КӘСІПКЕРЛІК САЛАДА ОҢ ӨЗГЕРІС КӨП

156
0

Қала әкіміне кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының 2022 жылдың І жарты жылдығының қорытындысымен атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда: өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, ШОБ субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен.

Биыл өнім көлемі 856,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар.

Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында; ЖӨӨ ШОБ үлесі бойынша үшінші орында; ШОБ-те адам саны бойынша төртінші орында болса; ШОБ өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған.

Есепті тыңдаған қала әкімі — алдағы жылдары жоспарға қойылған жобаларды кеңінен зерделеуді, индустриалды аймақтардағы кәсіпкерлік нысандарына талдау жүргізуді, өндірістік парктердің тиімділігіне талдау жасауды, көшпелі сауда орындарын бақылауға алуды тапсырды.

Шымкент қаласы инвестиция тарту бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарына кіреді. Қалада қазіргі уақытта жаңа индустриалды аймақтар ашу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде инженерлік инфрақұрылым тартылып жатқан индустриалды аймақта болашақта бірқатар кәсіпорындар ашылмақ. Мұның өзі екі қолға бір күрек таппай жүрген мыңдаған азаматты тұрақты жұмыспен қамтуға сеп болмақ.

Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсібін ашып, нәсібін тауып отырған азаматтардың саны да уақыт өткен сайын артып келе жатыр. Азаматтарға кәсіптің қыр-сырын үйрету бағытында да ауқымды бастамалар көтеріліп келе жатыр.