«Әр адам өз құқығын жетік білсе, әділетсіздік де орын алмасы анық»

357
0

Ерлан ДАУЫЛБАЕВ, ОҚО Әділет департаментінің басшысы:

5Небәрі 21 жасында еліміздегі жетекші органдардың бірі – әділет басқармасының жетекші маманы болып жұмысқа кіріскен осы бір жігерлі де жас жігіт өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында әрі тым еңбекқорлығының нәтижесі болар, қысқа мерзімді жетекші маманнан бөлім бастығы, одан басқарма бастығы лауазымына дейін көтерілді. Тәуелсіз елімізде тұңғыш рет Әділет органы құрылып, азаматтардың мүддесі үшін қызмет еткен жылдардан бастап осы саланың тасын өрге домалатып,  ыстығы мен суығына тоңып, көпшілікке жөн сілтер көшбасшы атанып келе жатқан бұл азамат жайлы кім-кімнен пікір сұрамаңыз, барлығы бір ауыздан: «Ерекеңнің еңбегі ескерерлік-ақ» дегендерін талай естідік. Бүгінде әділет органдарын басқарып отырған еліміздегі ең жас маман да осы Ерекең болса керек. Негізі, елден естіген бір бөлек те, кейіпкердің өз аузынан естіген бір басқа екендігін ескерген біз Ерекеңе, яғни ОҚО Әділет департаментінің басшысы Дауылбаев Ерлан Сламханұлы арнайы жолығып, мекеменің атқарып жатқан бүгінгі жұмыстары мен ертеңгі жоспарларының жай-жапсарына қанықтық. Бүкпесіз әңгімеден ұққанымыз, көпшілік те Ерекеңді білген соң айтады екен ғой, өзі кішіпейіл, өзі мәдениетті департамент басшысы ел мақтаса, мақтағандай-ақ.

— Ереке, ең алдымен өзіңіз жөнінде туып-өскен ортаңыз туралы білгіміз келіп тұр.
— Түлкібас десек, көз алдыма атақты «Ақсу-Жабағылы» қорығы, саф ауасы мен көрікті табиғаты көмкерген таңғажайып ауылым еске  оралады. Балалық бал дәуренім биік-биік тауларға қарап бой түзеуіммен өтті. 1977 жылы 8-наурызда дүниеге келіппін. Бүкіл елімізбен қоса, отбасымыз Халықаралық Әйелдер күні мерекесін тойлап жатқанда дүние есігін ашқан мен дәл осы күні өмірге келгенімді әрі Тұрар Рысқұлов, Шерхан Мұртазадай кемеңгерлерді дүниге келтірген Түлкібастан екенімді әрдайым мақтаныш тұтамын. Мектепте жақсы оқыдым, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Қолым қалт етсе ата-анама болыстым, егін егіп, мал баққан артта қалған күндерім мені ертерек есейткен де болар. Өмірге деген көзқарасым ерте қалыптасты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мектепті бітіріп,  Қазақ-Түрік университетінің заңгер  мамандығы бойынша аталмыш оқу орнын аяқтадым. Мұнан соңғы білімді Алматы қаласында жалғастырдым. 1998 жылы ОҚО Әділет басқармасына жетекші маман болып орналастым. Бұл кезде Әділет органдарына  мамандардың тапшылау кезі, бір жылдан соң басқарманың бас маманы лауазымына көтерілдім. Ал, 2004 жылы ОҚО Әділет департаментінің санаткерлік меншік құқықтары бөлімінің бастығы қызметіне келгенімде жасым 27-ге әлі толмаған болатын.
— Ұмытпасам, осы жылы болар, Сайрам ауданында алғаш ашылған әділет бөлімін басқаруға келгеніңіз?
— Иә, осы жылғы шілде  айында мені Сайрам аудандық әділет бөлімін басқаруға жіберді. Аудан –аудандарда жаңадан ашылып жатқан құрылым болғандықтан алғашқыда біршама қиындықтар туындады. Азды-көпті тәжірибем бар, бұрыннан осы салада еңбек етіп келе жатқан кәсіби мамандар бар, қысқа мерзімде аяғымыздан тұрып кеттік. 2005 жылы бөлім басқармаға айналды. Аудандық әділет басқармасын  бес жылдан аса уақыт басқарған соң Қостанай облыстық Әділет департаменті бастығының орынбасары қызметіне ауыстым.
Біздің саланың бір ерекшелігі, қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған шаралар тұрақты назарда болғандықтан, кадрларға да ерекше назар аударылады, кәсіби үйретудің түрлі тәсілдері қолданылады. Оған өз бетінше оқып-үйрену, семинар-кеңес өткізу, тәжірибе алмасу, озат қызметкерлердің тағлымын пайдалану сияқты игі істерді айтуға болады. Осындай жолдардан өткен маған және мен сияқты қаншама қызметкерлер өз істеріне төселіп, тәжірибелі маман болып қалыптасуларына септігі тиді. 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап ОҚО Әділет департаментінің басшысы қызметіндемін. Бүгінде өзім жүріп өткен жолдардан кейінгі толқын мамандарды да баулуға барынша әрекеттеніп бағудамыз.
— Бүгінгі қызметіңізге байланысты, департаменттің жұмысы және бірінші кезекте басшылыққа алынуы тиіс мәселеге тоқталсаңыз.
— Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сай негізгі алты бағыт айқындалған. Олар:
1. Заңнаманы жетілдіру, сапалы норма шығару қызметі;
2. Сот актілерін орындау институтын жетілдіру;
3. Сот –сараптамасы қызметін арттыру;
4. Зияткерлік меншік саласындағы қызметті параметрлері;
5. Әділет органдары ұсынатын мемлекеттік қызмет көрсету сапасы;
6. Азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және білікті заң көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Осы негізгі басымдықтарды  басшылыққа ала отырып, Әділет департаменті Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8-ақпанындағы №95 Қаулысының бекітілген «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған  Стратегиялық жоспарын» орындау мақсатында әрі халыққа қалтқысыз қызмет көрсету аясында белгіленген жұмыс жоспарына сай еңбектеніп келеді.
— Бүгінде өзіңіз айтқан алты басымдық тұрғысында толығырақ  айтып бере аласыз ба?
— Бірінші стратегиялық бағытқа қатысты сапалы норма шығармашылық процесін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық әділет органдарының нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеуден бас тарту үлесін (мемлекеттік тіркеуге ұсынылған нормативтік –құқықтық актілердің жалпы санынан) азайту, атап айтқанда, 2012 жылы аталған 11пайыздық  үлесті 2013 жылы 10 пайызға түсіру көзделген. 2013 жылдың бірінші жарты жылдығында 79 нормативтік-құқықтық актілер мемлекеттік тіркеуге ұсынылса, оның 5-і тіркеуден бас тартылған. Бұл мемлекеттік тіркеуге ұсынылған нормативтік-құқықтық актілердің 6,3 пайызын құраған. Аталмыш стратегиялық бағытта тікелей нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында нормативтік-құқықтық актілер мониторингін жүргізу, мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілерді жасау сұрақтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және әдістемелік көмек көрсету, мемлекеттік органдардың заң қызметкерлерімен норма шығармашылық қызметін жетілдіру  мәселелері бойынша семинар-кеңестер өткізу тапсырылған.
Көрсетілген мерзімде Әділет департаментімен жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың нормативтік-құқықтық актілеріне жүргізілген мониторингі нәтижесінде 47 нормативтік-құқықтық акті анықталып, заңды бұзуды жою туралы ұсыныс жолданды. 2013 жылдың екінші тоқсанында жүргізілген мониторинг нәтижесінде 28 акті анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Мемлекеттік органдардың норма шығармашылық қызметін жетілдіру мақсатында 4 семинар өткізіліп, 2 лекция тыңдалды. Жергілікті атқарушы өкілетті органдардың ауылдық (кент, поселка) округ әкімдері аппараттарының заң қызметкерлері тағлымдамадан өткізілді.
Стратегиялық бағыттың 1.1.3 –міндеттерін жүзеге асыру көрсеткіштеріне келер болсақ, нормативтік-құқықтық  актілердің жүйелендірілген және толыққанды деректер қорына жалпыға бірдей тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша 2012 жылдың қаңтар айынан бастап республикалық құқықтық –ақпарат орталығымен интернет желісі арқылы нормативтік-құқықтық актілер деректер қорына халықтың қолжетімділігі үшін «Әділет» дерек-қорын ашуға қол жеткіздік. Аталмыш дерекқорды насихаттау мақсатында облыстың барлық мемлекеттік органдарына хат жолданды. Басым бағыттың тағы бірі-мемлекеттік бақылау субъектілеріне жоспарлы тексерістер санын азайту болғандықтан, көрсетілген органдарда тексерулер жүргізілген жоқ.
Ал, бесінші стратегиялық бағытта Дүниежүзілік сауда және Дүниежүзілік зияткерлік меншігі ұйымның талаптарына сәйкес, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншікті дамыту үшін  Қазақстанда қолайлы жағдайлар қалыптастыру көзделген. Аталмыш бағыттың 5.1.1-міндеттері негізінде зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды авторлық құқық объектілерін пайдаланушылармен құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы құқық бұзушылығы үшін жауапкершілікке тарту арқылы жүзеге асыру міндеттелген.
Зияткерлік меншік құқығы саласындағы түсіндіру жұмысын күшейту мақсатында биылғы жылдың бірінші жарты-жылдығында 24 дөңгелек үстел, 33 семинар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 30-дан астам мақала жарияланып, теледидар мен радио арқылы 23 сұхбат беріліпті. Жоғары оқу орындарын да және кәсіпкерлер үшін 172 арнайы дәріс өткізілді. Шығармашылық әлеуеттің дамуына және өнертабысқа, өнеркәсіп үлгілеріне, басқа да зияткерлік меншік объектілеріне жаңа идеяларды іске асыруға ықпал ететін барлық мүмкіндіктерді қарастырып бағудамыз. Заңды мойындамағандарды жауапкершілікке тартудан басқа амалымыз жоқ.
— Өзгенің меншігін өзініңкіндей көріп, жасырын жолмен табыс таппақ болғандардың аттарын атап, түстерін түстеп бере аласыз ба?
— Пайдалы модельдің құқық иегері және патент иеленуші «Zerecon» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арызы бойынша №594 патентімен қорғалған пайдалы модельдің заңсыз пайдалану фактісі анықталып, жеке кәсіпкер А.Падеровке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 128 бабымен әкімшілік іс қозғалып, іс материалдары департамент басшысы орынбасарымен қаралды. Нәтижесінде құқық бұзушыға 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Мұнан бөлек, «Дисперчерлік қызмет орталығы» ЖШС-нің қызметінде  дәл осы №594 патентімен қорғалған пайдалы модельдің заңсыз пайдалану фактісі анықталып заңды тұлғаға және оның лауазымды  тұлғасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 128 бабы бойынша 2 әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзушы тарапқа 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, тиісті қаржы өндірілді. «ЭРДЖИБРЕНДС-Қазақстан» компаниясының арызы бойынша «Пиала» тауар таңбасын заңсыз пайдаланудың 10 фактісі белгілі болып, ҚР ӘҚБтК-нің 145 бабымен 10 әкімшілік іс қозғалды. Заңсыз айналымнан контрафактілік шәй өнімдері алынып, құқық бұзушылардың барлығына тиісті мөлшерде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, авторлық және сабақтас құқығы объектілерін интернет желісінде заңсыз пайдаланудың 6 фактісі анықталды. Кінәлілерге ҚР ӘҚБтК-нің 129 бабының 3 бөлігімен 6 әкімшілік іс қозғалып, «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Жалпы, жыл басынан бері меншік құқығы саласындағы құқық бұзушылыққа қарсы 36 тексеру жүргізілсе, «Зияткерлік меншік саласындағы әділет, қаржы полициясы және ішкі істер органдарының өзара іс-әрекеттерінің тәртібі туралы» Әділет министрінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының, Ішкі істер министрінің бірлескен бұйрығына сәйкес, құқық қорғау органдарымен бірлесіп 30 тексеру ұйымдастырылды. Тексеру нәтижесінде 80 құқық бұзушылық фактісі анықталып, 33551120 теңгенің 33424 дана контрафактілік өнімдері  заңсыз айналымнан алынды. Аталған құқық бұзушылыққа байланысты 80 әкімшілік іс қозғалды. Сот қаулыларына сәйкес, құқық бұзушыларға 2977320 теңге көлемінде айыппұл салынды. Осындай жүйелі жұмыстарымыздың нәтижесінде құқық иелерінің заңды құқықтары қорғалды. Айтайын дегенім, әр адам өз құқығын жетік білсе, әділетсіздіктің де орын алмасы анық.
Алтыншы стратегиялық бағыт бойынша әділет органдары ұсынатын мемлекеттік қызметтердің сапасын, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және білікті заң көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін басты назарда ұстануға тырысамыз. Әділет органдары электрондық  жүйеде көрсететін қызметтер үлесін 2013 жылы 25 пайызға жеткізуді мақсат тұтып, жыл басынан бері «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы 660 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеуден өтті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 58 пайызға артты. Жұмысты одан әрмен жандандыру мақсатында аудандық, қалалық әділет басқармаларымен бұқаралық ақпарат құралдары арасында берік  байланыс орнап, халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
— Ереке, халықтық басым бөлігі әділет органдарына хал актілерін және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша жүгінетіні рас. Бұл тұрғыда өздеріңіз тараптан қандай қолжетімділік негіздері жүзеге асырылуда?
— Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету Комитетінің алқа хаттамасы шешіміне сәйкес аудандық, қалалық әділет басқармаларына некеге тұрушыларға психологиялық көмек көрсету мақсатында «Жас отбасы клубын» ашу жөнінде тапсырма берілді. Осы тұрғыда облыстық СПИД орталығы, денсаулық сақтау басқармасы, жастар орталықтарына клуб мүшелерінен іріктелген комиссия белгіленіп, бүгінгі күнге дейін 300-ден астам некеге тұрушыларға психологиялық көмек көрсетілді. ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 179-бабына сәйкес жергілікті жерлерде ауылдық, поселкелік әкімдер тарапынан азаматтық хал актілерін тіркеу үшін құжаттарды қабылдау жөнінде облыс әкіміне хат жолданды. Азаматтық хал актілерін тіркеу тәртіптері мен мерзімдері туралы және интернет арқылы электронды өтініштер қабылданатыны тұрғысында халық арасында насихат жұмыстары белсенді жүргізілуде. Нәтижесінде барлық аудандық,  қалалық әділет басқармаларында электронды өтініштердің саны артып, жыл басынан бері 3548 неке қию туралы өтініштер қабылданған. Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен өзара байланыс орнату үрдісі сақталып, бұл бағыттағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жұмысын ұйымдастыру саласы бойынша  27 сәуір 2012 жылы ҚР «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, 2013 жылғы қаңтардың 1-нен бастап жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу электрондық түрдегі нұсқасы балама ретінде енгізілді. Бүгінгі таңға дейін жалпы облыс бойынша 2384 электорндық тіркеу жүзеге асырылып, республика көлеміндегі рейтингтік көрсеткіш те біздің облыс  бірінші орынды иеленді.
Қазіргі таңда облыс бойынша 354 адвокат, 353 нотариус барлық қалалар мен аудандарда, облыс орталығында халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Мемлекеттік қызметтердің сапасын, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және білікті заң көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетіміз болғандықтан, облыс аумағының барлық елдімекендерін адвокаттық және нотариаттық қызметпен қамтуға ден қойып келеміз. Жоғарыда айтқандарымнан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы №95 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын» орындау бойынша департамент тарапынан жүргізілер жұмыстар әрмен қарай өз жалғасын таба беретіндігін баса айтқым келеді. Мұны уақыт, заман талабы деп түсінген жөн.
— Ереке, қойылған барлық сауалдарымызға салихалы да, байсалды жауап бергеніңіз үшін алғысымызды айта отырып, алдағы еңбектеріңізге де тек қана жетістіктер мен сәттілік тілеп, мәртебелеріңіздің үстем болуына тілектеспіз.
— Рахмет!
Сұхбаттасқан
Ердәулет СҰЛТАН.

Сіз не дейсіз?

Алмасбек Мамытбеков,
«Нұр Отан» ХДП ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

5 (3)— Ерлан Сламханұлы жігерлі әрі қарапайым азамат. Болашағынан үлкен үміт күттіретін кәсіби маман, білікті басшы ретінде өз басым оны орынды бағалаймын. Оның бойында ұлттық рух, ұлттық қасиет басым. Департаментті басқарғалы бергі уақытта көптеген ауқымды тірліктері қолға алды, жаңашылдыққа бет бұрды, уақыт көшінен  кейін қалмауға ұмтылды. Жетістіктеріне қалай желпінсе де жарасады, көрсеткіштері көңіл қуантады. Ерекең әлі қамал алар жасқа жеткен жоқ, әйтесе де отызында орда бұзған оған қамал алу аса қиын емесіне сенемін.

Сіз не дейсіз?

Мұхит Әлі,
ОҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

5 (2)— Ерлан Дауылбаевпен бірнеше жыл бірге істес бола жүріп байқағаным, ол жауапкершілікті терең сезінетін, мемлекеттің мүддесі үшін барын аямайтын азамат екендігі. Жеке басынан гөрі, көптің мәселесіне көбірек алаңдайды, «менде болғанша, елде болсын» дейтін мәрттігіне тағы бар. Оның қызмет барысында үлкен лауазымдарға көтерілуі-біріншіден, өз жұмысын жетік білетіндігі, екіншіден, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтыны, үшіншіден, көпшілікпен тез тіл табысып, көптің мүддесіне қызмет жасайтыны. Осы қасиет Ерлан Сламханұлын биіктерге көтерді. Оның әлі де талай биіктерді бағындыратынына да күмәнім жоқ.

Сіз не дейсіз?

Жеңісбек Мәуленқұлов,
ОҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

5 (1)— Тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар бүгінгі жастардың жігерлігіне қарап сүйсінемін. Олардың бойларында бәрі бар: қайсарлық та, білім мен біліктілік те. Ерлан Дауылбаев сынды ел азаматтарымыз көп болса,  ертеңіміз бүгіннен де артық болары сөзсіз. Жалпы, бұл азамат жайлы айтарым, іскер әрі тәжірибесі мол. Жас болса да көргені мен түйгені барына көзім жетті. Байсалдылығы мен байыптылығы танымы мен түйсігі бар, азаматтығына парасаттылығы жарасқан Ерлан Сламханұлы сынды азаматтарына қашанда қолдау көрсетіп, тиісті жерінде демеп отырғанымыз абзал. Отыз бес жасында департамент басқарып отырған азаматтар некен-саяқ. Оның министр болғанын көрсек, таңқалмаймыз. Өсетін, өрлейтін-ақ азамат.