ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Түркістан облысында кейінгі жылдары өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеру, отандық және шетелдік инвестицияларды кеңінен тарту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында маңызды қадамдар жасалып келеді. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кезекті Инвестициялық штаб отырысы өтті. Маңызды басқосуда өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың нақты іске асырылу барысы сараланып, 2026 жылы қолға алынатын жаңа бастамалар мен сырттан капитал тарту жұмыстары кеңінен талқыланды. Жиын барысында облыс басшысы белгіленген жоспарларды кешіктірген бірқатар аудан және қала әкімдерінің жұмысын қатаң сынға алып, бұл бағыттағы тапсырмаларды орындауды күшейтуді талап етті.
Елді мекендердің дамуы мен халықтың тұрмыс сапасы тікелей тартылған инвестиция көлеміне байланысты екені жасырын емес. Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде инвестиция тарту бағытында біраз шаруаның атқарылғанын, бірақ қол жеткен нәтижемен шектеліп қалмай, жұмыс қарқынын одан әрі үдету қажеттігін баса айтты. Өкінішке қарай, кейбір аудан мен қала әкімдіктерінде бұл бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отырғаны ашық айтылды. Өңір басшысы әрбір басшының нақты жұмыс жоспары мен бағдарламасы болуы тиіс екенін ескертті. Өз кезегінде облысты дамытудың басты бағыты – жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрақты жұмыс орындарын көбейту, шикізатты терең өңдеу саласын өркендету және Түркістан облысын дотациялық аймақтар қатарынан біртіндеп шығару. Әрине, бұл өте ауқымды да күрделі міндет болғандықтан, бір күнде немесе бес жылда толық шешіле салатын мәселе емес. Дегенмен, бұл бағыттағы жүйелі де табанды жұмыстар үзілмей жалғасуы тиіс. Мысалы, 2023 жылы облыстың өзіндік кіріс үлесі 10 пайыздан сәл ғана асатын болса, атқарылған жүйелі шаралардың арқасында қазіргі таңда бұл көрсеткіш 20 пайызға жетіп отыр. Алдағы 10 жыл көлемінде Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтамасыз ететін, экономикалық дербес өңірге айналдыруға барлық мүмкіндік бар. Ол үшін облыс экономикасының тірегі саналатын терең өңдеу саласына басымдық берілуі қажет. Әр ауданның әлеуеті мен ішкі мүмкіндіктері толық сараланып, арнайы сараптама нәтижелері барлық жергілікті басшыларға жолданған болатын. Ендігі кезекте аудан мен қала әкімдері соған сай нақты жоспар әзірлеп, бір ай мерзім ішінде өз ұсыныстарын білдіруі тиіс. Өндірістік парктерді дамыту және жаңа кәсіпорындарды іске қосу – халықтың да, аймақ экономикасының да басты қажеттілігі. Облыс басшысы бұл бағытта нәтижелі жұмыс көрсете алмаған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына тиісті тәртіптік шаралар қолданылатынын да ескертті.
Жиын барысында өңірдің ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласындағы ірі жобалары да жеке-жеке қаралды. Атап айтқанда, Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан «Қайып ата» компаниялар тобының ауқымды бастамалары талқыланды. Олардың қатарында етті терең өңдеу комбинаты, түйіршіктелген құрама жем шығаратын зауыт, сүрлемдер мен астық сақтайтын заманауи қоймалар, ауыл шаруашылығы жабдықтарын өндіретін кәсіпорын және заманауи мал биржасы бар. Бұдан бөлек, Арыс қаласында 35 мың басқа арналған ірі бордақылау кешені мен жаңбырлатып суару технологиясы арқылы мал азығын өсіру жобаларының орындалу барысы баяндалды. Сонымен қатар басқосуда Түлкібас ауданында бой көтеріп жатқан «Майлыкент Ферм» тауарлы сүт фермасының, Жетісай ауданындағы «Агросут» сүт өңдеу зауытының, Қазығұрт ауданындағы «Қарқын-2030» серіктестігінің 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңының және «Түлкібас құс фабрикасы» серіктестігінің тік интеграцияланған бройлер құс фабрикасы құрылысының қазіргі жай-ақылы сөз болды. Жиын барысында Мақтаарал және Келес аудандарының әкімдері де баяндама жасап, 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар мен шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асатын жоспарлары жөнінде есеп берді. Инвестициялық штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне әрбір инвестициялық жобаның белгіленген мерзімде сапалы іске қосылуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, олармен тұрақты кері байланыс орнату және жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы халықты тұрақты жұмыспен қамту деңгейін арттыру басты назарда болуы тиіс. Өңірде өндірістік парктер желісін кеңейту, ауыл шаруашылығы шикізатын шикідей сатпай, оны терең өңдеуге бағытталған жобаларды мемлекет тарапынан қолдау жұмыстары мұнан әрі де қарқынды түрде жалғаса береді.



