«ҰҚК кесірінен Еуропарламентке бара алмай қалуым мүмкін»
Жанболат МАМАЙ, «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі:
― Дәл қазір Сіздің үстіңізден әлеуметтік араздықты қоздырды деген ауыр айып бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жаңаөзенге бірнеше рет барып, мұнайшыларды қолдағаныңыз үшін. Мұнымен қатар Сізге «ұйымдасқан қылмыстық топ қатарында болды» және «конституциялық құрылымды күшпен құлатуға шақырды» деген айыптар тағылуы мүмкін екенін де айттыңыз. Жаңаөзен мұнайшыларына барған кезде осындай айыптар тағылуы мүмкін екенін білдіңіз бе? Ереуілдегі мұнайшыларға неге бардыңыз? Мұнайшыларға не себепті қолдау білдірдіңіз?
― Иә, қазір шынымен де осындай айыптардың тағылуы мүмкін екені рас. Жаңаөзенге барып, мұнайшыларды қолдаған кезімізде, әрине, жағдай тура осылай өзгереді, билік халыққа оқ атады, ондаған адам қаза табады деген нәрсе ойымызға да кірмеді. Десек те, халықтың ашулы, наразы екенін көрдік, егер бұл мәселені бейбіт жолмен шешпесе, арты жақсылыққа апармайтынын іштей сездік, көрдік. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айттық та. Бірақ, оған билік құлақ асқан жоқ. Ақорда мұны білмеді, түсінбеді дегенге сену қиын. Ереуіл болған Маңғыстау өңірінде жүздеген арнайы қызмет өкілдері, күштік құрылымдардың тыңшылары қаптап жүрді. Олар мәселені бастан аяқ бақылап, қадағалап жүрді. Сонда бір екі рет барғанда біз байқаған жайтты күні-түні осы өңірді аңдып жүрген арнайы қызмет өкілдері түсінбеді дейсіз бе? Әрине, түсінді. Бірақ, олар бұл мәселені шешкісі келмеді. Жаңаөзендегі мұнайшылар проблемасына назар аударып, талаптарын орындасақ, ертең басқа өңірдегі халық ереуілге шығады деп болжаған шығар. «Халық алаңда тұрады, әбден шаршап шалдыққан соң өздері ақ үйлеріне тарап кетеді» деп ойлады билік. Ал бас көтеріп, тіпті наразы болып жатса, «түрмеге қамаймыз, күшіміз де, әскеріміз де оларды басуға жетеді» деп есептесе керек. Мәселенің шешілмеуі осыдан деп санаймын. Ереуілде жатқан маңғыстаулық мұнайшылардың арасына баруды, оларды қолдауды өзіме парыз санадым. Себебі, мен қоғамдық саяси ұйымға жетекшілік етемін, тәуелсіз журналистпін, «Азат» ЖСДП партиясының төралқа мүшесімін. Менің пікірімше, қайсыбір партия немесе саяси ұйымның өкілі болсын, мұнайшылардың бел ортасында жүруі керек еді. Мейлі, ол «Нұр Отан» болсын, мейлі оппозициялық партия болсын. Оның үстіне, мұнайшылардың әділетті талап көтеріп жатқанын айқын түсіндім. Егер ереуілге бір немесе он адам шықса, олар өз басының қамын күйттеген адамдар деп мәселені жылы жауып қоюға болар еді. Ал бұл ереуілге мыңдаған адам шықты! Олардың барлығы жақсы өмір сүрсе, жалақылары жоғары болса, ереуілге шыға ма? Жоқ, әрине! Олардың проблемасын өз көзіммен көріп, түсініп, білу үшін бардым ереуілдегі мұнайшылардың арасына. Олардың жан айқайын мақалалар, сұхбаттар, бейбіт наразылық акциялары арқылы жеткізгім келді. Күш-жігерім жеткенше жеткіздім де биліктің құлағына. Бірақ, бүгінгі билік жүйесі халық мәселесін шешуге құлқы жоқ екенін айқын аңғартты. Десек те, шынайы ақпаратты елемеу, оны тыңдамау, халық мәселесін орындамау қандай жағдайға алып келетінін бәріміз көрдік. Жаңаөзендегі жағдай биліктің кінәсі. Оған айыпты да, жауапты да тек қана билік. Түптеп келгенде, президенттің өзі мұнайшылардың талабы орынды екенін мойындады. Олай болса, мұнайшылар мәселесін шешу үшін алдымен оларды қырып-жойып, халықты қанға батырып, оларды соттау керек пе еді? Неге бірден осы мәселе шешілмеді? Бұл сұрақтарға жауап анық тәрізді.
Ал қылмыстық топ пен конституциялық құрылымды құлатуға қатысты айтсам, мұның бәрі ойдан құрастырылған ақымақ сценарий дер едім. Біз саясатпен ашық айналысып, өз ой пікірімізді бүкпесіз білдіріп жүрген еркін ойлы адамдармыз. Ақордаға жақпайтыны да осы болса керек. Сол себептен бізді «қылмыскер», «конституциялық құрылымға қауіп төндіруші» ретінде көрсеткісі келеді. Біз үнемі бейбіт жолмен наразылық танытудың жолын ұстандық. Олай болса, маған қылмыстық топ құрудың не қажеті бар? Ешқандай да! Қылмыстық топ болғасын, ол қылмыс жасауы керек емес пе? Біз қандай қылмыс жасаппыз? Мұнайшыларға барып, оларға қолдау білдіргеніміз бе? Ол қылмыс емес! Мұны Назарбаев та айтты. «Жазда да, күзде де келгім келді, мені алдады, жібермеді» деді. Онда президенттен де сотта жауап алсын. Ол неге «қылмыскерлердің» ізімен мұнайшыларға барғысы келеді? Мүмкін оның да өз мүддесі болған шығар? Сондықтан биліктің ҰҚК қолымен жауып отырған жаласы нағыз абсурд!
―Сізді және Болат Атабаевты Еуропарламент депутаттары шақырып, Брюссельде Қазақстандағы қазіргі жағдайға қатысты баяндама жасауға шақырыпты. Сіз бұл жиынға қатыса аласыз ба?
― 23 қаңтар күні үйде жүргізілген тінтуден және ҰҚК тергеуінен соң маған «күдікті» статусы берілген еді. Ал 1 ақпан күні қылмыстық іс бойынша «айыпталушы» атандым. Соған байланысты мен Алматыдан ешқайда кетпеу туралы қолхат бердім. Шетел тұрмақ, Қазақстанның басқа қаласына да бара алмаймын. Бару үшін ҰҚК тергеушілерінен арнайы рұқсат алу қажет. Еуропарламент депутаттарының Брюссельге шақырғаны рас. Елдегі жағдайға қатысты, Қазақстанда болып жатқан қудалауға қатысты пікірімізді білгісі келеді. Бізге қарсы қозғалған қылмыстық істің мән жайын өз аузымыздан естуді қалайды. Бұған дейін де мұнайшылар мәселесіне қатысты Брюссельдегі жиында сөз сөйлегенмін. Мені қылмысты етуге тырысқан ҰҚК Брюссельге жібермеуге бар күшін салары анық. Десек те, мен ҰҚК-дан рұқсат беруді талап етемін. Брюссельге кетіп, құқық қорғау орындарынан бой тасаламайтынымды, ешқайда қашпайтынымды, Еуропарламент отырыстары аяқталған соң елге қайтатынымды ескертемін. Қазақстаннан басқа жерде бір аптадан артық өмір сүре алмайтын мен үшін елден қашу мақсат емес! Ал рұқсат бермесе, бұл Еуропарламентте де үлкен дау тудыратын мәселе болмақ. Еш кінәсі дәлелденбеген, халыққа көмек көрсеткен адамдарға қысым көрсетіп, оларды елден шығармау Еуропа үшін жат, таңсық әрекет болмақ! Оның үстіне, мен өзімді «қылмыскермін» деп санамаймын. Егер билік ісімізді сотқа дейін жеткізген жағдайда, Жаңаөзен процесінде де «қылмыскер» ретінде қатыспаймын, керісінше, биліктің ауыр қылмыстарын әшкерелеуші ретінде боламын. Менің бұған моральдық құқым бар деп санаймын. Себебі, бірнеше ай бойы ереуілдеген халықтың ортасына биліктің бірде бір өкілі бармаса да, олардың ішінде біз жүрдік.
― Мұнайшылардың талабы орынды болды дейсіз. Ал бір кездері олардың құқын қорғаған заңгер Наталья Соколова «заңсыз әрекеттер орын алды, әлеуметтік араздықты қоздырдым» дегенді ашық мәлімдеді. Өз кінәсін мойнына алды. Демек, ереуіл о бастан заңсыз екенін мойындады ғой?
― Сұрағыңыздың астарын түсіндім. «Бостандыққа шығарамыз» деген соң оның «мойындамайтын» амалы қалмаған сияқты. Қалай мойындағанын да ішім сезіп отыр. Сәби, баласы бар. Десек те, мен оны айыптаудан аулақпын. Соколова өз қызметін дұрыс атқарды. Мұнайшыларды қорғады. Күш жігерін салды осы іске. Оны түрмеге қамады, қудалады. Ол өз қолынан келгенінің бәрін жасады. Енді оны жерден алып жерге салудың қажеті жоқ. Егер шындап келсек, Соколова қазақты қорғаған батыл әйел. Маңғыстау өңірінде тұратын сонша қазақ заңгердің арасынан неге біреуі шығып, мұнайшыларды, өз қандастарын қорғамады? «Тіл, тіл, ұлт, ұлт» деп аттандай беретін зиялысымақтың біреуі неге жүз пайыз қазақтың арасына бармады? Ал Соколова оларды қорғады, қолдады. Өз жұмысын сол үшін тастап кетті. Сондықтан, іштей Соколова мұнайшылардың мәселені дұрыс қойғанын біліп отырса да, сырттай «менікі дұрыс болмады» деп мойындауға мәжбүр. Бірақ, уақыты келгенде мұның да ақиқаты ашылады деп сенемін.
― ҰҚК нің үйіңізде тінту жүргізгені, қатты қысымға алуы Сізді өз позицияңыздан қайтара ма? Билікті не себепті қатты сынап, оппозициялық күштердің қатарында жүрсіз?
― Жоқ, қайтармайды. Авторитарлы елде азат пікір білдіретін азаматтарға қысым жасау қалыпты нәрсе. Мен саясатқа, журналистикаға, қоғамдық ұйымдарға біреудің жетегімен келген адам емеспін. Өз еркіммен, өз таңдауыммен аяқ бастым мұнда. Ең алдымен, бірнеше студент болып бірлесіп Алматыда «Рух пен тіл» клубын құрдық. Қоғамдық саяси мәселелерді студенттерді жинап талқыладық. Одан соң журналистік қызметім басталды. Республикалық «Жас Алаш» газетінің ең өткір, батыл журналистерінің бірі атандым (оқырмандар пікірі бойынша). Түрлі саяси партиялар қатарына қосылуға шақырды. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясы да бар. Бас тарттым. «Азат» пен ЖСДП партиясы қосылған кезде партия мүшесі болдым. Партияның бағытын қолдайтындықтан, оның қатарына бірқатар мықты тұлғалар қосылғандықтан, келісім бердім. Содан бері Қазақстандағы ең ірі оппозициялық партияның президиум мүшесімін. Дәл қазір Жаңаөзенде жапа шеккен азаматтарға гуманитарлық қолдау беру ісімен шұғылданып жатырмыз. Қазақ жастарының саяси сауатын көтеріп, көзін ашу мәселесімен де айналысудамыз. Қашан да әлеуметтік әділдік үшін күресті тоқтатпаймыз. Егер халыққа қолдау қажет болса, олар әділетсіздікке ұрынып, теперіш көріп жатса, біз қолдау беруге дайынбыз. Біздің қолымыздан келетіні олардың арасында болу, қолдау көрсету, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы олардың проблемасын көтеру, қоғам мен билік назарын олардың мәселесіне аудару. Өз позициямнан қайтпаймын. Билікке қатты қатты сын айтуға келсек, қазақта «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Билікке сын айту қалыпты жағдай. Бірақ, Ақорда мұны өте ауыр қабылдап, өзіне сын айтқандарды «халық жауына» айналдыратын әдеті бар екені рас. Біздің айтып жатқан сынымыздың көбі халықтың аузынан да шығып жатыр. Ақпан айының аяғында өткен митингіге қараңыз. Ол оның алдында оппозицияның қатысуымен өткен қаңтар айындағы митингіден гөрі әлдеқайда батыл, өткір, ащы болды. Ол митингіні қарапайым халықтың өзі жүргізді. Осының өзі қарапайым жұртшылықтың қаншалықты радикалды саяси бағытқа ауысқанын айқын танытады.
― Мұнайшылардың сотынан соң Ақтауда немесе Жаңаөзен қаласында Сіздің сотыңыз да басталады. Биліктің қандай үкім шығарып, Сіздерге қатысты қандай шешімнің болатыны әлі белгісіз. Бүгінгі соттардың тапсырыспен ғана қимылдайтынын ескерсек, билікке қауіпті саясаткер ретінде Сізді де түрмеге қамауы әбден мүмкін. Егер билік мұндай шешім қабылдаса, Сіз әлемдегі ең жас саяси қудаланған адам атанасыз. Сіз бұған дайынсыз ба?
― Қылмыс жасамай, тек қана өз пікіріңді ашық білдіргенің үшін түрмеге отыру, әрине, жақсы емес. Бұл мені де емес, менің көзқарасымды, позициямды, ой пікірімді, ақыл парасатымды соттау болмақ. Егер билік осындай қадамға барғысы келсе, мен дайынмын. Ақордадан кешірім сұрап, «енді бұл жолдан кетемін, саясатпен айналыспаймын» деп айтпаймын. Әділдік үшін күресті жүргізе беремін. Егер мені түрмеге қамаса, бұл орынды басатын адамдар табылады. Мен өз күресімді тоқтатпаймын және биліктің түрмесінен қорықпаймын.
― Сіз Қазақстандағы жағдайды қай тұрғыдан өзгерткіңіз келеді? Ұлттық мүддені қорғауды қалай түсінесіз?
― Ұлттық мүдде деген сөз, ең алдымен, мемлекеттік мүддені қорғау деген сөз. Қазақстандағы мемлекетқұрушы ұлт кім? Қазақ ұлты. Олай болса, қазақ ұлтының әлеуметтік экономикалық, саяси құқықтық мәселесін шешпей, мемлекетте, елде тыныштық орнату мүмкін емес. Жаңаөзен мен Шаңырақтағы оқиғалар соның айқын көрінісі. Бұл оқиғаларға қатысқандардың барлығы дерлік қазақтар. Бұл нені көрсетеді? Қазақ ұлтының әлеуметтік, құқықтық, саяси проблемасының ушығып тұрғанын аңғартады. Бұл проблемалар шешілмей, елде тыныштық орнамайды. Бүгін Жаңаөзен мен Алматыда көтерілсе, ертең Шымкент пен Қызылорда халқы бас көтеруі мүмкін. Себебі, ел ішінде наразылық бар. Өз жағдайына, позициясына көңіл толмаушылық бар. Оны жасырып жабу мүмкін емес қазір. Сондықтан, қазақ ұлтының проблемасымен жан-жақты айналысу керек. Оны шешу қажет. Қазақ ұлтының проблемасын шешу басқа ұлттарға немқұрайлы қарау, оларды кемсіту деген сөз емес. Керісінше, қазақ ұлтының проблемасын шешу елдегі жағдайды тұрақтандыру, тыныштық орнату деп қабылдау керек. Қазақ ұлты өз жағдайына көңілі толмаса, өзін өзге диаспоралардан төмен сезінсе, бір күні бұл әлеуметтік жарылысқа алып келуі мүмкін емес пе? Әбден мүмкін. Тіл, діл, дін мәселесін де ұмытпауымыз тиіс. Мемлекеттік тілді өзге диаспоралардың, орыстілді қазақтардың үйренуіне жағдай жасау керек. Дәл қазір Қазақстан аумағында бар жоғы алпысқа тарта тіл үйрету орталығы жұмыс істейді. Он алты миллион халыққа бұл тым аз емес пе? Жүздеген мың адамға бір орталықтан келеді деген сөз бұл. Тілді дұрыс үйрену үшін оны үйрететін орталықтар саны көп болу керек, мықты мамандар, оқыту базасы қажет. Бұл үшін билік тарапынан саяси ерік-жігер керек. Парламент те, үкімет те, жоғары билік те орыс тілінде сөйлейтін жағдайда мемлекеттік тілдің мәртебесін қалай көтеруге болады? Көтере алмаймыз. Сондықтан, ұлттық мүддені шешу дегеніміз жалғыз тіл емес, кешенді түрде қазақ проблемасын жан-жақты сарапқа салып, оны дұрыс бағытта қарастыру. Сонда ғана біз елде, мемлекетте саяси тұрақтылық орната аламыз.
Ал тұтастай алғанда, Қазақстанға түбегейлі саяси, экономикалық реформалар қажет деп санаймын. Әділ, ашық әрі таза сайлау өткізу процесін қамтамасыз ету керек. Жаңаөзендегі тәрізді жағдай қалыптасқанда жұмысшылармен мәселені бейбіт шешудің механизмін жасау керек. Әлеуметтік әділдік орнату қажет. Ат төбеліндей топтың миллиардтаған долларға ие болып, миллиондаған халықтың бір жапырақ нанға зар болуын тоқтату керек! Әлеуметтік араздықты қоздыруды тоқтату керек билік тарапынан.
― Сұхбатыңызға рахмет!
Инга ИМАНБАЙ, Алматы.