ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖАС САРБАЗДАР КЕЛДІ

Көктемгі әскерге шақыру науқаны қарқынды. Түркістан облысындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөліміне жас сарбаздар келіп жетті. Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан келген 120-ға жуық азаматты әскери ұжым салтанатты түрде қарсы алды.
Әскери бөлім табалдырығын аттаған сәттен бастап, сарбаздар үшін 4 апталық дайындық курсы басталды. Олар мұнда саптық жүрісті, қару-жарақпен жұмыс істеуді және әскери жарғыларды үйренеді. Тәртіп пен төзімділікке баулитын оқу-жаттығу жиындары тәжірибелі офицерлердің бақылауында өтуде.
Сарбаздарды қабылдау үшін казармалар жөндеуден өтіп, медициналық пункт қажетті жабдықпен қамтылған. Алдағы күндері Жамбыл облысынан тағы 55 жауынгер келеді деп күтілуде. Дайындық курсы полигондағы атыс жаттығуларымен қорытындыланып, сарбаздар салтанатты түрде Ант қабылдайды.



