ЖОЛ САПАСЫ: 224 НЫСАНДА ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Түркістан облысы әкімі аппаратының кезекті апталық мәжілісінде автомобиль жолдарының жай-үйі мен ондағы түйткілді мәселелер кеңінен талқыланды. Жиынды басқарған облыс әкімі Нұралхан Көшеров саладағы толайым істермен қатар, шешімін күткен өзекті түйткілдерге де арнайы тоқталып, жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмыс қарқынын ширату жөнінде нақты әрі тапсырмалар жүктеді.
Өңір басшысы өз сөзінде жергілікті әкімдерге жол құрылысы нысандарындағы жоспарланған жұмыстарды созбалаңға салмай, жедел бастауды, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін мейлінше күшейтуді міндеттеді. Талапқа сай келмейтін, сапасыз орындалған құрылыс-жөндеу жұмыстары бойынша заң аясында қатаң шаралар қолданылатынын ескерткен ол, жол бойындағы сервистік орталықтар мен санитарлық-гигиеналық тораптарды заманауи талаптарға сай келтіруді тапсырды. Сонымен бірге, жолдарды уақтылы күтіп ұстау, алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстарын қазірден бастап жүйелеу қажеттігін баса айтты. Алқалы жиында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының облыстық филиалы тарапына да тиісті ұсыныстар мен сыни ескертпелер білдіріліп, кемшіліктерді жою мерзімдері белгіленді. Апталық мәжіліс барысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Ербол Примбетов салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы межелер жөнінде баяндап, есеп берді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар күретамыр жолдардың 95 пайызы, ал жергілікті маңызы бар облыстық және аудандық жолдардың 94,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланып отыр. Жол инфрақұрылымын одан әрі жақсарту мақсатында биыл өңірде жалпы ұзындығы 1138,1 шақырымды құрайтын 224 нысанда ауқымды құрылыс және жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдарда 22 нысан, аудандық маңызы бар жолдарда 18 нысан және елді мекендердің ішкі 184 көшесінде қайта жаңғырту мен жөндеу істері атқарылуда. Сондай-ақ жыл қорытындысымен 103 нысан немесе 445,2 шақырымды құрайтын жол толықтай пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жол құрылысының сапасын арттыру мәселесі облыс басшылығының тұрақты әрі қатаң бақылауында тұр. Жыл басынан бері арнайы жылжымалы зертханалар тарапынан 532 сынама алынып, нәтижесінде бекітілген талапқа сәйкес келмеген құрылыс материалдары анықталған. Осыған орай жауапсыз мердігерлерге заң аясында 10 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен сапасыз төселген 15 мың шаршы метр немесе 119,4 миллион теңгенің асфальт жабынын қайта төсеуге мәжбүр болды.
Мәжілісте республикалық маңызы бар күретамыр жолдардағы жұмыстардың барысы да егжей-тегжейлі сараланды. Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумағындағы республикалық жолдардың жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Биыл жалпы ұзындығы 128 шақырым болатын 6 нысанда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, 2026 жылы ұзындығы 104 шақырымды құрайтын «Самара – Шымкент» халықаралық автодәлізінің екі учаскесіне орташа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Осы стратегиялық маңызды жоба аясында жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылмауын және оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 6 арнайы автоматты өлшеу станциясы орнатылатын болады. Жолдарды күтіп-ұстау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері жоспарланған шұңқырларды жөндеу жұмыстарының 86 пайызы сәтті орындалды. Өңірде жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол таңбаларын жаңарту, бағыттайтын жол белгілерін орнату, шұңқырларды уақтылы жөндеу және жол инфрақұрылымын тиісті деңгейде күтіп-ұстау жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес үздіксіз жүзеге асырылып келеді.



