Уақыт талабынан туындаған жолдау

1-2Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан сот, құқық қорғау саласы қызметкерлеріне жүктелер биік міндеттер мен үлкен қамқорлықтың үлгісін көріп, ризашылықпен қабылдадық.  Еліміздің алдағы 10 жылдық даму бағытын айқындап берген Жолдауда ел экономикасын көтерудің нақты жолдары мен тетіктері айқындалып, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларын реформалауға айрықша назар аударылған.

 Соның ішінде мемлекет басшысы жоғары халықаралық стандарттарға сай жаңа құқық қорғау жүйесі қажеттілігіне айрықша тоқталды. Атап айтқанда « …Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру болып қалып отыр. Ешкім қамау орындарынан босағандарды оңалтумен айналыспайды. Осының салдарынан олар қылмыскерлердің қатарын толықтыруда. Мен реформалардың бірнеше жалпы бағыттарын бөліп көрсетер едім. Бәрінен бұрын, құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзіретін түзу керек. Біздің заңдарымызды ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажет»,- деп құқықтық кеңістікті жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жасау қажеттігіне ерекше көңіл бөлді. Қазіргі қолданыстағы заң талаптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарды бас бостандығынан айыруға мәжбүрміз.Қылмыстың үлкен, кішісі болмайды. Сондықтан да оны жасағандар заң алдында жазалануы тиісті. Солай бола тұрса да, адамдардың мемлекетіміздің ең басты байлығы екендігін бір сәтке де естен шығармауға тиістіміз.  Сондықтан да, сот ісінде имандылыққа, «алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» қағидатын басшылыққа алсақ, көп нәрседен ұтарымыз сөзсіз. Ол үшін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың кейбір түрлерін әкімшілік құқық бұзушылық деп, ал кейбір ауыр қылмыстарды ауырлығы орташа қылмыстарға ауыстыру арқылы заңдарымызды ізгілендіруіміз керек деп есептеймін.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз егемендік алған күннен бастап сот, құқық қорғау жүйесін өркениет талаптарына сай реформалауды күн тәртібінен бір сәтке де түсірген емес. Ел экономикасының нығайып,азаматтарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруы, ішкі,сыртқы саясатымыздың сындарлы жүргізілуі – сот,құқық қорғау органдарының ырғақты жұмыс жасауына тікелей қатысты.Сондықтан да аталмыш саланың материалдық-техникалық базасын нығайтып, білікті де іскер кадрлармен толықтырып отыруды, уақыт үрдісіне толықтай жауап беретін жаңа заңдарды қабылдап,оның сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуді күн тәртібіне қай кездегіден де өткір қойып отыр.Сот беделінің мемлекет беделі екендігін атап көрсетіп,Ата Заң талаптарына сай, адал жұмыс жасау керкетігін, әрбір судьяның Елбасы Жарлығымен тағайындалатынын, сондықтан да олардың жауапкершілік жүгін жете  сезінулері тиісті екендігін ерекше атап көрсетті.

Айдос  Сұлтанов,
Шымкент қаласы, Еңбекші
аудандық сотының судьясы