Биылғы көрсеткіш көңіл көншітерлік

1-3Сан түлектің көңілін қобалжытқан ҰБТ-да аяқталды.  Бірінің бағы жанды, бірінің тауы шағылды. Бағын сынаған түлектердің биылғы көрсеткіштері былтырғы жылмен салыстырғанда 5,61 балға жоғары. Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының бастығы Альбина Елшиева мәлімдеді.
Біздің түлектердің орташа балы 72,5 құрап отыр. Сайрам ауданы, Түркістан қаласы мен шымкенттік мектептер алдыңғы саптан көрінсе,  Шардара, Қазығұрт, Сарыағаш аудандары  көш соңында қалған. 

Ал республика бойынша орташа балл — 74,5. 50 Сондай-ақ шектік көрсеткішке қол жеткізе алмағандардың саны 16 мыңға азайған. 2013 жылы — 27 465, немесе 28,8%, 2012 жылы — 43 163 (37%). 100-ден астам балл жинаған үміткерлер 400-ге көбейді. Ал 125 балл — ең жоғары көрсеткішке 7 түлек қол жеткізді (2012 жылы — 3 түлек). «Алтын белгіге» ұсынылған 4489 түлектің 1474-і ғана өз білімдерін дәлелдеп шыға алды. ҰБТ-ның биыл да қызықтары мен шыжықтары аз болған жоқ. Қаншама түлек ұялы телефон мен пайдалануға тыйым салынған заттармен ұсталды. Орнына басқа адам кіргізіп, сан соқтырып кетпекші болғандар да кездеспей қалған жоқ. Барлық мектеп бітірушіде бір ғана мақсат – қандай жолмен болса да жоғары балл жинау болды. ҰБТ-ның бірінші күні  «Астанадан келген тексеруші тура желкемде тұрып алып, «шпорды» пайдалануға мүмкіндік болмады», – деп еңкілдеп жылап шықты бір талапкер. «Мектептің абыройын көтеру үшін, ҰБТ-да қалайда жоғары балл алуға тиіссіңдер» деп мұғалімдер жыл бойы айтып келіп, жем-жемге келгенде көмектесе алмады, ал басқа аудиторияларда мұғалімдер өз оқушыларына терезеден «флешка» лақтырып, басқа да амалын қарастырып көмектесіпті» деп бұрқылдады бір оқушы. «Ата-анам ақша беріп қойғасын соңғы минутқа дейін тест сұрақтарын белгілемей дұрыс жауапты күтіп отырдым. Келмеді. Соның кесірінен шектік балдан да аса алмадым» деп күйінді бір түлек. Ең бастысы, олар енді өмір баспалдақтарынан сүрінбесе екен.

Венера Қабылбекова.