ПЕШ ҚАУІП ӘКЕЛМЕСІН ДЕСЕҢІЗ…

219
0

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы жылыту үшін қатты отынды қолданатын тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қатаң ескертеді. Ол үшін неге мән беру керек? Қандай факторларды қаперден шығармаған жөн?

Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Базарбек Мейрамхан төмендегідей жауап береді.

– Жылыту маусымы кезінде үйден шығатын өрттердің шығуына пеш себепші болып жататын жағдайлар жиі кездеседі. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес тұрғын үйлерде пештерді қолдануға қойылатын талап пен норма бар. Оның ішінде ең негізгісі пештің мұржасы төбе жабындысынан өтерде жанып кететін материалдарға тимеуі тиіс. Өзге де саңылауы болса бітеп, ақтап қою қажет. Сонымен қатар жылыту пештерінің алдына көлемі 50х70 см құрайтын металл табығын қағып қойған абзал. Пеште жеңіл тұтанатын сұйықтықтармен от жақпаңыз. Жағылған пешті қараусыз қалдырмау керек.

Осылай деген  Мейрамхан Бақытұлы ауа-райы күрт суыған кезде кейбір үйлер пешті шамадан тыс қыздырып жіберетінін, егер үйді монтаждау  кезінде қандай да бір кемшілікке жол берілсе  шамадан тыс қызған пеш әсерінен өрт шығу қаупі жоғарылайтынын атап өтті.

Одан өзге ол пеш маңайына киім, ал түбіне аяқ киім кептіруде қауіпті жағдай екенін ескертеді. Және пештерді бақылауды кішкентай балаларға тапсыру да өрескел қателікке апаруы мүмкін екенін айтады.

Одан өзге ол тұрғын үйде болатын өрт тек пештерден емес екенін еске салады. Өртті алдын алу үшін электр сымдарының ажыратқыш пен розеткалардың жарамдылығын қадағалауды үрдіске айналдыру керек деп есептейді. Және де ол «электр құрылғылары мен плиталарды перделер мен жиһаздардан қашық жерге жанбайтын тіреуіштерге қою керек. Қуаттылығы жоғары электр құрылғыларының бір желіге қосылуына жол бермеңіз. Бұл электр желілерінің  жоғары жүктемесіне алып келеді. Қолдан жасалған электр қыздырғыш құрылғыларын қолданбаңыз. Қыздырғыштарды киім кептіруге пайдаланбаңыз. Бөлмелерді жылыту үшін газ плиталарын қолданбаңыз. Үйден шығарда барлық газ және электр құрылғыларының өшірілгеніне көз жеткізіңіз. Сіріңкелер мен оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде ұстаңыз»,-дейді.

Айта кетейік, Түркістан қаласында  40541 абонентке газ орнатылған. Бірақ оның ішінде 25 пайызы немесе 6482 абонент көмір қолданып отыр.