Мұрағат директорының мұнысы қалай?
Шымкенттен тағы шу шықты. Дақпырты дүйім елге тарады. Үстін-үстін қамауға алынып жатқан шенеуніктердің қатарына бұл жолы облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының директоры қосылды. Оған лауазымды қызметті атқара отырып, сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген айып тағылып отыр.
ОҚО прокуратурасының мәліметіне қарағанда, облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының директоры Тассай ауылдық округінің 2006 жылғы бумаға тігіліп қойылған жерге қатысты шешімдердің көшірмелерін түсіртіп, олардың жалған екенін біле тұра, анықтама түзіп, жер иелеріне таратып берген. Мұрағат басшысы мұндай құйтырқы әрекетпен 2 жыл бойы айналысып келіпті. Мұрағаттағы 2006-2008 жылдары рәсімделген 7 жер телімінің құжаты заңсыз болып шыққанынан бөлек, ел қазынасына 5 миллион теңгеден астам залал келген. Оңай жолмен олжаға кенелмек болған мұрағат директоры осынау теріс тірлігінің арқасында өңірде жер дауы ушығатынын білмеді ме?
Елдің мүддесіне қызмет етуі тиісті мұрағат директорының мұнысын қалай түсінсек екен? Аймақтағы асқынып кеткен жемқорлықтың тамырына балта шабудың орнына, өзі құнығып кеткен директордың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 307, 314 баптарымен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.
Е.СҰЛТАН