Әкім және оның бір жылдық еңбегі
Шырайлы Шымкентке Қайрат Молдасейітовтің әкім болып тағайындалғанына да жыл толыпты. Кәсіпкерлік қырымен аты шығып, облыстық мәслихаттың депутаты болып, кейін Түркістанды түлетіп, гүлдендірген басшының қала әкімінің орынтағына жайғасқанда «істің көзін таба білетін басшы келді» деп қуанған жұрт. Қуанатындай-ақ жөні бар. Киелі қаланы басқарғанда талай түйткілді тірліктің түйінін тарқатып, халыққа жақын әкім екенін дәлелдей білген. Іскерлік қабілеті мен талапшылдығының арқасында Түркістан қаласының бас жоспары қайта бекітілген. Қаладағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға арнап жаңа жылу қазандығы іске қосылған. Осылайша рухани астанамыз Түркістанда талай толайымды тірлік атқарып, көптің алғысына бөленген.
Енді Шымкенттің де шырайын арттыруға барын салып келеді. Жақында қаламыздағы Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жинап, қаланың даму қарқыны мен тыныс-тіршілігін сөз етіскен. Бұл басқосуда тұрғындарды жиі мазалайтын жол, ауызсу, балабақша мен мектеп мәселесі, қаланың бас жоспары бәрі-бәрі талқыға түсті.
Былтыр қала бойынша 200 шақырым жол асфальтталып, 190 шақырымға жуық жолға тас төселінген екен. Биыл да ол жұмыстар жалғасын таппақ. Қазірдің өзінде 100 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстарына қаржы көзі табылып, іске білек сыбана кірісіп кеттік, — дейді қала басшысы. Бұған 2 млрд. 750 миллион теңге шамасында қаржы бөлінген. Сондай-ақ қала бойынша 60 оң жақ өткел салынып, 23 жаңа бағдаршам орнатылады деп күтілуде. Ал қаламызда бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 69 пайызды құрап, мектепке дейінгі мекемелер саны 189-ға жетіп отыр екен. Онда 32 мыңға жуық бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 72 пайызға жеткізу көзделуде.
Биыл қаламыздың Бас жоспары қайта бекітілгені де белгілі. Елбасымыздың қолдауының арқасында қаланың жаңа әкімшілік- іскерлік орталығын құру үшін қазынадан 5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Қазір «Нұрсәт» шағынауданынан 279 гектар жер телімінің жобасы дайындалды. Мұнда жаңа әкімшілік ғимарат пен көрме, кітапхана, театр, концерт залы бой көтеріп, барлық мемлекеттік мекемелер сонда қоныстанатын болады. Биыл жыл соңына дейін мұнда Халықтық-шаруашылық жетістіктері көрмесі және облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, — деді Қайрат Молдасейітов.
«Ал экономикалық көрсеткіштер бойынша қаламыз 2011 жылы 14 орында болса, былтырғы жылы 4 орынға көтерілді. Шымкент қаласы бойынша бізде негізгі табыс көзі – өндіріс орындары. Былтырғы өндірілген кірістің көлемі 175 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсіп отыр. Қаламызға 10 млрд. теңге шамасында инвестиция тартылып, 14 кәсіпорын іске қосылған. Онда 1500 жаңа жұмыс орындары ашылған. 2012 жылы қаланың табысы 53 млрд. 700 мың теңге болса, ал жалпы ішкі кіріс 22 млрд. теңгеге тең болды. Яғни, 2011 жылмен салыстырғанда 4,7 млрд.-қа өсіп, 22 пайызды көрсетті. Жалпы алғанда, өткен жылды осындай толайым табыстармен қорытындыладық. Ал, биылғы межелеріміз одан да жоғары болады», — деп сендірді шаһар басшысы.
Қайрат Молдасейітов қала әкімінің қызметіне кіріскеніне 4 айдай болған кезінде ең бірінші болып, «Уақыт» газетіне сұхбат беріп, алдағы жоспарларын жайып салған еді. Сонда қаланың «тізгінін» талапшыл, іскер, қара бастың қамынан гөрі, халықтың қамын көбірек күйттейтін жанның алғанын аңғарғанбыз. Қуанысқанбыз.
Әрине, шаһарда шешілуі тиіс мәселелер шаш етектен. Бірақ бәрі уақыттың еншісінде. «Әкім болып, халыққа жақын болуды» мұрат тұтқан азаматтар барда барлық қиын мәселелер бірте-бірте өз шешімін табады деп сенеміз.
Әйгерім БЕГІМБЕТ.
Сіз не дейсіз?
— Мен Қайрат Молдасейiтовтi Түркiстан қаласына әкiм болып келгеннен берi бiлемiн. Ол әкiмдiкке кәсiпкерлiктен келдi. Мемлекеттiк қызмет саласында тәжiрибесi болмаса да, тез арада өзiнiң iзденiмпаздығының, алғырлығының, iскерлiгiнiң, бiлiктiлiгiнiң арқасында өзiн биiктен көрсете алды. Өңiрдiң мәслихат депутаттарымен қоян-қолтық араласып, мемлекеттiк қызмет саласын тез меңгерiп кеттi. Ауданның әлеуметтiк-экономикалық саласын дамытуда Қ.Молдасейiтов елеулi еңбектер атқарды. Керек болатын болса, қаланы абаттандыру, көрiктендiру ол кiсiнiң жұмыс iстеп тұрған шағында керемет дамыды. Шаһардың канализация мәселесiн шешiп, ауызсу мен тозығы жеткен жолдарды қалпына келтiруде, қалаға жаңа ғимараттар салуда Қайрат қарқынды еңбек еттi деп айта аламын. Түркiстанның халқы сондай талғампаз. Өзiнiң халықаралық университетi бар. Сол жақта әкiм болып қызмет атқарған кездерi шыңдалды, ысылды, мол тәжiрибе жинақтады. Қазiр Шымкент қаласының әкімі. Өзiнiң iскерлiгiнiң арқасында халыққа көп қызмет жасайды деп ойлаймын. Жалпы, оның ойы терең, бiлiмi ұшқыр жiгiт. Ол тек бiр саламен емес, барлық саланы қамтып, жұмыс атқаруда. Елбасымыз орта және шағын бизнесті дамытуда әкiмдердiң алдына үлкен мәселе қойып отыр. Соның iшiнен қайнап шыққан, саланы терең бiлетiн азаматтың қала әкiмi болуы ондағы бизнестiң дамуына үлкен ықпалын тигiзедi. Қайрат Молдасейiтовтің Шымкент қаласына әкiм болып келуi — облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың дұрыс таңдауы, Елбасы да, Президент әкiмшiлiгi де дұрыс шешiмге келген. Қайрат мырзаға ақ жол тiлеймiн, ел үшiн аянбай еңбек етсiн. Шымкент қаласын көркейтiп, өңiрдiң әл-ауқатын арттыра беруiне тiлектеспiн