ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕККЕ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында өсіп келе жатқан ұрпаққа жан-жақты қолдау көрсету, оларды туған жерді көркейтуге жұмылдыру және тұрақты жұмыспен қамту бағытында кешенді де жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Өңірде жыл басынан бері мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында 4536 түрлі мәдени, спорттық және танымдық іс-шара өтіп, оған 434 мыңнан астам жас қатысты. Нәтижелі жұмыстардың арқасында облыста 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызды құрап, өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмендегені байқалады. Мемлекеттік қолдаудың оң нәтижелері мен алда тұрған маңызды міндеттер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте егжей-тегжейлі талқыланды.
Арнайы жиында өңір басшысы Нұралхан Көшеров жастарды тұрақты жұмыспен қамту және олардың әлеуетін толық жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Өңір басшысы облыстың жастар саясатын дамыту бағытындағы жұмыстарға терең талдау жүргізіп, заман талабына сай жаңа қадамдық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, оның деңгейін төмендету, жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету және ел болашағын сүйрейтін көшбасшы жастарды даярлау бағытындағы жұмыстарды басты назарда ұстау керектігін баса айтты. Бүгінгі цифрлық технологиялар қарыштап дамыған заманда жастар арасында цифрландыру мен жасанды интеллект бағытын дамыту, ғылыми-техникалық мамандықтардың маңыздылығын кеңінен насихаттау өте маңызды. Осыған байланысты облыс әкімі салаға жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыс қарқынын күшейтуді міндеттеді. Мәжілісте өңірдегі жастардың ахуалы мен атқарылған іс-шаралар туралы облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл баяндады. Оның мәліметінше, өңірде жастар арасындағы өзекті мәселелер дер кезінде анықталып, жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Әсіресе, арнайы «Отбасын қолдау орталықтары» арқылы жастар мен жас отбасыларға отбасын жоспарлау, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптеу және отбасылық жауапкершілікті нығайту бағытында үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ Түркістан және Кентау қалаларында, Төлеби ауданында «Жастар денсаулық орталықтары» сәтті жұмыс істеп тұр. Ел ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру мақсатында жыл басынан бері аудан мен қалаларда профилактикалық шаралар тоқтаусыз жүргізілді. Осының нәтижесінде интернет-алаяқтық, сыбайлас жемқорлық және нашақорлықтың алдын алу үшін 590 нысанда ақпараттық аудиоджинглдер қосылып, 650 ескерту плакаттары орнатылды. Ал «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында өткен оқу жылында 7 мыңнан астам кездесу өтіп, оған 450 мыңнан астам оқушы қатысып, құқықтық сауаттылығын арттырды.
Жастардың қоғамдық белсенділігі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің атқаратын үлесі зор. Мәжілісте аталған орталықтың басшысы Ернар Бектаев атқарылған ауқымды жұмыстар бойынша есеп берді. Бүгінгі таңда Түркістан облысында жалпы саны 18 жастар ресурстық орталығы мен 149 волонтерлік ұйым халыққа қызмет етеді. Ең қуаныштысы, өңірде 27 713 жас ерікті ретінде тіркеліп, түрлі қайырымдылық пен қоғамдық шаралардың басы-қасында жүр. Одан бөлек, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 1540 үйірме жұмыс істеп тұр. Елімізге белгілі Республикалық «Жастар» ғылыми-зерттеу институтының мамандары Түркістан облысының аудан-қалаларында болып, NEET санатындағы, яғни уақытша оқымайтын және жұмыс істемейтін 1700 жаспен арнайы кездесулер өткізді. Осы зерттеулердің нәтижесінде оларды жұмыспен қамту бойынша тиімді ұсыныстар дайындалды. Толағай еңбектің арқасында «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде жыл басында 12 023 NEET санатындағы жас тіркелген болса, қаразырде олардың саны 8 332-ге дейін азайды. Мансап орталықтары арқылы 1567 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Жастардың өндіріске деген ынтасын арттыру үшін 1685 жасқа облыстағы 16 ірі өндірістік кәсіпорынға арнайы экскурсиялар ұйымдастырылды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағытта биыл 44 967 жасқа ақпараттық-кеңес беріліп, нәтижесінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1140 жас өз бизнесін ашуға мемлекеттік грант иеленді. Сонымен қатар жастарды Отанды қорғауға, әскери борышын өтеуге баулу жұмыстары да тұрақты жүріп жатыр. Көктемгі әскерге шақыру науқанында 2470 түркістандық жас ел қорғауға аттанды.


