500 БАЛАҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

Білім – адамзат баласының өркениет көшіндегі ең басты тетігі, қоғамның рухани әрі интеллектуалды дамуының негізгі діңгегі. Ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісі қай кезде де мемлекет пен қоғамның назарынан тыс қалған емес. Жыл сайын жаңа оқу жылы таяп қалған шақта ел-жұртты ынтымаққа ұйыстырып, мектеп жасындағы балаларға қамқорлық танытуға бағытталған игі бастамалар көбейеді. Осындай өнегелі де тағылымды шаралардың қатарында Түркістан қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ерекше атап өтуге болады. Жаңа оқу жылы қарсаңында киелі шаһарда осы айтулы акция аясында салтанатты әрі мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтіп, өрендер мен олардың ата-аналарына үлкен қуаныш сыйлады.
Ұрпақ болашағына салынған инвестиция – елдің ертеңіне салынған ең сенімді капитал. Бұл ретте «Мектепке жол» акциясы жай ғана материалдық көмек беруді мақсат етпейді, ол ең алдымен өсіп келе жатқан жас буынның бойында сенімділік пен білімге деген құштарлықты оятуға бағытталған. Салтанатты жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев арнайы қатысып, балалар мен олардың ата-аналарын жақындап қалған жаңа оқу жылымен қызу құттықтады. Қала басшылығы мен халық қалаулыларының осындай маңызды басқосуда төбе көрсетуі – мемлекеттің әрбір баланың сапалы білім алуына, тең мүмкіндікке ие болуына қаншалықты жоғары жауапкершілікпен қарайтынын айқын аңғартады. Іс-шара барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов шаһар басшысының атынан ізгі тілектерін білдірді. Ол Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының атынан балаларға ыстық ықыласы мен ерекше лебізін жеткізіп, өрендерді жаңа білім асуларын бағындыруға жігерлендірді. Атаулы жиында жас өрендерге жаңа оқу жылына өте қажетті мектеп формалары мен білім алуға керек-жарақтың барлығын қамтитын оқу құралдары салтанатты түрде табыс етілді. Балалардың табалдырықтан жаңа қадам басып, мектепке орнықты да сенімді түрде баруы үшін жасалған бұл қолдау олардың отбасыларына да үлкен демеу болғаны анық.
Бұл әлеуметтік және қайырымдылық бастамасының негізгі терең мағынасы мен мақсаты – балалардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен, шаттыққа толы жүрекпен бастауына жағдай жасау. Олардың толыққанды білім алуына қажетті барлық барлық жағдаймен қамтамасыз етілуін басты назарда ұстаған бұл шара әрі қарай өнерпаздардың мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Әсем ән мен тәтті күйге ұласқан салтанатты кеш балаларға ерекше көтеріңкі көңіл-күй, ұмытылмас әсер және болашаққа деген зор үміт сыйлады. Сөз соңында айтарымыз, «Мектепке жол» сияқты игі де қайырлы істер елдегі әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, әрбір баланың арманына жол ашады. Түркістан төрінде өткен бұл мерекелік шара білімге ұмтылған жас өрендердің бойына жігер беріп, жаңа оқу жылында жаңа белестерді бағындыруына үлкен серпін берері сөзсіз. Баланы қуантқан отбасын, отбасын қуантқан елді қуантады. Сондықтан осындай тағылымды акциялардың тұрақты түрде өтіп тұруы – өркениетті де мейірімді қоғамның басты белгісі болып қала бермек.



