«Бәйтерек» – Шымкенттегі ең үздік білім ордасы»
Марина Юрьевна Потий 1961 жылы туылған. Шымкент педагогикалық институтының «Тарих және педагогика» факультетін тәмамдаған. «Тарих және қоғамтану» пәнінің мұғалімі, тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскер, мамандығын алған. 1984-2010 жылдары Шымкент қаласындағы №9 Өмірбек Жолдасбеков атындағы мектеп-лицейде тарих пәнінен дәріс берген. 1994 -2010 жылдары осы лицейде директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. 2010 жылдан бүгінге дейін Шымкенттегі «Бәйтерек» зияткерлік мектебінің директоры.
— Марина ханым, сіз басқарып отырған орта білім беретін оқу орны басқа мектептерден өзгешелеу. Атының өзі зияткерлік мектебі. Қазір Қазақстанда Тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаевтың атындағы бірнеше зияткерлік мектептері ашылып, жұмыс істеуде. Сіздердің білім ордасы да еліміздегі сондай қарлығаштардың бірі. Мектептің тарихы мен мақсаты жөнінде кіріспе әңгімеде айта кетсеңіз.
— «Бәйтерек» атын иемденген Қазақстанның зияткерлік мектебі Шымкент қаласындағы тұңғыштардың бірі екені шындық. Бас құрылтайшы – Қарлығаш Сансызбайқызы Бекбосынованың бастамасымен мектеп 2010 жылы ашылып, толық қуатында жұмыс істей бастады. Егер Қарлығаш Сансызбайқызының түйіндеген ойымен айтар болсақ, мектептің ашылуы ол кісінің жеке өміріне және заманауи сұранысқа лайықты қолға алынып, жүзеге асырылған. Бес ұл мен қыздың анасы Қарлығаш ханымның мемлекеттік мектепті бітірген екі ұлы шетелде жоғары білім алды. Осындай білікті азаматтарды тәрбиелеп шығарған ол кісі өзінің перзенттеріне және басқа да жас шәкірттерге уақыттың талабына сай терең білім беруді өзіне басты ұстаным етті. Міне, биыл үшінші оқу жылын аяқтадық. Жұмысымыз қалыпты деңгейге жетті, сәл мақтаныңқырап айтсақ, жұрттың алдына шықты. Ол әуел бастағы оқу тәрбие жүйесін әрбір баланың шығармашылық, академиялық, спорттық қабілеттерін шыңдауға деген арман жүзеге асырылу үстінде және бұл салалар діттеген ой мен тәжірибелік деңгейге толық сай келетіндей жағдайда. Біздің алдымыздағы міндеттің ең бастысы – Елбасының өз жолдауында атап көрсеткеніндей мемлекеттік қазақ, ресми қатынасқа қажетті орыс тілдерін шәкірттерге білдірумен қатар, қазіргі қажеттілік ағылшын тілін де еркін меңгерту, сөйтіп мәдени тұрғыдан, сауаттылық талабынан шығатын, шынайы қалыптасқан ел жастарын тәрбиелеу ісі талапқа орайластырылуда. Ағылшын тілін меңгеру, оны терең үйрету қосымша ретінде «Холвард» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда. Қалған пәндер еліміздің мектептеріне лайықталған стандарттар талабына сай лайықталады. Мемлекеттік жалпы орта мектептерден біздің оқыту әдісіміз де біршама өзгерістер бар. Оның негізгілері пәндер бойынша қосымша сабақтар өткізу, яғни балалардың білім ошағында ұзағырақ болып, білімді тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибемен ұштастыруға көбірек мән беріледі.
— Шымкенттегі бірегей оқу орнына сіздің кандитатураңыздың таңдап алынуын қалай түсіндірер едіңіз?
— Мектеп құрылтайшылығы мен біздің ағайындылығымыз жоқ екенін біліп отырсыз. Таңдауға менің ілігуім өзімнің өткен өмір жолыма көбірек байланысты болу керек деп ойлаймын. Мектепті бітірген соң осы Шымкентте оқыдым. Алғашқы еңбек жолымды қарапайым мұғалім болып №9 мектеп-лицейде бастадым. Үздік диплом алуым алғашқы еңбек жолымның сәтті басталуына негізгі себепкер болды. Мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалуым оқушылардың кәсіби дайындығына жауап беру міндетін жүктеді. Бұл ортада мен үлкен тәжірибе жинақтадым. Бірыңғай оқытушы, орынбасар болумен шектеліп қалмадым. Алғаш «№9 мектеп-лицейінің сәттілік формуласы» атты кітаптың қосалқы авторы болдым, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі ұйымдастырылған іс-шаралардың, байқаулардың, жобалардың белсенді қатысушысы ретінде көріндім. Оның үстіне қалалық білім бөліміндегі әдістемелік кеңестің мүшесі болдым. Міне, осындай жетістіктерге қарай менің еңбегімді «Бәйтерек» құрылар кезде зерттеп, бағалаған құрылтайшы осы басшылық қызметке шақырған болу керек деп ойлаймын және солай екендігіне сеніммен қараймын.
— Сіз тек қалалық, облыстық білім басшылығы саласында өзіңіздің біліктілігіңізді арттырып ғана қоймай, үлкен семинарларға қатысып, арнайы курстардан өтіпсіз. Мәселен, 2012 жылы «Бриллиант» адамды жан-жақты дамыту орталығының, «Өмір сабақтары» тренинг-семинарына қатысыпсыз. Сол жылы Мәскеу педагогикалық университетінде «Оқушыларға білім беруде жоспарланған нәтижелерге жету» курсында білім алыпсыз. Осының бәрі сізге тағылым беріп, алдыңызға тың талаптар қоюға жетеледі ме?
— Білімнің ешуақытта артықтығы болмайды, ол әр адамға, әр маманға пайдасын ғана әкеледі. Мен осындай біліктілікті арттыруға тағы бір үлкен жиынға қатысқанымды айта кетсем артық болмас. Ол өткен жылы бізде өтті. «Инновациялық білім беру технологияларының интеграциясы – ТМД және Балтық елдерінде бәсекеге қабілетті қос тілді (үш тілді) жалпы білім беру үлгісін жасау шарты» деп аталынатын Халықаралық конференция. Оны өткізуде құрылтайшының демеуі үлкен болды. Оның үстіне менің де азды-көпті жинаған тәжірибем, қатысқан семинар кеңестерім де, ұстаздардың дайындығы мен белсенділігі де осы үлкен жиынды абыроймен өткізуге көп септігін тигізді.
— Марина Юрьевна, үш жыл деген аса көп уақыт емес. Біздің білгеніміз және естігеніміз сіз басқаратын ұжым біраз жетістіктерге қол жеткізіпті. Біреулер оны ондаған жылдар бойы тірнектеп жинаса, сіздер осы аз мерзімде аттарыңызды елімізден тысқары ТМД мен шет мемлекеттерге танытып үлгеріпсіздер. Неге қол жетті деген сауалдың туындап отырғанын байқадыңыз. Енді соның бірқатарын санамалап шықсаңыз.
— Барды бар деп айтқанның айыбы жоқ болар, сірә. Іргеміздің қаланғанына үш ғана белес болса да біз байқаулардан, олимпиадалардан тыс қалғанымыз жоқ. Ең әуелі оқытушыларға, шәкірттерге, олардың біліктілігіне сендік. Шыққан биіктеріміз де аласа емес. Шымкент қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық деңгейіндегі интеллектуалдық марафондардың бәріне қатыстық және жеңімпаз атандық. Республикалық, халықаралық жарыстар мен байқаулардан тыс қалғанымыз жоқ. 2011 жылы Мәскеуде өткен «Ертеңгі күн мектебінің» технологиясы бойынша оқушылар мен студенттер арасындағы XVI Халықаралық олимпиаданың 164 төсбелгісін иемдендік, әрі «Ең үздік мектеп» кубогы атағының 2-ші дүркін жеңімпазы болдық. XV-ші Халықаралық «Интеллект» олимпиадасында бастауыш сыныптар арасындағы жарыста 3-ші орынды иелендік. 2011 жылы осы жеңісімізді тағы да қайталадық. Дәл сол жылы Берлинде өткен «Ломоносов күні» Халықаралық ғылыми жоба олимпиадасының сертификаты да бізге бұйырды. Екі жыл ішінде Шымкенттегі «Франкофония» сайысында 19 жүлдені біздің шәкірттеріміз алды. Қалалық ғылыми жоба сайысында екі бірдей 1-орын және облыста «Кіші ғылыми академиясы» ғылыми жобасында да 1-орын біздің шәкірттерге тиді. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да өткізілген ғылыми жоба фестивалінде 2012 жылы көш бастадық. «Ертеңгі күн мектебінің» технологиясы бойынша Ресейде өткізілген оқушылар мен студенттердің халықаралық XVІІ-ші олимпиадасында біздің оқушымыз Асан Балабиев «Олимпиада жігіті» кубогін және басқа оқушыларымыз 69 медальды өңірлеріне тақты.
— Оқушылардың жобаға қатысуы қалай жүзеге асырады және оған дайындық қалай жүргізіледі?
— Жеңімпаз атану шәкірттің өзіне үлкен мақтан болады, әрі оның ертеңгі күнге деген сенімділігін арттырады, жаңа биіктерге жетелейді. Біз мұны аз мерзім ішіндегі өз тәжірибемізден көріп жүрміз. Оқушылардың жобаға, олимпида мен байқауларға қатысуы оның өзінің қалауымен жүзеге асырылады. Ондай талаптанған талантты оқушылармен ұстаздар жеке жұмыс атқарады. Дайындық күндер емес, айларға ұласады. Нәтижелері көңіл көншітерліктей. Түрлі салалар бойынша пәндік және өнер салалары бойынша Мардан Жәңгір, Абдусадық Дамил, Беляков Максим, Елтаева Наргиза, Молдасейітова Аружан, Пономаренко Влада, Балабиев Асан секілді шәкірттеріміз талай сайыстарда мектептің абыройын аса құрметпен қорғап шықты. Осы ретте ұстаздардың да шығармашылық ізденімпаздықпен жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өткеніміз орынды болар. Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі В.С.Гетманова, тағы бір орыс тілі пәнінің мұғалімі Ж.Ш. Трояновская, бастауыш сынып мұғалімі А.А.Степаненко, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Т.В. Кругликова, А. Ахметбекова, О.Ю. Ефремовалардың сіңірген еңбектері, білікті шәкірт тәрбиелеудегі тәжірибелері айтуға тұрарлық. Мұндай ұстаздардың қатарында бастауыш сынып мұғалімдері Ж. Үсенова, Н.В.Черкасова, Н.В.Сперанская, З.И.Абубакирова, Ю.А.Цыбульская, Е.Д.Байсейітова, Е.Ю.Кругловалардың сабақтары жан-жақты әдістемені қолдануымен, шығармашылық жұмыспен, инновациялық технологиямен ерекшеленеді. ҚЗМ «Бәйтерек» — жас мектеп. Әрине, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері қол жеткенді місе тұтып қалмай, көп нәрсені үйренуде. Біз өз жұмысымызда ТМД және шетелдердің орта білім беретін оқу орындары мен іш пен сырттағы жекеменшік үлгідегі мектептердің озық тәжірибелерін қолдануға тырысамыз, оларды өз ісімізде сапалы білім беруге қолданып келеміз. Астана қаласындағы жекеменшік білім нысандарынын, республикалық ассоциациясы, Мәскеудің Халықаралық «Ертеңгі күн мектебі», Ресейдің НОУ СОШ «Морозко» мектебі, Қырғызстанның «Илим»білім беру комплексі, Астананың «Ғалым ұлттық гимназиясы», Алматыдағы Халықаралық «Достар» мектеп-лицейі, Томскінің «Тусур» білім ордалары бізбен тұрақты қатынас орнатқан.
— Мектептің материалдық-техникалық базасы, жабдықталған кабинеттері, түрлі өнер үйрететін салалары бүгінгі заманауи талапқа сай ма?
— Әрине. Егер біз уақыттың бүгінгі көшіне ілесе алмасақ, осыншама жетістікке жетпеген болар едік. Кабинеттер пәндерге лайықталып жабдықталған. Хореографиялық би және спорт залдарынан, дәмді тағамдар дайындайтын асханадан, кең де әсем мәжіліс залынан тұратын бес корпусты сұлу ғимаратымыз бар. Сыртқы бейнесінің өзі менмұндалап көзге бірден түседі. Мектепте 6 интерактивті тақта, 3 интерактивті қондырғы бар. Кабинеттер 70 пайыз компьютерлік техникамен жабдықталған, химиялық, биологиялық, физикалық зертханалар, ағылшын тілін үйрететін 8 орталық және тұлғаның дамыту орталығы бар. Мектеп құрылтайшысы білім ордасының техникалық базасын нығайту мақсатында қаражатты аяп жатқан жоқ. Қаржының біршамасы мектеп кітапханасын электрондық оқулықтар мен зертханалық виртуалды кітапханалармен толықтыруға, жабдықтауға жұмсалады. Мектеп ауласындағы спорттық қалашық, футбол алаңы, жас балғындардың еркін дамып, жайлы демалуына толық жауап бере алады.
— 500-ден астам шәкірт білім алатын мектептің өткен жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша көрінген деңгейі көңілдеріңізден шықты ма? Биыл қандай меже қойып отырсыздар?
— Біз былтыр тұңғыш түлектерімізді қанаттандырып ұшырдық. 11-сыныпты бітірген 24 оқушы ҰБТ-ны жақсы тапсырды. Орта балы 86,9, үлгерімі – 100 пайыз болды. Әжиев Сәкен деген шәкіртіміз 120 балл жинады. Мектепті бітірген оқушыларымыздың барлығы дерлік өз еліміздің, ТМД мен шетелдегі жоғары оқу орындарының студенттері атанды. Нақтылай айтсақ, Рахым Гауһар – Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес Академиясының, Мұстафаев Рамазан және Досжан Назерке Астанадағы Медициналық академияның, Махмуд Салтанат – С. Асфендияров атындағы Медакадемияның, Сафин Ильдар – Қазан қаласындағы мемлекеттік университеттің, Жаңабаев Аслан – Ресейдің Плеханов атындағы экономикалық университетінің студенттері атанды. Ал биыл орта мектепті 19 оқушы бітіреді. Үмітіміз де, межеміз де ҰБТ-дан жоғары балл алу. Оған дайындығымыз жақсы, сеніміміз тиянақты. Осы оқушылардың екеуі «Алтын белгіге», біреуі «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр. Санаулы күндерден соң біз өзіміз діттеген мақсаттың қалай боларына көз жеткіземіз.
— Марина Юрьевна, сіздердің жаңа істеріңіз, жақсы бастамаларыңыз әрмен қарай абыроймен жалғасуына тілек білдіреміз. Қарбалас сәтте, қауырт кезде әңгімеге уақыт тапқаныңыз үшін рахмет!
— Сіздерге де жақсы шығармашылық табыстар тілейміз!
Сұхбаттасқан: Б. БАЙТӨРЕЕВ