ШЫМКЕНТТІҢ ШАТҚАЛДАРЫ САЯБАҚҚА АЙНАЛАДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысында «Шатқал» бағдарламасы қабылданды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Елімізде алғаш рет қолға алынған бағдарлама аясында биыл Шымкент аймағындағы 100 гектарға жуық сай-салаларда 5 саябақ кешені салынады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев, Табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
– Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен арнайы бағдарлама қабылданып, өңірдегі табиғи шатқалдарда демалыс орындарын қалыптастыру жұмыстары басталды. Саябақ салуға бос жері жоқ Шымкентте мұндай сай-салалар мен жасыл белдеудің жалпы көлемі 16,8 мың гектарды құрайды. Қараусыз қалған шатқалдарды көгалдандырып, инфрақұрылым жұмыстарын жүргізіп, субұрқақтар, аяқжолдар, ашық театрландырылған сахналар, тағы басқа да халыққа қызмет көрсету орындарын салып, демалыс кешендеріне айналдырамыз. Осындай жобалар жасап, жүзеге асыру облыстағы басқа аудан-қала басшыларына міндеттелді, – деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев.
М.Отаршиевтің айтуынша, қаланың жасыл белдеуін қалыптастыру мақсатында 5 мыңнан астам гектарда 4 миллион 200 мың түп көшет егілген. Оның 52 мыңы соңғы үш айда отырғызылған. Оған шатқалдарды қосқанда наурыз айына дейін тағы 100 түпті егу жоспарда бар.
«Өңіріміздегі ең үлкен «Жасыл желек» тұқымбағында талдың 40-тан астам түрі бар. Бүгінде онда 3,5 миллионға жуық көшет өсірілуде. Бұдан басқа Орман шаруашылығының жекелеген тұқымбақтарынан да көшет алуға болады» деді басқарма басшысы М.Отаршиев.
«Шатқал» бағдарламасы бірінші кезеңінде салынатын 5 шатқалды алғашқысына 2017 жылдың 14 қаңтарында 1718 түп көшет егіліп, «Шымсая» деген атау берілді. 25 гектарға қарағай, арша, емен, шаған, талшын секілді бойшаң ағаштар отырығызылды. Сенбілікке студенттер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен орман шаруашылығы қызметкерлері, жалпы саны 600-ден астам адам мен 20-дан астам техника жұмылдырылды.
«Шымкенттегі 8 саябақ, 30 сквер, 1 дендросаябақтың жалпы аумағы жасыл желекпен қосқанда 300 гектарды құрайды. Мұны миллион тұрғынға шақсаңыз, адам басына бар болғаны 3-ақ шаршы метрден келеді. Бұл бір адамға бір талдан келеді деген сөз. Ал санитарлық талаптар бойынша қалада әрбір адамға 16 шаршы метр жасыл желек болу керек. Сондықтан облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған бағдарлама өте дұрыс. Бірақ қала аумағындағы сай-салаларды көгалдандыру мемелекеттік қызметкерлердің ғана міндеті болып саналмайды. Оған баршамыз атсалысуымыз керек» – деді қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов.
Шатқалдардағы саябақтарда мәдени кештер ұйымдастырылатын амфитеатрлардан бөлек балалар алаңшасы, шахмат пен дойбы алаңы, веложолдар, спорттық жаттығу алаңдары салынып ел игілігіне беріледі.