«Уақыттың» бір күні

299
0

IMG_9122Әріптестер: «Ел жатса да Ерекең жатпайды» деп әзілдейтін Ерекең ол – газеттің  бас редакторы Ердәулет Сұлтан. Айтсын-айтпасын, таңғы сағат сегіз болмай жазу столында шұқшиып, алдағы санға баратын материалдарды сұрыптап, макеттің нобайын шимайлап отыратын оған бұл әдет бұрыннан-ақ қалыптасқан. Қай жерде істемесін, қалыптасқан қағидасын өзгерткен емес. Ерте келіп, кеш қайту Ерекең үшін жазылмаған заңмен бірдей. Міне, бүгін де сол әдетінен танбаған ол жападан жалғыз отыр.

Сағат тілі тоғызға таяғанда директор Талғат Балтабаевтың дауысы естілді. Артынша Венера мен Әйгерім, Мықтыбек кірді. Бекітілген тәртіп осылай. Сағат тоғызда әрқайсысы өзінің түзген жоспарына сай жұмысқа кіріседі. Бірақ бүгін кезекті лездеме болатындықтан, барлық ұжым мүшелері түгел осында. Мақтаралдан – Сайлау Құлжанов, Сарыағаштан – Мұрат Бекей, Төлебиден – Момбек Әбдіәкім, Түлкібастан – Орынбасар Мәдібеков, Шымкенттен – Жарқынбек Сейтінбекұлы мен Серікбай Сапаров келіпті. Мереке қарсаңында барлығының да көңіл-күйлері жоғары, әзіл-қалжыңнан да жоқ емес.
Жас та болса бас болып, ұжымның ынтымақ –бірлігін ойлап жүретін Талғат Балтабаев жылында бір айналып келетін төл мерекемен барша әріптестерін құттықтап, бірқатар қызметкерлерге Алғыс хат тапсырды. Жастарды көтермелеу мақсатында Венера Қабылбековаға, Әйгерім Бегімбетке және Мықтыбек Әбдірайымовқа алғыс  айтып, меншікті тілшілердің барлығына дерлік бағалы сыйлықтар табыстады. Сайлаудың салмақты мақалалары, Момбектің тарихи дүниелері, Мұраттың шымшып алар шумақтары, Жарқынбектің жариялыққа үндер жазбалары, Серікбайдың кімді болмасын селт еткізер сындары кез-келген оқырманның көңілдерінен шығып, тиісті бағаларын алып қойған. Бүгінгі жастар, Венера Қабылбекова мен Әйгерім Бегімбеттің алдыңғы толқын ағаларынан үйренерлері де, тағлым алар тәрбиелері де көп.
Ал, Мықтыбек туралы әңгіме бөлек. Атының өзі айтып тұрғандай-ақ, «мықты». Газеттің безендірілуі мен мақалаларды қалай орналастыруды ол ешкімнен сұрамайды, өзгелер одан сұрамаса…
Талғат Дүйсебайұлы «Уақытты» өрге сүйреп, газеттің қайтсем беделін көтерем деп жүргендердің барлығына шынайы алғысын айтып, мерекелік дастархан басына жайғасуға шақырды. Айтпақшы, есепшісіз қайда бармақпыз? Есепшіні естен шығарған менде де ес жоқ екен. Зәкеңсіз күніміз қараң екені белгілі. Закира Жаңабаева – біздің піріміз. Кіріс-шығысты шемішкеше шағады. Ол кісіге деген сыйлық бөлек. Ал өзім туралы не айтамын. Мен де «Уақыттың» бір кірпішімін. Мереке күнгі «Уақыттың» бір күні мен «уақыттықтар» тұрғысында шамам келгенше айтқандаймын. Асыра сілтеген ешнәрсем жоқ, қаз-қалпында беруге тырыстым. Мереке құтты болсын, барша әріптестер!

Бағлан ТЕМІРБЕК.