МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА 52 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдаулары мен жүктеген тапсырмаларында ауылдарды дамыту, олардың инфрақұрылымын заман талабына сай жетілдіру және ең бастысы, жергілікті тұрғындарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне әрдайым басымдық беріп келеді. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қадағалауымен аймақта тұрғын үй құрылысы саласы қарқынды дамып, ауылдық жерлердің ажары кіріп, тұрғындардың тұрмыс сапасы жаңа деңгейге көтерілуде.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде маңызды жоба жүзеге асты. Нақтырақ айтқанда, Мақтаарал ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінің Фирдауси елді мекенінде салынған 100 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары толық әрі сапалы аяқталды. Таяуда алғашқы лекпен аталған заманауи тұрғын үйлердің 52-і «Отбасы банк» АҚ арқылы баспана кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға табысталды. Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсіміне Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, елді мекен тұрғындарын қуанышты сәттерімен шын жүректен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы арнаулы баспананың әрбір отбасы үшін қаншалықты маңызды екендігіне тоқталып, бұл күннің көптеген азаматтардың өміріндегі ерекше, ұмытылмас қуанышты сәт екенін атап өтті. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдаулар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізді.

Айта кету керек, бой көтерген жаңа тұрғын үйлер тұрғындардың жайлы, қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүруіне қажетті барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, әрбір үйге табиғи газ, электр энергиясы, сапалы ауыз су және заманауи кәріз жүйелері толық жүргізілген. Сонымен қатар, тұрғын үй аумағын абаттандыру, асфальт-бетон жабындысын төсеу, кірме жолдарды ретке келтіріп, жарықтандыру жұмыстары да жоғары деңгейде аяқталған. Жаңадан салынған әрбір тұрғын үйдің жалпы аумағы 63 шаршы метрді құрайды. Пәтерлердің ішкі жоспарлануы өте ынғайлы қарастырылған, онда кең кіреберіс бөлме, үш тұрғын бөлме, кең ас үй және санитарлық торап бар. Сондай-ақ ең басты ерекшелігі – әрбір үйге 7 соттық жер телімі қоса берілген. Бұл ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылық жүргізуіне, бау-бақша өсіріп, бау-бақша өнімдерін жинауына және отбасылық тұрмысын жақсартуына үлкен демеу болары сөзсіз. Жаңа баспананың кілтіне ие болып, қуанышы қойнына сыймаған отбасылар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қамқорлық пен қолдау үшін өздерінің ризашылықтарын білдірді. Көптен күткен армандары орындалғаны үшін облыс және аудан басшылығына ерекше алғыстарын жаудырды. Игі бастама өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты одан әрі нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін айқын көрсетті. Айта кетерлігі, «Жаңажол ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі де Ақжол елді мекенінен дәл осы жаңа тұрғын үйлер орналасқан Фирдауси елді мекеніне көшіп, ауыл әкімшілігінің ұжымы да жаңа ғимаратқа қоныстанды. Бұл ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтердің де қолжетімділігін арттыра түспек. Сонымен қатар бұл аумақта алдағы уақытта жастар мен балаларға арналған заманауи спорт, ойын алаңшалары мен зор мәдениет үйін салу жоспарланып отыр. Мұның бәрі де — ауыл өмірін жандандыруға жасалған маңызды қадамдар.