ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛДЕРМЕН КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында «Досболайық» бағдарламасы аясында 7-сынып ұлдарына арналған кең көлемді профилактикалық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл іс-шара – жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылықтың, құқықбұзушылықтың, буллинг пен кибербуллингтің, лудоманияның, вейп өнімдерін қолданудың, сондай-ақ суицидтің алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Жас ұрпақты дұрыс бағытқа бағыттап, олардың өмірлік құндылықтарын бекіте түсуге арналған бұл жұмыс «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының мақсаттарымен толық үйлеседі.

Іс-шараға ДТІЖО У.Жамбулова, ДОІЖО Г.Жакипова және Шымкент қалалық полиция басқармасының ҚҚБ ҚТІЖ УПИ қызметкері, қатардағы полицей Жанатұлы Абдутаңат қатысып, оқушылармен ашық әрі мазмұнды профилактикалық әңгіме жүргізді. Полиция өкілінің қатысуы жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілікке деген көзқарасын қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Бұл – «Адал Азамат» бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі, яғни заңға құрметті, жауапты және саналы тұлға тәрбиелеу міндеті. Іс-шара барысында қатысушылар жасөспірімдер арасында жиі кездесетін буллинг пен кибербуллингтің түрлері, олардың психологиялық және құқықтық салдары туралы нақты мәлімет алды. Буллингтің құрбандарға әсері, қақтығыстың алдын алу жолдары, өзгенің жеке шекарасын құрметтеу мәдениеті кеңінен түсіндірілді. Бұл бағыт жасөспірімдердің әлеуметтік ортадағы мінез-құлқын реттеуге, адамгершілік қасиеттерін жетілдіруге ықпал етеді. «Адал Азамат» бағдарламасында да балалардың өзара сыйластық, құрмет және әділдік қағидаттарымен өмір сүруі басты құндылық ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, кибербуллингтің қазіргі қоғамда барынша кең таралған құбылыс екендігі айтылып, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік, жеке ақпаратты қорғау, онлайн ортадағы мәдениет ережелері түсіндірілді. Жасөспірімдердің интернеттегі әрекетіне жауапкершілікпен қарауы – олардың ақпараттық сауаттылығының ғана емес, моральдық ұстанымының көрсеткіші. Бұл – саналы азаматтың болмысын қалыптастыруға қажетті дағдылардың бірі.

Профилактикалық жұмыстың тағы бір маңызды бөлігі — зорлық-зомбылық пен құқықбұзушылықтың алдын алу. Оқушылар құқықтық жауапкершілік, заң бұзған жағдайда қандай салдар болатыны, қоғамдағы тәртіпті сақтау мәдениеті туралы жан-жақты ақпарат алды. Бұл жасөспірімнің қоғамға, өз ортасына және өзіне деген жауаптылығын арттыратын маңызды түсіндіру жұмысы болды. Заңға бағыну, дұрыс әрекет ету, әділ болу – «Адал Азамат» бағдарламасының негізгі құндылықтары. Сондай-ақ лудомания, вейп өнімдері және зиянды әдеттердің психологиялық салдары туралы нақты мысалдар келтіріліп, олардың денсаулыққа қауіп төндіретіні түсіндірілді.