ТҮРКІСТАНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМНІҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан – тек тарихи тамыры терең, руханияттың алтын діңгегі ғана емес, бүгінде қарқынды өсіп келе жатқан жаңа экономикалық орталық. Түркі әлемінің бесігі саналатын шаһардың әлеуметтік-экономикалық келбеті соңғы жылдары мүлде басқа сипатқа ие болды. Шаһардың күнделікті тыныс-тіршілігі, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, кәсіпкерлікті жандандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы кешенді жұмыстар үнемі жергілікті биліктің жіті назарында. Таяуда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте шаһардың негізгі экономикалық индикаторлары сараланып, алдағы межелер нақтыланды. Басқосуда жергілікті бюджет кірістерін одан әрі арттыру, іскерлік белсенділікті күшейту және рейтингтік индикаторлардың орындалу барысы егжей-тегжейлі қаралды.

Аппараттық жиында қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы мен экономика және қаржы бөлімінің баяндамалары тыңдалды. Есепті кездесуде қала бюджетінің толығу көздері сараланып, жыл соңына дейін тиісті көрсеткіштерді толық әрі сапалы қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі қадамдар талқыланды. Негізгі басымдық – салықтық түсімдерді көбейту, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту және өндірістік қуатты арттыру арқылы қаржылық дербестікке қол жеткізу. Өйткені Мемлекет басшысы жүктеген 2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасының негізгі тірегі – еңбекке қабілетті азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту және шағын әрі орта бизнесті қолдау арқылы тұрғындардың нақты табысын ұлғайту. Ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы экономиканың нақты секторында айтарлықтай оң динамика қалыптасқанын айқын көрсетіп отыр. Маңызды экономикалық көрсеткіштердің қай-қайсысын алсақ та, серпінді өсім байқалады. Мәселен, қаңтар-шілде айларының аралығында өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 128,7 пайызды құрады. Ал индустрияландырудың басты драйвері саналатын өңдеу өнеркәсібінде бұл көрсеткіш 132,5 пайызға дейін жоғарылады. Осы орайда, тұрғындардың сатып алу қабілетінің артуы мен ішкі нарықтың жандануын сипаттайтын бөлшек сауда көлемі 133,3 пайызға жеткенін атап өту керек. Сол сияқты, инфрақұрылымды дамыту мен жаңа нысандар құрылысының екпінін танытатын құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 124,9 пайызды құрады.

Экономикалық дамудың тағы бір маңызды тамыршысы – капитал ағыны. Қала экономикасына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар ерекше қарқын алып отыр. Жеті айдың ішінде негізгі капиталға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 190,8 миллиард теңгені құрады. Буырқанып дамып жатқан орталық үшін бұл рекордық межелердің бірі. Тартылған қаржы есебінен жаңа өндірістер ашылып, қаланың инфрақұрылымы жаңартылуда, бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамтуға және салық базасын кеңейтуге кең жол ашады.  Түркістанның басты брендтерінің бірі – оның бай тарихи-мәдени мұрасы мен зор туристік әлеуеті. Қаланың туристік бағыты да соңғы уақытта жоғары қарқынмен дамып келеді. Жыл басынан бері туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 39 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 160 пайызға өскен. Бум жасаған бұл сектор қала экономикасының басты қозғаушы күштерінің біріне айналды. Туризм секторындағы оң динамика келушілер санынан да айқын көрінеді. Мәселен, І тоқсанда ішкі туристер саны 37 715 адамды құраса, ІІ тоқсанда шетелдік туристер саны 15 167 адамға жетіп, елеулі өсім тіркелді. Шетелдік меймандардың көбеюі қаладағы мейманхана, ресторан, көлік және сервистік қызмет көрсету салаларына тікелей қаржы ағынын қамтамасыз етіп, жергілікті кәсіпкерліктің тамырына қан жүгіртті.

Экономикалық көрсеткіштердің сапасы мен тиімділігі ең алдымен әлеуметтік саладағы оң өзгерістермен өлшенеді. Бұл бағытта да Түркістанда қомақты нәтижелер бар. Кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп, жеке инвестициялық жобалардың сәтті іске асырылуы есебінен жыл басынан бері 1 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Әрбір ашылған жаңа жұмыс орны – бір отбасының тұрақты табыс көзіне ие болуы деген сөз. Осының нәтижесінде, мемлекеттік әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың үлесі азайып келеді. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендеп, биыл 919 отбасыны, яғни қала халқының 2,2 пайызын құрады. Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасында көрсетілгендей, азаматтарды масылдық психологиядан арылтып, өнімді еңбекке тарту, өзін-өзі жұмыспен қамтитын немесе аз камтылған тұрғындарды кәсіпкерлікке баулу тетіктері Түркістанда нақты жемісін беруде.