«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ 4 МЫҢДАЙ ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ

«Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында ауыл экономикасын дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл жоба ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді шара саналады.
2023-2025 жылдары бағдарламаға республикалық бюджеттен жалпы 30,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы 19,8 миллиард теңге, 2024 жылы 3 миллиард теңге толық игерілді. 2025 жылы 7,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, бүгінгі таңда 3,5 миллиард теңгеге 401 жоба қаржыландырылды. Қаражат 3 транш бойынша бөлінген, қалған 3,9 миллиард теңге 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін аудан әкімдіктерінің нақты ұсыныстары мен скрининг нәтижесіне сәйкес толық игеріледі. Аталған жобаның іске асырылу барысы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте арнайы талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаның сапасына және нақты нәтижеге ерекше мән беруді тапсырды. Оның айтуынша, 2026 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 15,3 миллиард теңге тарту жоспарланып отыр. Дегенмен, 1 115 жаңа жоба бойынша 1 400 жұмыс орнын ашу жеткіліксіз деп бағаланды. Әкім кәсіпкерлерге тұрақты жұмыс орындарын ашуға, қаржының тиімді жұмсалуына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, биыл бөлінген қаражат бағытталатын ауылдық округтер мен кооперативтер тізімін бекіту және жоспарды 1 наурызға дейін аяқтау тапсырылды.
«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) аясында 6 бағыт бойынша 3 902 жобаға жалпы 26,3 миллиард теңге несие берілді. Нәтижесінде өңірде шағын кәсіпкерлік 3 902 бірлікке артты, 25 гектар аумақта 513 жылыжай кешені салынды, мал басы 74 109-ға көбейген. Сонымен бірге 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, 4 190 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыс орындарының көбеюіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға қысқарды. Жобалар арқылы жыл сайын шамамен 30 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде. Бағдарлама аясында бүгінгі таңда 4,8 миллиард теңге қайтарылған, оның 4,6 миллиард теңгесі қайта айналымға жіберілген. Бұл қаражат есебінен 579 жаңа жоба қаржыландырылып, 600 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құруға ерекше мән берілуде. Үш жыл ішінде 103 кооперативке 2,5 миллиард теңге несие берілді. Өңірде өнім өндіруден бастап оны өңдеу және нарыққа өткізуге дейінгі толық өндірістік циклды қамтитын табысты кооперативтер қалыптасты. Атап айтқанда, «Майтөбе сүт» кооперативі сүт жинау және қайта өңдеу желісін іске қосып, өнімдерін әлеуметтік мекемелерге жеткізуде. «Аят-Агро.Сом» кооперативі жеміс-көкөніс өңдеу цехын кеңейтіп, өнімдерін шетел нарығына экспорттауда. Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында 27 жылыжай іске қосылып, жылына 580 тонна өнім өндіруде. Бұл кооперативтер ауыл экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа тиімді жеткізуге үлес қосып отыр.
Алдағы 2026-2028 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 68,7 миллиард теңге тарту жоспарланып отыр. 2026 жылы республикалық бюджеттен 15,3 миллиард теңге қаражат бөлінуі жоспарланған. Бұл қаржы есебінен 1 115 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы арқылы өңірдегі ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру мүмкіндігі мол. «Ауыл аманаты» бағдарламасының Түркістан облысындағы іске асырылуы елдің ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық бастама болып табылады. Жобалардың тиімділігі, инвестициялардың мақсатты жұмсалуы және кооперативтердің дамуы өңір экономикасын тұрақты дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған. Түркістан облысы аталған бағдарлама арқылы ауыл экономикасын нығайтып, халыққа сапалы өмір сүру мүмкіндігін ұсынуда.



