өзін де өзгені де алдау екендігі қаперлеріне де кірмейді. Журналисттің мақсаты не, міндеті қандай, жалпы Оңтүстіктегі қаламгерлерге не жетіспейді, міне, осы және өзге де мәселелер жөнінде
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Бақтияр Тайжанмен ой бөлісіп, көкейімізде жүрген бірқатар сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Бәкең сөзге келген жоқ, ашық-жарқын өткен сұхбат барысында көптеген көкейкесті мәселелер ортаға салынды.

— Бәке, ел газеті «Егемен Қазақстанның» Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып, бірталай жыл еңбек етіпсіз. Абыройлы да, беделді қызмет. Алғаш Оңтүстікке келгенде сізге ерекше қандай жағдай әсер етті және неге көңіліңіз толмады?
— “Егемен Қазақстан” — қазақтың бас газеті. Үлкен мектеп. Мағыналы газет. “Егеменді” тек биліктің басыбайлы газеті дегендер қателеседі. Бар керегіңіз бар. 12 жыл Оңтүстіктегі тілшісі болғаным мен үшін мақтаныш. Ұлыстың ұйытқысы болған Оңтүстікте көңіл толмайтындай дүние жоқ. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар. Ал, Оңтүстіктей жүрегі жылы, досқа құшағы ашығы некен-саяқ.
— Сіз ғой, журналистка саласында  жүріп,  спорт тақыры-бына қалам тартатын санаулы маманның бірісіз. Айтыңызшы, сіз спортты серік еткен жансыз ба, әлде спорт десе асын жерге қоятын көп жанкүйердің бірісіз бе?
— Мен әу баста спорт журналисі болып танылдым. Спорт тақырыбын біліп, жазуыма өзімнің спортпен айналысқанымның пайдасы тиді. Қырып тастамасақ та, ұлынан гөрі қызы көп КазПИ-дің күрес кілеміне салар чемпионы болғанымыз және рас.
“Егеменде” жүріп Бейжің және Лондон олимпиадасына, Доха мен Гуанчжоуда өткен Азия ойындарына жолым түсті. Спорт Агенттігінің аккредациясымен соңғы 10 жылда штаттағы 2 орыс тілді, бір фотокорр, бір қазақ тілді журналист барған болса, соның қазағы бізбіз.
Азия ойындары дегеніңіз Азия халықтарының олимпиадасы деп есептелінеді. Бұл олимпиадалардың ерекшелігі, барлық спорт түрлеріне кез-келген мезгілде жол ашады. Жарыстан шыққан сәттегі ең алғашқы сұхбатын аласың. Әлі кеуіп үлгермеген, тер аққан маңдайынан сүю бақытына ие боласың. Сенің алған ақпаратың, жазғаның байтақ Қазақстанға тарайды.
Бірақ, бір қызығы да, күйініштісі де сол, әлі жеке кітабым жоқ. Сол олимпиадалардан арқалап келген, сөмке-сөмке материалың, ауылға барған соң, қатырып кітап жазам деген ойың әдіра қалады. Жарыс өтті, бой суыды, қаламың сүріншектей береді. Соған қарағанда жалқау шығармын, пысық та емеспін-ау.
Бірақ, кейбір пысық жігіттерге қызығамын. “Егеменде” Оңдасын Елубай деген әріптесіміз бар. Біздей үкіметтің қолдауымен емес, демеуші тауып, турист болып барады. Туристік компания қалаған жарысқа билет әпермейді. Көбіне қаланы қыдыртады. Сен Винокуров туралы жаздың. Ильинмен, Чиншанло, Манеза, Подобедовамен күн сайын көрісіп жүрсің. Сәпиевпен күнде құшақтасасың. Бірақ, бірге суретке түсуді құнттамайды екенсің. Ал, турист-журналист осының бәрімен құшақтасып суретке түседі. Келе сала кітапқа отырады. Интернетте бәрі бар. Басында таңқалатын едім. Қазір үйреніп кеттік. Жазғандары мақталмаса да, шын журналист сол-ау. Әйтпесе, демеуші болам дейтіндер жоқ емес. Оншақты кітап жазардай жинаған материалдар бар. Құдай жазса, көрерміз.
— «Оңтүстік Қазақстан» газетіне басшы болып келгеніңізде елден бұрын қуанғанның бірі біз едік. Себебі, соңғы жылдары беделі төмендеп кеткен, 85 жылдық тарихы бар басылымды өз деңгейіне көтеру оңайға  соқпасы белгілі. Келдіңіз, көрдіңіз. Көзге бадырайып ұрып тұрған қандай мінді байқадыңыз?
— Газеттің беделі төмендеп кетті дегенге келісе қоймаймын. Басылымды ел сүйсініп оқитындай деңгейге көтеру тек бас редакторға байланысты емес. Ол — ұжымдық еңбек. Сенсеңіз, осы Оңтүстікте, қазақтың талай қабырғалы қаламгерлерінің, айтулы азаматтарының, қоғам қайраткерлерінің ізі қалған қара шаңырақта кәсіби журналист деген ұғымға толық жауап беретіндей журналистер көп. Мен “Жас Алаш”, кейінірек “Егемен Қазақстан” секілді ірі газеттерде ұзақ жыл жұмыс жасадым. Сондағы журналистердің деңгейінен Оңтүстіктегі аға буынның кәсібилігі төмен деп және айта алмаймын. “Оңтүстік Қазақстан” газетінде көтерілген келелі мәселелер республикалық қай газеттің болсын, беделін көтермесе, төмендетпейді.
Мәселен, 2-сәуір күнгі газетті сәл-пәл талдап көрейік. Бас мақала “Отандық өнімдер бәсекеге жарамды ма? деген Суханберді Оразаұлының мақаласымен ашылды.
Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған байқауда жүлде алған Суханберді ағамыз аз жазса да саз жазатын, әрбір айтқан ойы, құраған сөйлеміне жауап беретін кісі. Мақала журналистің қара базарда барлық бағаларды зерделеуінен, отандық өнімдерді бағалауынан басталады.
Лездемеде мен республикалық басылымдардағы тәжірибені айтып отыруға тырысамын. Қазақ баспасөзінің кеңестік одақ кезінде бас редакторға жарығаны Сейдахмет Бердіқұлов пен Шерхан Мұртаза. Екеуінің қолына тиген басылым гүлдеп сала береді.
“Лениншіл жаста” қабырға газеті болар екен. 1980 жылдардың іші. Әр басылымдардағы мықты мақалалар ілінеді. “Известия” газетінде қара базардан жазылған мақала беріліпті. Оқиғасы қанық, ел тұрмысының тынысын анық танытатын, өткені мен бүгінін бағамдап таразылайтын сараптама да жасалған.
Журналистер топ-топ болып барып оқиды. Берілу формасына, журналистің өткірлігіне қызығады. Кейін қайта айналып барса Сейдағаң бір бұрышқа “Әй, жігіттер-ай, қайтейін. Қара базар іргелеріңде тиіп тұрған жоқ па?” деп жазып кетіпті.
С.Оразалының мақаласы Сейдағаңның айтқанын еске түсіреді. Отандық өнім жоқ емес бар. Бірақ, ойланатын жайттар көп.
Мәселен, тұсқағаздар. Көз жауын алады. Ресей, Белорусь, Украинадан әкелінген. Қазақстандікі жоқ, жоқ емес-ау, бәсекеге төзе алмаған. Намысыңыз келе ме, әрине келеді.
Қазақтың ою-өрнегі бейнеленген сан түсті маталар. Оңтүстік-ақ мақтаның отаны, біздікі ғой дерсіз, біз де солай болғанын қалар едік. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, Қытайдікі. Ал, Қазақстанның базарға ұсынғаны көзге көп түсе бермейтін бөзі екен. Қытайыңыз ит арқасы қиянда отырып-ақ сізге керектің бәрін даярлап сатады.
Мақала осылай өріледі. Жетістіктерімізді де айтқан, кемшіліктерді де атап көрсеткен. Лаура Тастанбекованың “Жүкті әйелді жүгірткен емханалар” мақаласын да бірінші беттен “Кейіпкер бейнесіне енгенде” айдарымен бердік. Республикадағы әрбір бесінші бала Оңтүстікте дүниеге келеді деп кеуде ұрғанда ауа жетпей қалады. Ал, онсыз да жаны қиналып жүрген жүкті келіншек бір УЗД-ге тегін түсу үшін бір айға жуық уақыт күтер екен. Проблема ма, әрине проблема. Тек, ақылы тексеруден өтуден басқа амал жоқ. Ал, оныңызды төлей беруге әркімнің шамасы жете бере ме?
Әдетте, былайғы жұрт “Оңтүстік” тек биліктегі шаруаны мақтап жазатындай көреді. Сондай стереотип қалыптасқан. Төзімініз жетіп аяғына дейін оқып шықсаңыз екеуі де қып-қызыл сын мақала. Алғашқысы сараптамаға сүйенген, екіншісінде мамандарды сөйлете отырып, ащы шындықтың аузын ашқан. Аймақ газетінің мақаласы демесеңіз, республикалық басылымдардың тақымына толатын дүниелер.
Мақтаралда Сәбит Қалдыбаев деген меншікті тілшіміз бар. Жұртқа керек, өңірдің тамырын басатын дүниелерді таңдап, талғап береді. Осы нөмірде жерді терең қопсыту арқылы қосымша миллиардтаған қаражат табуға болатындығы жөнінде жазылған мақаласын бердік.
Әдетте, жерді терең айдау кептіріп, құнарын құртатынын ғалымдар айтып жүр. Ал, терең қопсыту еккен дақылдың өнімділігін арттырады. Соның есебінен қосымша 15 млрд. теңгеге дейін табыс табуға болады екен.
Жақсылық па? Елге жақсы, мемлекетке көмек пе?! Солай.
“Оңтүстік Қазақстан” газетін көп жұрт әкімдіктің газеті деп түсінеді. Ол рас. Бірақ, биліктің газеті әкімдердің жақсы жұмысын мақтай береді дегенді білдірмейді. Біздің ұжым Елбасының Жолдауына сәйкес ондағы көтерілген мәселелер бойынша сараптамалық мақалалар, дөңгелек стол, интернет конференцияларын өткізіп келеді. Бұл-мемлекеттік мәселе. Осы нөмірде “Ұлт зиялысы қандай болуы керек?” деген дөңгелек стол материалы жарық көрді. Көп ақпарат аласыз, терең таным, ой өлшеміне куә боласыз. Ой айтқан жақсы, мемлекетке жаны ашыған, елдің қамын ойлаған жақсы. Бірақ, өзімнен басқаның бәрі жаман дегенмен келіспейміз. Сол басқосуда ауыл-ауылға тартылған ауыз су, салынған жолдардың ешқайсысы орындалған жоқ деген сыңай да ой айтылған. Алып тастадық. Су бармаған, жолының сапасы нашар бірер ауылға тұщы суға мейірі қанып, жол азабынан құтылған жүздеген ауылды садағасы етуге болмайды ғой. Ондай дұрыс цензураға редакция құқылы. Өмірге өкпелі болсаң да барлық игіліктерге қара көзілдірікпен қарауға болмайды.
Газеттегі мінді сұрайсыз. Ол болады. Іздеген адамға табылады. Көзқарасы сәйкес келмеуі де мүмкін. Мәселен, біздің тілшілер күніге оншақты жиынға қатысады. Бәрінің маңызы бар. Қысқартып болса да нөмірге береміз. Ал, ол дау-жанжал іздеп қалған біреулер үшін түк қызығы жоқ болуы мүмкін. Облыста болып жатқан жаңалықтарға бей-жай қарауға болмайды. Статистикаға құрылған мақалалар да, ресми материалдар да жиі жарияланады. Оның да өз қызметі, оқырманы бар. Тырнақ астынан кір іздеген адамға “Егеменнен” бастап “Оңтүстіктен” талай мін табуға болады. Екеуі де мемлекеттік басылым болғандықтан өз шарбағынан әрі аттап кете алмайды. Ал, көпшілік оқырманға керек дүниені беру бағытында жұмыстарды жүйелеп отырамыз.
— Газеттің   оқырмандармен байланысы жөнінде не айтасыз?
— Оқырмандармен жұмыс жасау жақсы жолға қойылып келеді. Жақсы авторлар тауып жатырмыз. “Оңтүстікте” қызмет атқарған сөз зергері Сәділ Кәдеев деген ақсақалымыздың үйіне сәлем бере бардық, қазына кісі екен. Көп ізденеді. Илья Эренбург болу керек, құлаған Рейстах туралы қысқа штрих жазған екен. Фашистердің ең үлкен ордасы қираған. Кесектер шашылып жатыр. Соның ішінде бір қазақ солдаты құлап, тұрып велосипед тебуді үйреніп жүр деп жазыпты. Керемет деталь. Ол сіздің, не менің атам болуы да мүмкін ғой. Ал, Сәділ ағамыздан көп дүние тауып қайттық. Біз көпшілікке танылған бес-алты авторымызды шиырлай береміз. Ел іші — өнер кеніші. Ғажап адамдар көп. Көзден таса болып жүрген. Өзі мақтанға жоқ. Журналистерге осыны тапсырып жатырмыз. Әлгінде айтқан Сәбит Қалдыбаев деген тілшіміз осыдан төрт-бес жыл бұрын өзенде ағып бара жатқан балаларды құтқарған азамат жайлы жазды. Отанға еңбек сіңіру деген дзоттың оқпанын кеудемен жабу ғана емес.  Ел ішіндегі осындай қаһармандарды да қағыс қалдыруға тиісті емеспіз.
Былай айтқанда, есті газетке жазылар тақырып көп.
— Газетте сын болмаса, оның беделі болмайтыны тағы шындық. Әрине, дәйекті сынға ешкімнің шатағы жоқ. Сын болмаса, қоғамның дамуы да екіталай екендігі анық. Жалпы, өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?
— Газетте сын болмаса оның тісі жоқ, азусыз болғаны. Бірақ, ол шын болуы керек. Мен журналистерге қояр талабым, сын мақалада екі жақтың уәжі толық берілуі керек. Әйтпесе, жартыкеш мақала болады. Біреудің шотын шауып кетуің әбден мүмкін. Ондай жағдайлар болатын шығар, аңғармай қалуымыз да мүмкін. Өзімнің журналистік өмірбаянымда біреудің үстінен тапсырыс алып, дұрыс ісін бұрыс етіп жазған емеспін. Сын мақала жазбадым демеймін. Екі жағын тең ұстауға тырыстым, бүгінгі ұжымымнан да сұрарым сол.
Білім саласына тамырлап кеткен былықтар жөнінде “Ар мен Ақша” деген сараптамалық мақала жазғанымызда “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмас Мамытбеков, “Бәке, мұндай мақала Оңтүстікте осыншалықты ащы жазылмап еді, үлкен тәуекелге барыпсыздар” деді. Аудандық білім басшыларын, аудан әкімі, облыстық білім басқармасының келісімінсіз қойып келеді. Соның салдарынан күні кеше мектеп ауласын сыпырып жүрген әлдекім ықпалды кісілердің арқасында мектепке орналасып, кейіннен мектеп директорлығына көтерілгендері болды. Дипломы бар, несі бар дерсіз. Қызметке педогогикалық ізденісімен емес, тамыр-танысының арқасында келген бастықтың не істейтінін білесіз ғой.
Шымкентте көлік апаты, одан адам өлімі жөнінен республикада алдыңғы қатарға шығып кетті. Жиынға қатысқан соң тақырыптарға бөліп, сериялы мақалалар бердік. Бесіктен белі кеше шыққан бала, дәу джиптан басы зорға көрінетін қыз рульде жүр. Правоны кім берді? Назгүл Назарбекова деген тілшіміз тапсырмамен шоферлік курсқа жазылып, талай былықтың бетін ашты. Шоферлік куәлік беретін орталықтарымыздың денінің материалдық-техникалық базасы жоқ. Құры аты ғана. Ақшаңды алды — қып-қызыл сауда.
Материал жарыққа шыққанда облыс әкімінің орынбасары телефон шалып, республикалық газетке шығаруымызды өтінді. Республикалық тілшілер біздің қыз жинаған фактілерді алды. Соңы не болды? “Хабар” арнасында өткен “Айтуға оңай” ток-шоуында Шымкенттегі он бестен астам оқу орнының жабылғаны хабарланды. Шын сын осылай жазылса керек.
Ал, өз басым дұрыс сынды қабылдай аламын. Біреулердің тапсырмасымен түртпектеп қоятындар болады. Кейін сол жазған жігіттердің өзі жұқалап айтып қоятыны бар. Менің қолым ауырлау. Сол сын жазғандарды тірідей соятындай мақала жазуға қабілетім жетеді. Басқа да мүмкіндіктерім бар. Бірақ, әуелі Алладан қорқамын. Абзал әке-шешеден алған жақсы тәлім-тәрбиеміз бар. Сол да тоқтау салатын болса керек. Шайтан емеспіз, қарғыстан да қорқамыз. Қыдырбек Рысбекұлы деген досым бар. Ең мықты спорт журналисі. Намазхан. “Бақтияр, сені кейбір көрбақтар сынап жазса қуана бер. Сенің бұл дүниеде біліп, білмей істеген күнәңді сол бейбақ ана дүниеде көтеріп, тозақ отына шыжғырылады” дейді. Құдайсыз емеспіз, жаратқанға бас иеміз. Оныкі де дұрыс уәж-ау!
Бірақ, мені жұмсақ деп ойлайтындар қатты қателеседі. Қиянаттың бәрінің жауабы болады. О дүниеге кетпейді. Уақыт-төреші.
— Журналистің қаруы-қалам. Кейде арамызда қаламның өзін дұрыстап ұстай алмайтындар осы саланың нанын жеп жүр. «Самопал» мен таза, кәсіби журналистердің аражігін ажырататындай мүмкіндік бар ма? Әйтпесе, саланың атына кір келтіріп, «журналист» деген мәртебелі мамандықты мансұқ көріп, малданатындар тым көбейіп кетті.
— Дұрыс сұрақ екен. Мәселені қабырғасынан қойып отырсыз. Аражігін ажыратып беретіндей құқы бар үлкен санаттағы журналистердің қатарына өзімді қойып көрген емеспін. Өз шеберлігіне тоқмейілсіген журналист ол мықты журналист емес. Төрелік айтар адамдар бар. Бірегейі — “Егеменнің” бас редакторы Жанболат Аупбаев. Өмірінде біреудің арына тиіп, мақала жазбаған. Бірақ, Қазақстанда оның шығармашылығындай мықты журналистер саусақпен санарлық. Сол кісіні Оңтүстікке шақырып, журналистерге журналистік шеберлік, кәсібіне адалдық жөнінен лекция оқытуды армандаймын. Аражікті ажыратса, сол Аупбаевтар ажыратады.
— ҚР Журналистер одағы ОҚО филиалы төрағасының орынтағы бос тұрғанына да бірталай уақыт өтіпті.Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Әлде Оңтүстікте ол қызметке лайықты жанның болмағаны ма?
— Лайықты жандар көп қой. Соның бірі деп маған да ұсыныс айтылған. Әу баста «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы кім болса сол төраға болады деп бәтуә жасалыпты. Мені құдай мансап ауруымен ауыртпағанына разымын. Талапкерлер табылып жатса, жұртшылық өзі таңдар, мен қатыспай-ақ қояйын деп едім. Сонымды біреулер “сайлаудан өте алмаймын деп қорқады” депті. Деуге үйреніп қалған ауыздар айта береді. Сайлау жақындаған сайын “Кандидатураңызды ұсыныңыз” деген өтініштер жиілеп кетті. Әсіресе, ресми газет, телеарнадан. Маған журналистердің бірін-бірі жазғаны ұнамайды. Дұрыс емес. Өмір бар жерде қаза да бар. Кеше ғана ортамызда жүрген Анар Аспан, Әуесбай Әбдіразақов секілді әріптестеріміздің боздатып кеткені ойландыру керек қой. Мен келісім берсем, бір-біріне қырғи қабақ болып жүрген бауырларымды бітістіру, елдің пайдасына жұмыс жасау үшін барамын. Екі жақты болып жүрген жай бар. Оңтүстік журналистерінің алауыздығы республика ауқымына шығып кетті. Кекетіп, күлетін жағдайға жетті. Әріптестерім бірігейік, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық десе оған құлмын. Ал, сайлауға түсіп, өте алмай қалсам түк те намыс көрмеймін. Кім өтеді, журналистерді бірлікке шақырамын десе қасында боламын. “Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын” дейді ғой. Оңтүстік журналистерінің басынан бақ кетпесін десек, ит төбелестіргендей бір-біріне айдап салып, сыртында түк болмағандай қарқ-қарқ күліп отыратындардың жетегінде кетпеуіміз керек.
— Бәке, ашық сұхбатыңыз үшін алғысымызды айта отырып, Оңтүстік өңіріндегі әріптестеріңізге айтар қандай тілегіңіз, базынаңыз бар?
— Біз-біріксек ғана күшпіз. Елбасы бар ру-тайпаның тегін қуып келсең шежіресі қазақ деген ұлтқа тіреледі деген ой айтты. Қорықсақ, ұлтсыздықтан қорқайық. Әйтпесе, ит мініп, ирек қамшылап өткеніміз өткен.

Сұхбаттасқан:
Ердәулет Тұрапбекұлы.

Сіз не дейсіз?

Байдулла Қонысбек, Қазақстанның Құрметті журналисті:

— Бақтияр Тайжан талантты да, белгілі журналист. Қашан көрсең күліп жүретін Бақтиярдың қаламынан туындаған дүниелері де күліп тұрады, адамды еріксіз өзіне тартады. Оқысаң тамсандырады. Ол табиғатынан талантты да, туа бітті дарын иесі. Онысын өзі  білмеуі мүмкін, бірақ біздің білетініміз анық. Қашанда  ашық- жарқын мінезімен де, кәсіби шеберлігімен де, тума талантымен де көпшілікті өзіне қарата білер Бақтиярдың еліне, халқына бергені көп, берері әлі де бар оған тілекші ретінде қайкезде болмасын, қолдау көрсетуге әзірмін. Ол бесаспап маман, қай саланы болмасын, қажетінше қаузайды. Терең зерттеп, зерделей біледі. «Оңтүстік Қазақстан» Оңтүстік өңірінің шежіресі, төл тарихы. Бақтияр бауырымның осынау киелі шаңырақты басқаруға барғанын естігенімде шын қуанған жанның бірі менмін. Сенімімізді ақтап жүрген оның тағы бір белесті бағындырғанына қуанамын.

Сіз не дейсіз?

Оңғар Тәжиев, “Қазақстан жолы” газетінің бас редакторы:

— Бақтияр Тайжан – қазақ журналистикасының бүгінгі көшінде өзіндік соқпағын салған көрнекті қаламгердің бірі. Лондон олимпиадасы Қазақ елін әлемге паш етсе, Б.Тайжан ерен–салалы спорт тақырыбын тереңнен меңгерген, образды жазатын, отаншылдық қасиеті асқақ қаламгерлердің қазақта да барын таныта алды. Бақтияр еліміздің бас газетінің бетіне құрғақ ақпарат емес, жұлдызды спортшылардың жеңісі ұлт мерейін өсіріп, мәртебесінің биіктеткенін жарқыратып жариялай білді. Б.Тайжан бүгінгі күннің тынысын тамыршыдай дөп басатын, әсіресе ауылдың жағдайын әріден біліп ғана қоймай, ауыл-аймақтағы кәсіпкерлік, оның проблемалары туралы толғауы тоқсан құнды дүниелер беріп келеді.
Ол БАҚ-тың саяси ойыншысы емес. Бірақ өзі жүрген қауымдастықтың қыр-сырын саралай алатын, терең ойлы қаламгер. Елжандылығы ерен, азаматтық болмысы биік, үлкен парасат иесінің есімі елімізге танымал екенін мақтанышпен айтуымызға болады. Оңтүстікті жанындай сүйетін қаламгердің халқына қалтқысыз қызметінің жемісті болатынына шүбәміз жоқ.

Сіз не дейсіз?

Әбілда Аймақ, ҚР Жазушылар одағы ОҚО филиалының төрағасы:

— Бақтияр Тайжан еліміздегі санаулы, талантты спорт журналистерінің бірі екендігін көпшілік біледі. Ол сан жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетінің басшылығына келерден алдын ел газеті «Егемен Қазақстанда» тәжірбие жинады, ысылды, қаламынан халықтың көңіліндегісін дөп басқан мақалалары жазылды. Табиғаты ақкөңіл, үнемі жымиып, күліп жүретін Бақтияр жан-жүрегімен өзінің ізін басып келе жатқан журналист іні-қарындастарына әрдайым білгенін үйретіп, қолынан келгенше жәрдемін аямайтындығына жиі куә болып жүрміз. Мұндай азаматтың халқымызға бергені аз болмағанымен, берері әлі де мол екендігіне сенемін.