ІСКЕРЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы Қонаев даңғылының бойынан бой көтеретін сауда-іскерлік орталығына табан тіреді. Мұнда бірегей «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығының құрылысының басталуына орай шара ұйымдастырылған еді.

Өңірімізге ғана емес жалпы елге аты белгілі «САУТС-Ойл» компаниясы аталған нысанның негізгі инвесторы саналса, түркиялық «Koç Construction» құрылысты салушы бас мердігер ретінде жұмысты бастамақ. Шарада шаһар басшысы «Алдағы 5 жыл ішінде қалаға 5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту міндетін қойдық. Ал бүгін Шымкент қаласы үшін бірегей жоба бастау алады. Бастамаға сәттілік тілеймін. Жалпы қазіргі кезде мегаполисте тұрғын үйге деген сұраныс артқан, агломерациясы дамыған шаһарымызға келушілер мен үй алып қоюға ниеттілер көбейген. Сондықтан кәсіпкерлерді Шымкентке инвестиция салуға шақырамын» деп атап өтті. Ал белгілі кәсіпкер Серікжан Сейтжанов жаңа нысанның салынуы қала көркіне көрік қосып қана қоймай, экономикаға да үлкен пайда әкелетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар «Бүгінгі шараға арнайы келіп қатысқаныңыз үшін алғыс білдіремін, құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы! Осы күнге дейін әкімдікпен тығыз жұмыс істеп келеміз, алдағы уақытта да қаламыздың дамуы жолында бірге көптеген жобаларды жүзеге асыратын боламыз» деп атап өтті. Айта кету керек, бас мердігер компания — халықаралық құрылыс саласындағы тәжірибелі компания. Жарты ғасырлық тарихы бар. 1959 жылдан бері 3 материкте құрылыс салып, әлемнің 9 елінде ірі-ірі жобалардың жүзеге асуына атсалысқан. Солардың бірі Өзбекстанның ең маңызды жобасы саналған «Ташкент Сити» құрылысының негізгі басым бөлігін жүргізіп, қазіргі таңда 3,5 млн2 м шамасындағы нысанның құрылысын салуда. Сонымен қоса «Hilton» қонақ үйінің құрылысын да аталмыш компания жүргізген. Бұдан басқа да жетістіктерін айтып өткен компания директоры Омер Сарикоч «Орта Азиядағы аумағы ең үлкен болып табылатын бауырлас еліміз — Қазақстанда алғашқы инвестициялауды миллионды қала — Шымкенттен бастағанымызға өте қуаныштымыз. Бұл ғимарат прогрестің, дамудың, яғни алға қарай ұмтылудың негізгі символы болады. Шым шаһарға алдағы уақытта да басқа салалар бойынша инвестиция салуға дайынбыз» деп атап өтті. Жалпы Шымкент қаласы 2020 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемінің өсу көрсеткіші бойынша республикада екінші орында болған болса, 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан өңірлерінің рейтингісінде тұрақты түрде көш бастап келеді. Айтып өтейік, «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығын салу барысында 200 тұрақты және 1250 уақытша жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар нысанның айрықша әрі заманауи архитектурасы да қаланың көркіне көрік қосып, негізгі орталықтардың біріне айналары сөзсіз.