СУДЬЯ АРИПОВТЫҢ ЖОҚТЫ БАР ДЕГЕНІ НЕСІ?

193
0

Құрметті Қайрат Мәми мырза!
Республикалық «Уақыт» газеті Сіздің назарыңызды бізге қатысты шығарылған соттың жалған шешімімен егжей-тегжейлі таныстыруға ниет етіп отыр. Біз сотты құрметтейміз, судьяның Қазақстан Республикасының атынан қабылдайтын шешіміне де ешқандай күдік ұялатып, шек келтірмейміз. Бірақ біздің қолымыздағы құжаттар күдігімізді ұлғайтып, сеніміміздің күлін көкке ұшырып жіберді. «Неге?» деп таңданып отырсаңыз, біз әңгіменің әужайын әлімсақтан Сізге толық баяндап берейік. Төрелігін айту Сіздің құзырыңызда, адалдығыңызға сын болар деп ойлаймыз.

Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотының судьясы Күнболат Серікұлы Әріповтың (соттың іс қағаздарында Арипов) төрағалығымен өткізілген ашық сот отырысының хаттамасы мен шешімі біздің қолымызға ақпан айының 20-сы күні почта арқылы тиді. Сот мәжілісінің өткен уақыты – 2014 жылдың 23-і желтоқсаны. Яғни сот шешім қабылдағаннан кейінгі ресми құжат жауапкер ретінде бізге арада 41 күн өткенде берілгендігін немен түсіндірерімізді білмей отырмыз. Мұны қойыңызшы, Президент тағайындаған билік айтушы судья К.Арипов жоқтан бар жасап, бізді нағыз айыпкерлердің қатарына апарып қосып қойғанына еш түсіне алмай, бір айтса әділдігін осы кісі айтар деп өзіңізге жүгінген жағдайымыз бар, Қайрат Мәми мырза!
Бір ізді шиырлап айнала бергеннен ештеңе шықпас. Әңгіменің ұзын-ырғасы біздің жауапкер ретінде ешқандай жазығымыз болмаса да жауапқа тартылғандығымызға Қазақстанның бар заңын ақтарсақ та, көңіліміз толар, күдігіміз сейілер жауап таба алмадық.
Сарыарқа аудандық сотына ОҚО, Сарыағаш ауданының тұрғыны, нақтырағы аудандық медицина саласындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Ибрагим Орманович Жунисбеков атты азамат талап арыз түсіріп, өзінің атына айтылған, жазылған мәселелер бойынша моральдық өтем өндіруді талап етіпті. Онда ҚР Қаржы министрлігін, Амангелді Батырбеков, Гулнур Баймұратова, «Сарыағаш» қоғамдық-саяси газеті, республикалық «Әділет» ұлттық апталық газеті, республикалық қоғамдық-саяси «Уақыт» газетіне өзіне қатысты жазылған мақалалардағы ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәлімдемелерді жоққа шығарып, өзінен кешірім сұрап, моральдық өтем өндіруді арызының негізгі талабы етіп қойыпты. Басқалар өзі жауап бере жатыр. Біздің «Уақыт» газетінде «ЖАМАННЫҢ ЖАМАНДЫҒЫН АЙТ…» деген тақырыппен «Шындық іздеп жүрмін…» айдары бойынша басылымның Сарыағаш ауданындағы сол кездегі меншікті тілшісі Амангелді Батырбековтың мақаласы («Уақыт», №23 (122), 22.07.2014 жыл) жарық көрді. Аймақтардағы болып жатқан келеңсіз жағдайларды, заңсыз іс-әрекеттерді өзінің өткір қаламымен түйреп, бірнеше фактілердің бетін ашқан, басылымның сенімінен шыққан автордың мақаласы нақтылы дәлелдермен, құжаттарды алға тарта отырып жарық көрді. Біздің естуімізше И.Жүнісбековке байланысты осындай сын мақала «Әділет» және «Сарыағаш» газеттерінде де жарияланыпты.
Енді төмендегі мәселеге бір жіті назар аударыңыз. Сот мәжілісінде талапкердің арызы бойынша негізгі айып ретінде судья К.Арипов мына бір мәлімет сөйлемді ең басты нысана етіп алады және сол бойынша «Уақыт» газетіне айып тағады. Ол сөйлем мынау: «И.Жунисбеков «Тран-сервия Сарыағаш» ЖШС-нің 10 000 АҚШ доллоры тұратын эксковаторын ұялмай-қызармай, Құдайдан қорықпастан өз үйіне тығып, иемденіп кетпекші болып, онысы іске аспағаннан кейін, бөлшектеп талан-таражға салған», «И.Жунисбеков қылмыс жасады…», «осындай қылмыстық әрекеттен шімірікпей біреудің мүлкіне көзін алартқан адамды ары таза, рухы биік адам деп айта алмас едім». Міне судья К.Арипов осы мәліметтерді теріске шығару, олардың авторы деп А.Батырбековты, «Сарыағаш» және «Әділет» газеттерін тізбелеп келіп, олардың қатарына «Уақытты» да іліктіріп, әлгі теріске шығаруды жүктей салады.

Жүктесін. Бірақ дәл осы сөйлем, бізге күйе болып жағылып, жала ретінде жабысып қалған сөйлем дәл біздің «Уақыттағы» мақалада жоқ. Иә, жоқ. Сонда біз жазбаған, жарияламаған жоқ жала үшін неге жауап беруіміз керек? Мұны тоғыз беттік сот мәжілісінің құжаттарында соңына қол қойған судья К.Арипов ешқандай ескермейді. Жүктемені жазғанға да, жазбағанға да «оптом» бере салады. Сонда соттың әділеттілігі, қара қылды қақ жаратын билігі, шындыққа жүгінетіндігі, заң алдындағы антқа адалдығы қайда? Мақұл, осы шешімді шығарарда талапкер өзінің ар-намысын, ұятын, қадір-қасиетін жоқтап, арызданып жатқан кезде біздің арымыз, намысымыз, ұятымыз, сан мың оқырманның алдындағы тірнектеп жинаған қадіріміз бен қасиетіміздің құны не болды?
Соттың мәжілісіне төрағалық еткен судья К.Арипов осыншама құжаттың ішінде еш болмаса бір жерінде «мына мәселе газеттің мына нөмерінде жарық көрді» деп атын атап, түсін түстеп берсе оған әжептеуір көңілің толып қалады ғой. Ол кісі олай етпейді, газеттің атын қолына ұстап алып, ары қарай сот мәжілісін жалпылама дәлелмен қамшылап, жауапкердің бәріне кінәсі мен күнәсіне ешқандай баға берместен, дәлел келтірместен күйені тағы да жаға салады. Біз судьяның біліміне, мамандығына күдік келтіріп, шек қоя алмаймыз. Тек жауапкершілік, іске деген жітілік жетіспейтіндігіне көңіліміз ортайып, қарнымыз ашып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғаушылармен, заңгерлермен бас қосқан әр жиында әділеттілік, сот төрелігі, жауапкершілік пен адамдар тағдыры жөнінде жанын ауыртып, жаны ашып, жабырқап талай әңгіме айтты. Талап етті, кейде Сіздің атыңызға да судьялардың тарапынан кеткен қателіктерге байланысты ескертулер беріп жатады. Ал өз ісіне немқұрайды қараған судьяны не істеу керек, алтыннан алқа тағып, арқасынан қағып, марапаттау, көзжұмбай әрекеттеріне бәріміз көзімізді жұмып қарауымыз қажет пе? Біз судья К.Ариповтың тарапынан қаралған мәселеге байланысты шығарылған шешіммен келісе алмаймыз. Жазбағанды жазды деп мойынымызға қамыт қылып кигізіп, талапкердің алдында басымызды идіріп, біз жазбаған мәлімдемелерді жоққа шығаруды міндеттеген шешіміне байланысты не істейтінімізді білмей, соның соңғы жауабын Сіздің тарапыңыздан естісек деген талабымызды қоюды артық санап отырғанымыз жоқ. Шын мәнінде ағат тірлік істеп, өзгенің беделіне нұқсан келтіріп жатсақ, онда соттың шешімінсіз-ақ кімнен болса да кешірім сұрауға дайынбыз. Айыпты мойындаудың өзі үлкен адамгершіліктің айнасы болса керек.
Бар нәрсені жаһанға жария етіп, жалпақ жұрттың көз алдында жүрген ақпарат құралдары жөнінде осындай атүсті шешім қабылдап жатқан судья, күні ертең алдына күні түсіп барған қарапайым жандар, шаруа адамдары жөнінде қандай шешім қабылдайды? Біз осыны ойлап қорқамыз.
Қазақстанның Бас судьясы ретінде біз Сізге болған жайды, өзіміздің ой-ниетімізді ақтарылып айттық. Газетке шыққан мақаланы да ертең өзіңізге жеткіземіз. Тек бар мәселеге байыппен қарап, аққа қара жағылмайтындай, жанға жара түспейтіндей бір шешімге келіп, бізге сол жауабыңызды айтсаңыз, бұқараға жеткізіп, өзіңіздің әділетті шешіміңізге қол ұрып, бас иер едік. Соны күтеміз. Сергектік біз бен Сіз үшін көңілдегі көп күдікті серпілтеді деп сенеміз.

«Уақыт».