Беріктің осы, не білгені бар?

320
2

34Берік деген атауды атам қазақ баласына бекерден бекер қоймайды. Сөзіне де, ісіне де берік болып, тірлігі тап-тұйнақтай, жүріс-тұрысы мұнтаздай болсын деген ниетпен қойса керек-ті. Біз білетін Берік есімді азаматтардың қай-қайсысы болмасын ата-ана аманатын ақтауды өздеріне парыз санайды. Солардың бірі – Берік Уәли. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы һәм аппарат басшысының орынбасары. Көпке танымал жібі түзу азамат.

Оңтүстіктің құшағы кең, халқы меймандос. Кім қайдан келмесін, өзектен теппейді бауырға тартады. Берік Уәлиді де солай қарсы алдық. Алдыңғы Берік те солай, Оспанов қой, екі бастан. Жалпы, облысқа келіп жатқан Беріктерді (мейлі қанша болса да) біз сыйлаймыз, төрден орын беруге тырысамыз. Беріктер де өз кезектерінде жергілікті тұрғындарды алаламай бөле-жармай, өздеріне қандай, сый-құрмет көрсетілсе, өзгелерге дәл сондай қошамет көрсетіп жатса қанеки! Обалы не керек, Берік Уәли Оңтүстікке келген күннен бастап ешкімді жатырқамай, тез тіл табысып кетті. Әсіресе, журналистерді жиып алып, жиі-жиі жиын өткізіп тұратынының өзі неге тұрады?!
Облыстың бас журналисті ретінде оған келе салысымен-ақ базына дейміз бе, әлде өтініш дегеніміз дұрыс па, бір жылдан бері бос тұрған Қазақстан Журналистер одағы ОҚО филиалы төрағасын сайлау тұрғысында айтқанымыз бар. Біздің уәжімізбен толық келіскен Берік Уәли көпке ұзатпай бұл мәселенің оң шешімін табатынына сендірген болатын. Осыдан шамалы уақыт бұрын одаққа мүше журналистер бас қосып жаңа төраға сайлау жөнінде жиын өткізілді. Көпшіліктің пікірі екіге жарылған соң, «жиынға одақ мүшелері толық қатыспады» деген себеппен төраға сайлау кейінге шегерілді. Одан бері де қаншама уақыт өтті, тым-тырыс.
Жылына бір келетін БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекелері таяп қалды. Төрағасыз өткен іс-шараны өткен жылы көргенбіз, биыл да сол жағдайды тағы бастан өткермекпіз бе, деген уайым басым. Басиесіз журналистерді бастап жүрер серке болмаған соң қиын екен. Ынтымақ, бірлікті айтпағанда. Онсыз да бір-біріне алауыз болған басылымдарды бірлікке шақырар, ертеңгі төл мерекелерін жоғары деңгейде атап өтуге ұйытқы болар төрағаның өзіндік орны барын Берік Уәли білмей жүр ме, болмаса мереке өтсін, сонан соң көреміздеп жүр ме, әйтеуір үнсіз Берік Уәлидің бұл тікелей міндеті болмауы да мүмкін. Әйтсе де, тиісті орындарға  жеткізу, журналистердің басын қосу қолынан келетін болар? Журналистерде мәселе жоқ деп кім айтады, шаш-етектен. Берік бауырымыз бұл тұрғыда да ойланып жүргені жөн болар еді. Оның не білгені бары бізге беймәлім, әйтсе де әріптестеріне бүкпесіз  ой айтуына болады ғой.
Мұнымыз да Берік бауырымызға ғана арналған базына деп түсінбей, ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлмира Тағаеваның да құлағына алтын сырға етіп тақиық.

Е. СӘРСЕНБИН.