АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНДЕГІ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді зерделеу және бақылау мақсатында облыс әкімінің төрағалығымен маңызды мәжіліс өткізілді. Облыс басшысы Нұралхан Көшеров жиында атқарылған жұмыстардың әлі де толық оң нәтиже бермей отырғанын атап, жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Мәжілістің басты тақырыбы – мал басын түгендеу, жайылым жерлердің тиімді пайдаланылуы, субсидияларды бақылау және салықтық түсімдер мәселесі болды.

Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасы мен статистикалық көрсеткіштерді салыстыру барысында кейбір аудан, қалаларда сәйкессіздіктер көп екенін атап өтті. Оның сөзінше, статистика мекемелеріне ұсынылатын ақпарат қатаң бақылауға алынуы тиіс. Сонымен қатар, облыста мал басын бірдейлендіру бойынша жаңа қадамдық іс-шара жоспарын бекітіп, сол жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізу тапсырылады. Мал басы тіркелмеген жайылым жерлерді қайтару бағытындағы жұмыстарды облыс көлемінде жандандыру, орындалуы туралы ай сайын мәлімет беру де әкім тапсырған нақты міндеттердің бірі болды. 2024-2025 жылдары субсидия алған шаруа қожалықтарына қатысты деректерді зерделеу жұмыстарын тездетіп жүргізу, мемлекеттік қолдау мен субсидияны алып, жұмысын жүргізбей отырған немесе салығын төлемей отырған шаруаларға заң шеңберінде шара қабылдау маңызды мәселелер қатарында аталды.

Жиында Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков 2024-2025 жылдары жүргізілген агроөнеркәсіп кешенін зерделеу жұмыстарының нәтижесін баяндады. Зерделеу төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілді: ауыл шаруашылығы жануарларының нақты санын сәйкестендіру, жайылым жердің мақсатына сай пайдаланылуын анықтау, субсидия алған шаруашылықтардың салық төлемдерін бақылау және мемлекет тарапынан мал шаруашылығына берілген субсидияларды зерделеу. Мәліметтер бойынша, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы статистикалық деректер мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорын салыстыру нәтижесінде облыс бойынша бірқатар ауытқулар анықталды. Мүйізді ірі қара малда – 8%, ұсақ малда – 6%, жылқыда – 6% айырмашылық тіркелді, ал түйелерде ауытқушылық жоқ. Дегенмен, кейбір аудан және қалаларда сәйкессіздіктер айтарлықтай жоғары болып шықты.

Облыс бойынша құрылған жұмысшы топ 2 271 жер пайдаланушыға тиесілі 335,8 мың гектар жайылым жерде мал басының тіркелмегенін анықтады. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп нақтылау жұмыстары жүргізіліп, 187,3 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілді, сондай-ақ қайтару кестесі әзірленді. Сонымен қатар, 2025 жылы жерді мақсатына сай пайдалануды зерделеу барысында 1 542 жер пайдаланушының 302,4 мың гектар жер учаскесін мақсатқа сай пайдаланбағаны анықталып, тиісті хабарламалар жолданды. 2024-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 293,3 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 2024 жылы – 68,2 мың гектар, 2025 жылы – 225,1 мың гектар. Қайтарылған жайылымдардың 161,9 мың гектары елді мекендерге жақын орналасқандықтан, оларды қоғамдық жайылым ретінде ауылдық округ әкімдіктеріне бекіту жоспарлануда. Бұл шара мал басын тіркеу мен жайылым жерлерді тиімді пайдалану үшін маңызды қадам болып отыр.

Субсидия мәселесі де назардан тыс қалмады. 2024 жылы 10 310 тұлға субсидия алып, оның ішінде 2 476 тұлға салық төлемегені белгілі болды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 1 870 тұлға 58,5 миллион теңге салық төледі. Бұл көрсеткіш мемлекет тарапынан берілген субсидиялар мен салықтық бақылаудың тиімділігін көрсетеді. Мәжілісте облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, мал басын түгендеу, дерекқор мен статистикалық есепті сәйкестендіру, тіркелмеген жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару, сондай-ақ субсидия мен салықтық түсімдерді жүйелі зерделеу жұмыстары жалғасатындығы айтылды. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп, өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді шара ретінде жүзеге асырылмақ. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу жүйесі күшейіп, жайылым жерлердің тиімді пайдаланылуы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, субсидия мен салықтық түсімдердің бақылауы арқылы мемлекеттік қолдаудың мақсатқа сай жұмсалуына кепілдік беріледі. Бұл шаралар облыс аумағындағы агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.